Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сыйға берілген жәдігерлер» атты көрме ашылды. Көрмеге «Музейге сый» акциясы аясында жинақталған, экспозицияға шығарыла бермейтін 75 жәдігер қойылған.
Олардың қатарында Қаракерей Қабанбай батырдың қанжары, жергілікті халықтан жиналған және жыл сайын музейге сый ретінде тапсырылып жатқан құнды дүниелер бар. Музей ашылған 1978 жылы 300-ге жуық экспонат қана болған екен. Көптеген жәдігерлер сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Ө.Жәнібековтің бастамасымен жергілікті халық арасынан жиналған. Тарихи деректерге көз жүгіртер болсақ, музейге сый тарту әйгілі қолбасшы Әмір Темір заманынан бастау алады. Қолбасшының бұйрығымен құйылып, кесенеге сыйға берілген, халық өнерінің лағыл маржандарының қатарына жататын, алтын-күміс жалатылған 6 дана шырағдан мен тайқазан, лауха сынды жәдігерлер соның бір дәлелі.
Айта кетелік, музейге сый жасаушы тұлғалар арасында Елбасы Н.Назарбаев, Түркияның 2007-2014 жылдар аралығындағы президенті Абдулла Гүл, Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті И. Каримов, Түркия өкілетті кеңесінің төрағасы Намык Кемал Зейбек бар.
Көрменің ашылуына «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және Түркістан» халықаралық ғылыми - практикалық конференциясына келген қоғам қайраткерлері мен отандық және шетелдік белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары қатысты. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов музей қорын толықтыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен көрменің мақсатына тоқталып, арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.
Түркістан облысы