«Денсаулық» медициналық пойызы Маңғыстау облысының 10 шалғай стансасы бойынша сапарын аяқтады. Пойыз мамандары жергілікті тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетіп, бірқатар ауыр сырқаттарды анықтап, одан әрі емделу мен тексерістен өту үшін жолдамалар берді.
Ересектер мен балалар арасында анықталған аурулардың көбі сан жағынан да, ауру дәрежесінің күрделілік деңгейі бойынша да өңірден өңірге барған сайын өсіп келеді. Бұл жолы медициналық пойыз мамандары бірқатар ауыр онкологиялық және жүрек-қан тамыр ауруларының анықталуының куәсі болды. Маңғыстау облысындағы медициналық тексерулердің статистикасы келесідей: жалпы 10 823 дәрігерге келу тіркелген, дәрігерлер 2 306 пациентті қабылдаған, оның ішінде 481 бала. Медициналық пойыз шағын хирургиялық оталар жасауға және скринингке қажетті барлық техникамен жабдықталған. Осылайша пойызда 181 ФГДС процедурасы, 717 УДЗ (УЗИ) және 233 флюорография жасалды. Маңғыстау облысында тұрғындар ең көп барған дәрігерлер қатарында стоматолог, офтальмолог бар. Тіс дәрігері 832 адамды қабылдаса, көз дәрігері 820 адамды тексеріп үлгерген.
«Маңғыстау облысының тұрғындарын тексеру барысында 10-нан астам онкологиялық сырқат анықталды. Оның ішінде: 2 бет терісінің ауруы, 1 ауыз қуысының ауруы, УДЗ нәтижесінде бауырдың метастатикалық зақымдануының 2 жағдайы, 2 бүйрек ауруы, 2 қуық ауруы, 1 қалқанша безі ауруы және бүйректегі қатерсіз ісіктің 3 жағдайы анықталды.
Сондай-ақ науқастардың біреуінде ЭКГ-ны тексеру кезінде бірінші рет екінші дәрежелі синомолекулярлы блокада анықталды - ол бірден Холтер мониторингіне жіберілді. Науқас одан әрі кардиостимуляторды имплантациялау үшін толық тексеруден өтуі керек. Біз барлық пациенттерге қорытынды мен одан әрі емделу үшін жолдамалар береміз», деді Маңғыстау облысы бойынша медициналық бригада басшысы Зулия Камиева.
Медициналық пойыз мамандардың кең спектрі бойынша жұмыс істейтін клиникалары жоқ шалғай аудандарда тегін медициналық көмек көрсетеді. Мұндай көмек ауыр сырқаттардың таралуына жол бермейді. Науқастар дәрігерлер мен медбикелерге кәсіби деңгейде көрсеткен қызметтері үшін алғыс білдіреді.
«Бүгін біздің елді мекенге «Денсаулық» медициналық пойызы келді. Маған дәрігерлердің пациенттерге деген қарым-қатынастары ұнады. Барлығы сыпайы, ұқыпты және өз ісінің шеберлері екен. Әсіресе қарттар өте риза. Медициналық пойыздың бізге жыл сайын келіп тұрғанын қалаймыз», дейді Сай-Үтес бекетінің тұрғыны Бағилаш Бейбітова.
Естеріңізге сала кетсек, жоба 29 сәуірден бастап жүзеге асырылып келеді және оның басты мақсаты – еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарын тегін медициналық қызметпен қамту. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің атсалысуымен жүзеге асырып жатыр.
2019 жылдың 20 тамызында «Денсаулық» медициналық пойызына қосымша «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылған болатын. Бұл «Денсаулық» пойызы сияқты медициналық көмекке қолы жетпейтін шалғайдағы стансалар мен жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді. «Жәрдем» медициналық пойызы қазір Ақтөбе облысын аралауда. Екі пойыздың іске қосылу уақытынан бастап барлығы 40 479 адам тексерістен өткен.
Пойыз вагондары неміс және жапон өндірісінің алдыңғы қатарлы фирмаларының заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар жасауға, рентгенография және флюорографиядан өтуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ-зерттеулер жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
«Егемен-ақпарат»