• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
22 Қазан, 2019

Уәдеге берік бол!

5230 рет
көрсетілді

Қазақта бұрыннан келе жатқан «Уәде – құдай аты» дейтін өте мәнді тіркес бар. Неге мәнді? Өйткені уәде бұзылып, оның қоғамдағы рухани һәм имани құндылығы әлсіреген жерде береке қашады. Өйткені уәде дегеніміз – қауымды берекесіздіктен сақтайтын әрі адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынасты бұзбай ұстап тұратын мызғымас ұстын.

Көшпенділер ұғымында адамның адам­гершілігі оның уәдеге беріктігімен, басқадан артықшылығы уәдесін орындай алатын мықтылығымен өлшенген. Яғни, уәденің өмірдегі маңызы жайлы ескіден жеткен:

Жерден жердің несі кем?

Егін шықса, гүл өссе.

Ерден ердің несі кем?

Уәдесін үде етсе, – деп келетін мағыналы жыр шумағы бар. Сол сияқты ел арасында көп айтылатын қара өлең жолдарында «Қош бол, сәулем көргенше, Қайта айналып келгенше, Уәдеңе берік бол, Мен сендікпін өлгенше» дейтін де тіркес бар. Мұның бәрі ежелгі қазақ қоғамында уәде ұғымының мән-маңызы өте зор болғанына айғақ.

Сол сияқты үлкен жазушы Ілияс Есен­берлиннің шығармасында бұрынғы қазақ батырларының уәдеге беріктігі жайлы мына бір тәмсіл айтылады. Бірде Қырым билеушісі Мамай ел ішін бүлдіргені үшін ноғайлының Ақпанбет батырын өлтіріп, жұртын ойрандайды. Ақпанбет өлерінде үзеңгілес серігі кегенес Кен Жанбайға адам шаптырып: «Жалғыз ұлым Тастемірді өлімнен құтқарсын» деп одан ақыреттік уәдесін сұратады. Уәде алған Кен Жанбай батыр хан жасағының алдынан шығып Ақпанбеттің ұлына сауға сұрайды. Мамайдың қаһарынан қорыққан жасақ басшысы көнбейді. Ақыры ақырет уәдесін орындау үшін Кен Жанбай егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзақты досының ұлының орнына өлімге беріп, Тастемірді құтқарып уәдесін орындапты. 

Халқымыздың рухани мұрасы ислам дінінде де уәдеге аса маңыз бергені байқалады. Алланың кәлемі Құранда «уәде» жайлы бірнеше аят бар. Мысалы, «Исра» сүресінің 34-ші аятында: «Берген уәделеріңді және жасасқан, келіскен шарттарыңды орындаңдар» деп үкім етсе, пайғамбардың (с.ғ.с) хадисінде «Өтірікші, екіжүзді адамның белгісі – ол уәдесінде тұрмайды және сөйлесе жалған айтады» деп, сипаттаған екен. Демек кімде-кім жалғаншыл болса, берген уәдесінде тұрмаса – ол екіжүзді. Ал екіжүзді адам жайлы мұсылман ғұламалары аят-хадистерге сүйене отырып, «Оның орны тозақтың түбі» деп тәпсір айтқан.

Атам қазақтың «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынғаны» немесе «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деп мақалдауы жоғарыдағы ислам шариғатының қазақ ортасындағы тұтқасы іспеттес.

Енді мына бір оқиғаға назар салайық. Өте ертеде қолы қарулы жігіт бір адамды байқаусызда өлтіріп қояды. Өлген адамның туыстары қазыдан «қанға-қан» үкімін сұрайды. Жігіт айтады: «Алыста тұрушы едім, жақындарыммен қоштасайын, қарыздарымды жабайын. Үш күнге мұрсат берсеңіз». Қазы көпшілікке қарап: «Бұған кепіл болатын адам бар ма?» дейді. Ешкім үндемейді. Сол кезде бір қария шығып: «Мен кепіл боламын. Ол келмей қалса, менің басым алынсын» дейді. Ел-жұрт аң-таң, өйткені бұл қария ана жігітті танымайды.

Арада үш күн өтеді. Уәделі күні елдің бәрі жаза алаңына жиналады. Әлгі кісі өлтірген жігіт жоқ. Жұрт біткен оның жолына қарап тұр. Бірақ ешкім көрінбейді. Ел «жігіт өтірік уәде берген екен, мына қарияға обал болатын болды-ау» деп ойлайды. Бір кезде көпшілік алыстан қара терге түсіп жүгіріп келе жатқан жігітті көреді. Оның уәдесінде тұрғанына бәрі таңғалады. Жігіт айтады: «Елім алыс болғандықтан уақыттан кешіктім, бірақ бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын». Уәдеден таймаған азаматқа ел риза. Жағдайға қаныққан өлген адамның туыстары да  «біз кешірдік» дейді.

Қазы көпшілік алдында өлім жазасы үкім етілген жігіттен: «Сен өлетініңді біле тұрып келдің, неге қашып кетпедің?» дейді. Ол: «Мен уәдемде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында уәденің құны жо­йыла ма деп қорықтым» дейді. Қазы қарияға бұрылып: «Сіз бұл адамды танымай тұрып неге кепіл болдыңыз?» дейді. Ақсақал: «Кейін мұсылмандар арасында уәдеге сенушілік әлсірей ме деп қорықтым» депті. Уәдеге берік болайық, ағайын!

 

Соңғы жаңалықтар