Ақтаудағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Шерзод Аббозұлы Пулатов өңірлік этномәдени бірлестік төрағаларымен кездесті. Бұл туралы Ассамблея хатшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуге Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Г.Исмурзина, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы А.Жайылханова және қызметкерлері қатысты.
-Бүгін мен осындай әдемі ғимаратта сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Мұндай керемет ғимаратта жұмыс жасау – сіздер үшін де, біздер үшін де үлкен мәртебе. Осы уақытқа дейін еліміздің барлық өңіріндегі Достық үйлерін аралап, этномәдени бірлестік өкілдерінің ұсыныстарын, идеяларын тыңдадым. Әрине, бүгінгі кездесу ресми емес, жәй еркін форматтағы кездесу деп біліңіздер. Сондықтан бүгінгі кездесуде сіздердің Ассамблеяны дамыту мақсатында ұсыныстарыңызды, жаңа идеяларыңызды, тіпті үлкен ауқымды жобаларыңыз болса, мүмкін жұмыс барысында туындап жүрген, шешімін таба алмай жүрген мәселелер болса тыңдауға дайынмын. Алдағы уақытта сіздердің сол ұсыныстарыңыз бен кеңестеріңіз Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жандандыруға көмектеседі деген ойдамын, деді Шерзод Аббозұлы.
Кездесу барысында ҚХА қызметі мен алдағы жоспарлар туралы мәселелер талқыланып, этномәдени бірлестік төрағалары тарапынан ұсыныстар айтылып, кеңестер берілді. Шерзод Аббозұлы мен этномәдени бірлестік төрағалары арасында конструктивті қарым-қатынас орнады.
Сонымен қатар Шерзод Аббозұлы келесі жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Елбасы Н.Назарбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысу керектігін тілге тиек етті.
Кездесу соңында облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Г.Исмурзина Шерзод Аббозұлын былтыр пайдалануға берілген жаңа Достық үйінің үш қабатын да (концерт залы, конференц-зал, кинозал, асхана, көрме залы, т.б.) аралап, таныстырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ш.Пулатов облыстық ҚХА хатшылық меңгерушісі Г.Мақсұтқызына, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы А.Жайылхановаға, этномәдени бірлестік төрағаларына алғыс білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Маңғыстау облысы