Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Маңғыстау облыстық филиалында облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашевтың, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаевтың, облыстық соттың судьясы, БАҚ-пен байланысын үйлестірушісі Айжан Молбаеваның қатысуымен брифинг өткізілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
Басқосуда Маңғыстау облысы соттарының 9 айда атқарған сот төрелігі бойынша жұмыстары сарапқа салынды.Сондай-ақ мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы сотқа жүктелген басты міндеттер туралы айтылды.
Е.Қарабаев бүгінде дауларды бітімгершілікпен шешу басты назарда екендігіне тоқталып, өңір бойынша фронт-офис, медиация кабинеттері, татуластыру орталықтары ашылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол өңір соттарында медиация рәсіммен аяқталған істердің қатары өскенін жеткізді.
Одан әрі Н.Примашев Жолдауда әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігі туралы айтылғанын назарға алып, мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, құқықтық қауымдастықпен келісілген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы Парламент Мәжілісінде қарауда екенін атап өтті. «Бұл жоба әкімшілік рәсімдерді жүзеге асырып, жария-құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу жөніндегі әкімшілік іс жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған», деді Н.Примашев.
Спикерлер қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қараудағы сот төрелігін жүзеге асыру және заңдылықтың сақталу жағдайы, сонымен қатар, аталған істерді қарау кезінде туындайтын мәселелер мен, ең бастысы, сот жүйесіндегі реформалар туралы ақпараттармен таныстырды.
А.Молбаева сот ісін жүргізуде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолдану мәселесіне тоқталып, оның ішінде сот отырысына қашықтықтан қатысу, талап арыздарды электронды беру, сот процестерінің аудио-бейнежазбаларға таспалануы туралы айтты. Сондай-ақ ол БАҚ бойынша 9 айда атқарылған жұмыстар туралы ақпараттарды назарға ұсынды.
2019 жылдың 9 айында барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында 1674 жарияланым жасалды. Атап айтсақ, 344 мақала, веб-сайттағы ақпараттар саны - 556, теле-радио арналардағы жарияланым -171, ғаламтор жарияланымдары - 603.
БАҚ өкілдерінің басым бөлігінің қызығушылығын тудырған өңірдегі қылмыстық ахуал, сыбайлас жемқорлық, пара алу, пара беру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар және қоғамның қызығушылығын тудырған қылмыстық істер туралы Ержан Қарабаев нақты әрі жан-жақты мәлімет берді.
Брифинг барысында БАҚ өкілдері сот жүйесіндегі жаңашылдықтар, заңнамалардағы өзгерістер, конституциялық реформа нәтижесі және сот төрелігінің сапасы туралы сұрақтар қойып, спикерлер тарапынан нақты жауаптар ала алды.
Маңғыстау облысы