• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қазан, 2019

Сыбайлас жемқорлық қауіптері аз емес

507 рет
көрсетілді

Жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық қауіптері қазақстандықтар үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Өкінішке қарай, жер қатынастары саласы жемқорлық үшін «құнарлы топырақ» екендігін мойындауымыз қажет. Мұны «Транспаренси Казахстан» компаниясының биылғы жылы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері де дәлелдейді. Жер телімдерін алу, рәсімдеу сыбайлас жемқорлық себептерінің бірі болып отыр.

Қарапайым азаматтар, бизнес өкілдері көп жағ­дай­да жер ресурстарын басқару департа­мент­те­рінде және аудан әкімдіктерінде мәселелерді бейресми шешуге тап болады. Пара алудың орташа мөлшері 5 мыңнан 200 мың теңгеге дейінгі аралықта. Алайда, іс жүзінде сыйақы бірнеше миллионға жететін жағдайлар кездеседі. Мұндай жайттардың жартысында лауазымды тұлғалардың өздері жасанды түрде сыбайлас жемқорлық бастамашысы болуда.

Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың аймақтық деңгейі бойынша Алматы (26,4%), Атырау (9,4%), Түркістан (9,4%), Қарағанды (7,5%), Ақмола (7,5%) және Шығыс Қазақстан (7,5%) облыстары көш бастап тұр. Жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейі жедел-тергеу тәжірибесімен де расталады. Соңғы үш жылдың өзінде 300-ден астам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл құқық бұзушылық үшін 105 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 87-сі сотталды. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандардың ең көп саны Түркістан (20), Маңғыстау (15), Жамбыл (14), Ақмола (11), Алматы (9) және Павлодар (8) облыстарында. Көп жағдайда қылмыстарды жер қатынастары, сәулет, сонымен қатар ауылдық округтер басшылары жасаған. Қылмыстар негізінен алаяқтық, билікті асыра пайдалану және жерді беру кезінде парақорлыққа, мақсатты заңсыз өзгертуге, жалдау құқығын ұзартуға, жерді сату аукционында жеңімпаз деп тануға және т.б. фактілермен байланысты.

Бұл фактілер мен азаматтардың өтініштері жемқор­лық жер қатынастары саласына сіңіп кеткен­­дігін және жағдайды түзету үшін түбегейлі шара­лар қолдануды талап ететіндігін көрсетеді. Осы мәселенің өзектілігіне байланысты агенттік «Ата­ме­кен» ҰКП-мен бірлесіп жүзеге асыратын «Жол картасы» аясында жер қатынастары саласын талдады. Талдау сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін бірқатар себептер мен жағдайларды анықтады. Негізгі проблемалардың бірі – ақпаратқа қолжетімділікті шектеу.

Жергілікті атқарушы органдардың қызметін талдау жұмыстары бұл бағыттағы жұмыстардың жеткіліксіздігін көрсетеді. Белгіленген талаптарға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар өздерінің интернет-ресурстарына жалпы схемалар, егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарлары, коммуналдық қызметтер (тоқсанына бір рет орналастыру) туралы ақпаратты орналастыруға міндетті. Сонымен бірге сайттарға мониторинг жүргізу барысында сайтқа белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын толық емес және шашыраңқы ақпарат орналастырылғанын көрсетті. Бұл мәселені шешу үшін жер қоры мен жылжымайтын мүлік туралы бірыңғай ақпараттық дерекқор құру міндеті қойылды. Бұл жұмысты стандарттау мақсатында осы жылдың наурыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігі Жергілікті атқарушы органдарының геоақпараттық порталдарына бірыңғай талаптарды бекітті.

Сонымен қатар аралық талдау жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) геопорталдарды құру бойынша белсенді жұмыс істемейтінін көрсетті. Халыққа маңызды бұл мәселе пысықталу кезеңінде. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулар жүргізілуде және техникалық шарттар дайындалуда. Осы процесті жандандыру мақсатында агенттік барлық әкімдіктерге тиісті хат жолдады.

Тұтастай алғанда, ЖАО геопорталдарында жер учаскелерінің шекаралары, ғимараттардың контуры, автомобиль жолдары және т.б. деректері бар аумақтардың карталары көрсетіледі деп болжап отырмыз, бұл азаматтардың жер учаскесі туралы ақпаратқа еркін қол жеткізуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы салада мемлекеттік қызметтерді (жер учаскелерін беру, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру және т.б.) онлайн алуға мүмкіндік береді.

Мониторингтің алдын ала нәтижелері түрлі өңірлерде оларды әзірлеуге бөлінген сома 16,5 млн теңгеден 500 млн теңгеге дейінгі ақшаны құрайтынын көрсетеді. Осыған байланысты Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитет атынан уәкілетті орган мен әкімдіктер бұған назар аударуы және мүмкін болатын заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін шаралар қабылдауы қажет.

Тағы бір мәселе, бұл – қызмет алушыларға тікелей байланысты емес жер учаскесін беруден бас тарту негіздерінің болуы. Мұнда мәселе шешімі жергілікті атқарушы органдардың қарамағында болатын негіздер туралы болып отыр. Құқықтық актілерді зерделеу нәтижелері мұндай жағдайлардың бірі бекітілген нақты жоспарлау жобасының болмауы екенін көрсетті. Бұл ретте заңнамада жергілікті атқарушы органдардың елді мекендерді осы жоспарлармен уақытында қамтамасыз ету сияқты тікелей міндеті белгіленбеген. Бұл дегеніміз әкімдіктер оларды әзірлеуге мүдделі емес және жасанды кедергілер жасау үшін бұған саналы түрде барады деген сөз. Толық жобалау жоспарын уақытында әзірлемеудің және бекітудің қосымша себебі қаржыландыру мәселелері болып отыр.

Жер учаскесін беруден бас тартудың басқа да кең тараған себептерінің бірі – негізгі қажетті инженерлік желілердің болмауы. Мәселен, жер учаскесі болғанымен тиісті коммуникациялар болмаған жағдайда, кәсіпкер техникалық шарттарды ала алмайды және құрылысты бастау мүмкіндігі шектеледі. Бұл жерде әкімдік бюджеттік қаржыландырумен шектелмей, мәселені шешудің басқа нұсқаларын іздеп, жүйелі жұмыс жүргізуі қажет деп ойлаймыз.

Жоғарыда айтылған себептер жеке тұрғын үй құрылысы (ЖТҚ) үшін учаске алу кезегі тағы бір мәселенің негізі болып табылады. Жер кодексіне сәйкес, әрбір азаматтың жеке құрылыс үшін жер учаскесін алуға құқығы бар. Алайда, инфрақұрылым (су және электрмен жабдықтау желілері) жүргізілген дайын алаңдардың болмауына байланысты жер учаскесін алу қиын. Еліміздің барлық өңірлерінде кезек бар (мысалы, Ақтөбеде – 137 мың адам, Тараз қаласында – 69,2 мың адам, Көкшетау қаласында – 13,5 мың адам және т. б.). Жалпы республика бойынша кезекте тұрғандар саны шамамен 1,5 млн адамды құрайды, оның ішінде жыл сайын орта есеппен олардың 10 мыңына ғана беріледі. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жер учаскелері мүлдем берілмейді, өйткені Бас жоспарға сәйкес азаматтарды жер учаскелерімен қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте әртүрлі сайттарда жер телімдерін сату туралы хабарландырулар бар, соның ішінде ЖТҚ-ға келетіндері де кездеседі. Яғни, жер телімдерін алған азаматтар оларды игермейді және мақсатты түрде пайдаланбайды.

Кезектілік пен сыбайлас жемқорлық тәуекел­де­рі­нің басқа да себептеріне азаматтардың өтініштерін қарау бойынша рәсімдік мәселелердің жүйелі түрде бұзылуы жатады. Талдау барысында өтініштерді қарау уақыты 3 және одан да көп айға жеткен, яғни мерзімін сақтамау фактілері анықталды. Нәтижесінде, азаматтардың жер учаскесін алу процесі 50 жұмыс күнін алған – бұл негізсіз ұзақ мерзім. Мұндай жағдайлар барлық жерде бар, тек Шымкент қаласының өзінде осындай 120 факт анықталған. Негізінде елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі бірінші кезеңде – 28 жұмыс күнін, екінші кезеңде 22 жұмыс күнін құрайды.

Тағы бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі Жер мәселелері жөніндегі комиссия (жер комиссиясы, конкурстық комиссия) қызметінің ашық еместігі екенін атап өту керек. Жер учаскелерін беру тәсілдерінің бірі – конкурстар өткізу, бұл мемлекет үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді. Тиісті ережелерге сәйкес сауда-саттық өткізу кезінде конкурстық комиссиялар құрылады, оның құрамына тек мүдделі мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары кіреді.

Мұндай тәсіл объективтілікті жойып, шешім қабылдауда қоғамдық бақылау енгізуге кедергі болады. Сондай-ақ рәсімдеу мәселелерінің жетілдірілмеуі жемқорлық тәуекелі болып табылады. Заңнамамен конкурс өткізудің жиілігі мен міндеттері белгіленбеген (конкурс жер телімдері бос болғанда немесе босағанда жүргізіледі). Бұл арам пиғылды шенеуніктерге ыңғайлы норма болып тұр. Егер мұндай талаптар бекітіліп, оны өткізу мерзімінің жобалары белгіленсе кәсіпкерлер жер телімін сатып алуды алдын ала жоспарлай алады. Жер телімін беру конкурсының басқа да көптеген заң бұзушылықтары бар. Мәселен, Жамбыл облысында (2018 жылғы сараптама) конкурс өткізу барысында формальді бәсекелестік белгіленген, атап айтқанда, аукционға қатысушылардың бір мекенжайда тұратыны немесе туыстығы туралы фактілер анықталған. Павлодар облысында (Ақсу қаласында, 2018 жылы 28 мамырда) өзге қатысушылар барлық талаптарға сай келсе де, жер телімі (мақсатты қолдану – шаруа қожалығын жүргізу) қажетті біліктілік талаптары бар тұлғаға берілмеген. Сату барысында орын алған мұндай кемшіліктер аз емес.

Мақсатты қолданылмайтын және жұмыс істемейтін жер телімдерін коммуналдық меншікке қайтару да күрделі мәселенің бірі. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының ауыл тұрғындарымен соңғы кездесуінде назар аударды. Президент қазір 16,5 млн гектар пайдаланылмай тұрғанын атап өтті.

Сараптама нәтижесі мұндай жер телімдерінің көптігін көрсетті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында прокуратура екі мыңға жуық қолданыста емес жер телімдерін анықтады. Алматы облысының Қарасай ауданында 15 жылдан аса заңсыз иелікте болған жер телімдерін қайтару бойынша шаралар қабылдануда.

2003 жылдан бастап бұл жер телімдері бірнеше рет қайта сатылған. 2008 жылы аудандық жер қатынастары бөлімі бастығының осы мәселеге қатысты сотталғанына қарамастан, жер телімдері мемлекеттің меншігіне қайтарылмаған.

Тіпті Нұр-Сұлтанда да жоғары деңгейде бірнеше мәрте тапсырма берілгеніне қарамастан әлі қарастырылмаған жер телімдері бар. Мұндай мәселелер бойынша көптеген шағым түсуде.

Бір жер телімі бірнеше тұлғаға беріліп, ол сотпен аяқталады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында бір азаматтың жер телімінде мемлекеттік бағдарлама бойынша көппәтерлі үй салынып, меншік иесіне жер телімінің лайықты құны өтелмеген және 2017 жылдан бастап бұл істі сот қарауда.

Жер теліміне қатысты мұндай фактілер Шымкент, Атырау және еліміздің басқа да қалаларында орын алған. Біздің ойымызша, мұнда өкілетті органдар мен жауапты лауазымды тұлғалардың тікелей кінәсі бар.

Сараптама барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыру-басқару қызметі де сараланды.

Мұнда кадр мәселелері ерекше маңызға ие. Бүгінде қоғамдағы парасаттылық идеологиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізіне айналды. Бұл ең алдымен мемлекеттік аппараттың ашықтығы, айқындылығы, сонымен қоса барлық қоғамның адалдық және әдептілік стандарттары. Осы ретте сыбайлас жемқорлыққа төзе алмайтын қасиеттері бар мамандар іріктеу бастапқы міндеттердің бірі. Сараптама нәтижесіне жүгінсек, жер мәселелерін шешуге жауапты қызметкерлерді, мамандарды іріктеу жағдайы жақсы емес. Атап айтқанда, Павлодар облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы қызметінде ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылған тұлға жұмыс істейді. Ақтөбеде «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің басшысы қызметін бұрын жемқорлық қылмысы үшін сотталған адам атқарады. Мұндай фактілер басқа өңірлерде де кездеседі.

Біз әрі қарай да мұндай фактілерді анықтап, лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдайтын боламыз. Мәселен, біздің ұсынысымыз бойынша орынбасарлары жер мәселелерін шешуде заңсыз сыйақы алғаны үшін сотталған Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, жер қатынастары бөлімшелерінің қызметкерлеріне қатысты негізсіз сыйақы беру және тәртіптік жазаны алу фактілері анықталды. Мысалы, Екібастұзда жер қатынастары бөлімінің маманы заңмен тыйым салынған тәртіптік жазасы бола тұра, 70 мың теңге сыйақы алған. Шымкент қаласында қызметкерлердің жазасы бұйрық шыққан соң 10-20 күннен кейін алынып тасталған. Ақмола облысында қызметкерден жазаны алып тастау және сыйақы беру бір күнде іске асырылған. Жазаны тез алып тастаудың ешқандай алдын алу әсері болмайды, бұл қызметкерге жазаланбау сезімін ұялатып, жемқорлыққа жол ашады. Осыған орай біз мұндай жағдайларға тұрақты мониторинг жүргізіп, осындай фактілер анықталған жағдайда оны жою жөнінде ұсынымдар береміз.

 

Анар ЖАРОВА,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл агенттігі

Превенция департаментінің басшысы