Автор.
Иман Пайғамбарымыз Расулулла с.ғ.с. хадистерінің бірінде: “Кел, бізбен бірге отыр. Иман хақында сұхбаттасалық...” деген сөз бар Адамның әр басқан қадамына иман таразы. Қарғыстың жаманы “имансыз”. Жан – иман ұясы. Тән – оның есігі. Абыл мен Қабыл Адамата ұлдары болса, Адал мен Әділ – Иман перзенттері. Мұнымен қоса иманның иба мен ұят деген ұғымдары бар екенін де естен шығармаған абзал. Базар нарқы сияқты адам парқының да әрқалай болмағы имандылық өлшеміне саяды. Жақсылар неге сырласуға ділгір, сұхбаттасуға құмар? Жамандар неге өркөкірек, өзімшіл? Мал аласының сыртында болуы бесенеден белгілі, ал адам аласының іште жасырын жатуы қалай? Екеуі де тек ұрыққа, текке тиесілі болғаны ма? Сонда тәрбие тану, ғибрат алу қайда қалмақшы? Кез келген адам өзін-өзі иман таразысына салып өлшей ала ма? Көңілдің тезі, жүректің көзі дегенді қалай ұғынсақ керек? Иә, иман иесі осының бәріне жауап іздейді. Ең әуелі өзінен, одан қалса, өзгеден!.. Сұрақ белгісі Иманның толық болмағының үш шарты бар екен. Олар: айнымайтын, тура, берік сенімде болу; адамдармен жақсы қарым қатынасқа ұмтылу; адамның өзін өзі тәрбиелеуі, яғни, ғибадат пен кішіпейілдікке бейім болуы. Бірінші шарт ең алдымен адамның өзіне қажет. Екінші шарт өз сыйың мен өзгені сыйлай білу қасиетіңе қатысты. Үшінші шарт, әсіресе, үлкендерге тиесілі. Кез келген адам өзін өзі тәрбиелей ала ма? Қасиет қанда, қасірет қаныпезерлікте жатса қайтеміз? Алдыңғысы текке телініп, кейінгісі жетесіздікке жегіліп, қара жол қайрылмастай қақ айрылып кетсе, тәрбие тәлімі қайда қалмақшы? Ұят Ғибадат киелі жай, қасиет мекені. Тектілік төркінінде кішіпейілділік жатады. Момын (муъмин) ұғымын қаймана қазақ өз керегінше қарабайырландырып алғаны болмаса, мұсылмандық түсінігінде олар имандылық ишарасына ие. Ал имандылық дарағы, аз кем емес, алпыстан аса бұтақтан тұрады. Абайлаңыз, ол сіздің ағзаңыздағы алпыс екі тамырыңыз болып жүрмесін... Алла тағала мен оның пенделері алдында ұялу осы бұтақтардың тек біреуі ғана екенін ескерсек, Абай айтпақшы, кемел адам болу мәртебесі екінің бірінің қолынан келе ме? Алла тағаланың періштелеріне: “Жүрегінде зәрредей иманы бар адамды тозақтан азат ет!” деп әмір беруінде кеңпейілділік пен кешірімділіктің шынайы үлгісі жатқан жоқ па?! Жер басып жүрген пенде! Осыдан кейін енді сізге не керек? Тағылым Сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: “Ей, Расулулла, қайсы қасиеттер исламда ең үлгі һәм қадірлі саналады?” деп сұрағанда: “Аш арыққа тағам бергенің, танитын мен танымайтынға сәлем бергенің”, деген жауап алады. Хадисте бұған қоса: “Өзің тоя жеп, көршің аш-жалаңаш отырса, Алла алдында да, адам алдында да күнәға батқаның”, деген сөз бар. Біздің қазақы ортада бұған керісінше “танымасты сыйламас” деген ұғым қалыптасқан. Бұл не, ұлттық ерекшелігіміз бе, әлде ислами ибаға исіне алмағанымыз ба? Жарайды, бұрынғыны бұрынғы делік, қазіргі қазақ қандай? Арамызда, Құдайын былай қойғанда, әкесін танымай бара жатқандар аз ба? Құлқын мешітке емес мешкейлікке, аш-арыққа емес ашкөздікке, дархандыққа емес даңғойлыққа жеңдіргендердің әлгіндегідей аталы сөзге, баталы байламға құлақ аспауы қалай? “Құдайдан қорықпағаннан қорық”, дегенді қазақ өзіне емей кімге айтқан? Әлде: “Айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ” па? Жиырма бірінші ғасырдың қазағы! Айтшы, сен осы кімсің? Хадис және халық “Түске дейін халықпен бол. Түстен кейін Хақпен бол”, дейді имам Бұхари хадисі. Ал қазекемде: “Халық – Хақтың жердегі аты”, деген сөз бар емес пе. Ендеше, Имаммен имандылық жағынан үндес екенбіз ау! Тек, әйтеуір, сөз жүзінде ғана болып жүрмегей... Әрі сәрі Түйеқұсқа: “Қанатың бар ғой, ұшсаңшы?” десе: “Мен түйемін”, дейтін көрінеді. “Е, ендеше жақсы болды, арқаңа жүк артайық”, десе: “Мен құспын”, деп кергиді екен. Сол айтқандай, бізде небір кержалқаулар бар ау... Тіпті, осы түйеқұсыңыз тұлабойымен қазақ деген халықтың менталитетін меңзей ме, қалай?.. Мың жылдық арман Константин Паустовский айтады: “Ана тілін ұмытқан адам Отанға аса қауіпті”, деп. Мен айтамын: “Сол аса қауіпті адамдардың қаншасы қазаққа тиесілі қара қазанның құлағын ұстап отыр?” деп. Данагөй мен дәмегөй Ешкімнің де ақымақ болғысы жоқ. Алайда ақыл айтқанның бәрі асып туған ақылман емес. Жұрттың көбі жасырып айтқанды қайдам, асырып айтқаныңа кәдімгідей сенеді. Дұрысы, өзін сендіреді. Бір емес, екі емес, күніне әлденеше мәрте мақтай берген соң сезімнен сергектік қашады, ұятты ұйқы басады. Осыдан келіп данышандықтан дәмегөйлер данагөйдің шекпенін киіп, шенін тағып шіреніп шыға келеді. Әр дәмегөйдің жанында он-ондап жағымпаз жандайшаптар жүреді. Біреуінің ныспысы: “Ләббай, тақсыр!”, екіншісінің азан шақырып қойған аты: “Құп болады!”. Одан кейінгілері: “Құлдық, Жантық, Тантық...” болып кете береді. Дәмегөйлер көбейген сайын анадан арда туған дара дананың күні қараң. Өзін адамға да, қоғамға да керексіз сезінетін жанның қасіретін Құдайым еш пендесіне енші етпей ақ қойсын. Жаратылыс Алла тағала иманды жаратқанда, иман: “Я, Пәруәрдігер, маған әл дәрмен, күш-қуат бере гөр?” дейді. Сонда Құдірет иесі оған нұрлы кескін, сұлу сипат, әрлі әдеппен қоса күш қуат сыйлайды. “Алла тағала күпірді жаратқанда, Ол да: “Я, Пәруәрдігер, маған да күш-қуат дарыта гөр?” деп жалбарынады. Жаратушы күпірдің пейіл-пиғылына лайық оған жарамсыз құлық пен жағымсыз бақастықты бұйыртады. Хадис шәріптегідей: “Пейілі тар, іші һарам адамға пейіште орын жоқ”, болуы осыдан. Ғақлия Сақылық пен ізгілік саралық пен даралықтың сәні мен сәулеті. Дүниенің дәулеті де, адамзаттың әулеті де оның жанына жақын, маңына жуық. Назым жолдарымен оны былай баяндауға болады: “Кезгеніммен барша дүние бақтарын, Сақылыққа сай сияпат таппадым”. Немесе: “Дұшпаныңның сақылықпен мысын бас, Ол да, бәлкім, саған уын ұсынбас”. Аманат Адамның он екі мүшесінің бәрі дерлік Алла тарапынан аманат арқаланған. КӨЗ аманаты шариғат рұқсат еткен нәрселерге ғана қарап, шариғат қош көрмеген нәрселерді назарға алмауды қалайды. ҚҰЛАҚ аманаты жағымсыз, өрескел, ғайбат сөздерді естіген күнде де қаперге алмауды ұсынады. ТІЛ аманаты әділі мен ақиқатын айтпақ, шын сөйлемек керек екенін алға тартып, өтірік, өсек, алыпқашты әңгімелерден аулақ болуды нысанаға алады. ҚОЛ аманаты дүниенің алдамшы байлығына, жалғанның жасанды жылтырағына алданбауды, өзгенің мүлкі мен затына сұқтанбауды, сұғанақтық жасамауды жақтайды. Ал АЯҚ аманаты дұрыс жолдан бұрыс кетіп, қия баспауды, керісінше, қайырлы, мейірлі іске көбірек қадам жасауды мақұл көреді. Мақсатты адам адал болып, жақсы ат қалдырамын десе, аманатқа қиянат қылмағаны абзал. Мұндай адам Алла нұрының аясында алғысқа бөленеді, шарапат-шафқатқа кенеледі. Ой Халықты құл деме. Ол Алланың есімі. Әйелді күң деме. Ол – әлемнің бесігі! Қозғаушы күш Сана мен рух біріккенде ғана адам бойында ар мен ождан оянып, ерлік пен өрлік өре түрегеледі! Төбет пен тәбет Қазақта: “Арам жеген төбеттей”, деген сөз тіркесі бар.Қазіргі жемқорлар мен жалмауыздар тұп-тура соның өзі. Сірә, төбедей етті жұмырына жұқ көрмей жұта берген соң солай аталып кеткен болар. Иә, ит азғыны төбет. Бала кезімізде күшала жеп өлген олардың талайын көргенбіз. Ине жұтып ирелеңдей бүгіліп, қиралаңдай қисайып, қинала жан тапсырғандары да аз болмаған. Соның бәрі тәбетін тыя алмаған төбеттің кесірі мен кесапаты. Тәбет, Төбет...Қызық екен... Тамақ және қабақ Қонаққа тамағыңнан бұрын қабағыңды бер. Ырысыңды ішіп-төкпейді, ыдысыңды сындырып кетпейді. “Қырықтың бірі Қызыр”. Босаға аттаған адамның аяғы жерде, көзі төрде. Қызырыңнан құзырыңды аяма. Үрей Үрей – үкі көзді Қорқыныштың екі аяқты елесі. Есі-дертін елес торыған жан есігіне қырық құлып салса да тыныш ұйықтай алмайды. Өлгенде ғана болмаса... Меңзеу Алты бірдей сахаба: Әбузар Ғаффари, Салман Фарси, Аккаша Абдолла, ибн Мақсұт, Әбу Дардах және Аклама Хазірет Мұхаммед пайғамбардың құзырына бас сұққанда, Ол кісі көңілсіз отыр екен. “Ей, Расулулла, дейді олар, көңіліңіз сынық сияқты, себебін айтпайсыз ба?”. Сонда Пайғамбарымыз: “Сахабаларымның біразы шариғатқа ниет қойғанымен, жамағаттың жағдайынан бейхабар. Көпшіліктің намазына бұл нұқсан келтірмес пе екен деп уайымдап отырмын”, деген екен. Алла елшісіне тән осынау жұмсақ жүрек, ізгі ниет, көлпар көңіл, қамқор қасиет мұқым мұсылман қауымын былай қойғанда, ел билігіндегі азаматтардың ылғи да есінде жүрсе, ар ұяттарына нұқсан келмес еді ау дейсің... Біздің қазақ Қазақты сөзге ұйыту қиын, өйткені өзі де қарасөзден қамыр илейді. Қазақты жөнге салу қиын, өйткені өр кеудесіндегі “өзім білемі” не кері тартады, не кежір кещеленеді. Қазақ мақтағанды мақұл көреді, өйткені олар кешегі маңғаз басып, мақпал ішік жамылған, мақал мәтелін аузынан суша ағызған абыз аталардың ұрпақтары. Жан азығы Бас бар жерде ми болады. Ми ақылдың үйшігі. Жүрек бар жерде көз де (“жүректің көзі ашылса...”), сөз де, сезік те, түйсік те болады. Асқазан бар жерде бойға қуат, тәнге тәбет бар. Ал, бірақ, жан азығының жаратылысы бөлек қой!.. Бірі кем дүние Қазаққа айту оңай, сөйлеу парыз. “Іске мешел, сөзге шешен” деп оны әу бастан өзі айтып қойған. Айтудың оп оңай екендігі осыдан ақ көрініп тұрған жоқ па? Жаңа сөз тіркестері “Рахымсыз жыртқыштан, әділетсіз әкімнен, ұятсыз ұрғашыдан сақтан”, деген екен ежелгілер. Енді біз оған: “Тойымсыз тоғышардан, тобасыз тоңмойыннан, жетесіз жемқордан, дүмбілез дүниеқоңыздан, қайырымсыз қалталыдан, бейопа байдан, бейдауа бишікештен сақтан...” деген сүйкімсіз сөздерді қосуға мәжбүрміз. Тіл “Түркі тілдерінің ішінде қазақ тілінің болашағы зор. Дүниеге “диуан” дәуірін алып келген Шағатай, немесе Осман әдебиеті сияқты, қазақ тілі де өркениеттің алдыңғы көшіне шығады”. Мұны Зәки Уәлиди өз “Естеліктерінің” екінші кітабында айтып кетіпті. Ауызы дуалы, сөзі уәлі Уәлидидің айтқанына сенсек, үмітіміз әлі алда екен, сеніміміз қолда екен. Ата-бабамыздың қарғысы атпасын десек, қазақпын деген қалың жұрт тіл аманатына қылдай қиянат жасамайтын шығар ау! Ал аманатқа қиянат – жаманаттың ең қиямпұрысы! “Басқа пәле тілден” Баяғыда алты қырдың аржағынан, алты ауылдың аймағынан ат шалдырып, арнайы келіп сөз айтып, көз салып жүрген жігітке қыз былай деп шарт қойыпты. Бірінші шартым отыммен кіріп, күліммен шығасың; екінші шартым тіліңнен безесің, дініңнен шығасың; үшінші шартым осы айтқанымның бәрін бүгіннен бастайсың! “Әп” дегенше қыздың алма мойнын жігіттің алдаспаны қиып түсіпті. “Басқа пәле тілден” деген осы! Салыстыру Сонау ерте заманда-ақ Ибн Ғыптан дейтін ғұлама: “Түркілер ақжарқын, ашық келеді. Бірақ шеттерінен билікті, сонан соң қошеметті тәуір көреді. Бұл олардың қанына сіңген әдет”, деген екен. Одан бері де нешеме ықылым заман өтті...Бұған алып қосарыңыз бар ма? “Ауру қалса да, әдет қалмайды”, демекші... Үндестік Абайдың Отыз бірінші сөзіне қараңыз: “...Қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қуанышынан артық болса, мұсылман емес! Қандай үйлесімді ұқсастық?! Мен аударып, аракідік нәсияттап жүрген имам Исмаил Бұхари хадистерінде де дәл осындай құрани сөздер бар! Қайран ай, қалталыларымыз бен алқалыларымыздың санасында осы бір сөздер сайрап тұрса, кәні!.. Біз енді ғана бас қойып жатқан бұлақтан Ол кісі қай кезде шөл қандырып үлгерген? “Ақынның ауызына сөзді Алла салады”, деген әңгіме шынымен ақ рас болғаны ғой... Жауап Жазаның түр түрі болады. Ұстаз шәкіртін бұрышқа тұрғызып қояды. Ұры қары, қарақшы, баскесерлер де өздерінің қылмысына лайық жазасын алып жатады. Жұдырықтай бөдене де себетке қамалып жарық дүние кеңістігіне шыға алмай жапа шегеді. Алла қанат берген титімдей құсты адам торға қамаса, бұл қиянат емей немене? Анығында, бөдененің сайрағаны жылағаны. Бағынан баз кешкен бұлбұл да тағынан тайған ханнан кем құса көрмейді. Адамның адам болып туып, адам боп өлуі де бір ерлік! Ал адамдықтан айнып, хайуандық сықпытқа түскендерге қандай жаза лайықты? Хайуанаттың да жыртқышы мен құртқышы, сүйкімдісі мен сиқырлысы болады емес пе? Егер ақын: “Қайтсең, адам, қаласың адам болып?” деп күллі адамзат қауымына сауал тастаса, бұл да еріккеннің сөзі емес шығар ау. Бір ғажабы, сонау түбекте жатқан пір Бекет әулие осы сауал төркінін елден бұрын аңғарып, оған елден бұрын мынадай жауап тапқан сияқты. “Шайтанға ерген пендені, Шариғатпен жазала...” Жоқ, кешірерсіз, бұл жауап емес, үкім, кесім! “Ақылдың азабы” Шекспир Клеопатраның аузына мынадай сөз салады: “Шыдай беру – ақымақтық, Шыдай алмау – азап”. Рас қой, адам болып туып, ақымақ болып өлу қай пендеге абырой әпере қойсын. Бірақ сол ақымақтардың ақылды болғысы келіп тұратыны несі екен? Көре тұрып бұған шыдау тағы азап. ...Шыдай алмау азап. Грибоедов айтқан “ақылдың азабы”, Мағжан айтқан “сұм өмір абақты ғой саналыға”, сірә, осындайдан туған болса керек... Ақын Ақын екі дүние елшісі. Ол кейде пенде қалпына түсіп, кейде періште қанатында ұшып жүреді. Алланың азат құсы да бір, ол да бір. Алланың азат құсы аспаннан жерге түсіп азапты ғұмыр кешіп жүрсе, қанатынан қайрылғаны, қадірінен айрылғаны. Күндердің күнінде бәрібір өзінің мейірімді мекеніне ұшып кетеді. Наласы да, тобасы да ішінде... Тағылым Өлеңі қалып, өзі кеткен ақында өлім болмайды. Абай әлемін, Мағжан мұңын, Мұқағали мұратын, Жұмекен жұмбағын, Төлеген төркінін, Жұматай жұмағын таныған жұрт ардақтауға, абзалдауға тұратын ұлт. Егер Қожа Ахмет Ясауиді Әмір Темір, Әлішер Науаиды Хұсейін Байқара, абыз Бұқарды хан Абылай ұлықтаса, мұны ұлылар ұлағаты деп ұққан жөн. Ешқайсысы да кішірейіп қалған жоқ, лебізін тыңдап, негізін танығандықтан тағынан түсіп сәлемін берген. Сөз құдіретіне қанығып, уызын емген. Қос қанат Рух қаһары батырдың, рух қайырымы ақынның бойына біткен. Біреуі жердің қорғаны, біреуі елдің ардағы. Екеуін елеусіз қалдырған ел телегейдегі ескексіз қайықтай қалт-құлт. Сақтандыру Көп қыздарымыздың сана сезімі қазір сынаптай сырғып жүр. Олар үшін: бүркіт те бір, бірегей де бір; шүршіт те бір, шүрегей де бір... Біз көңірсітіп жүрген неоинтернационализмнің бір сықпыты осы болып жүрмесін... Не қатты, не тәтті? Баяғыда бір ғұлама қасындағыларға: “Дүниеде не қатты, не тәтті?” деп сауал салыпты. Біреуі “жұт қатты, сүт тәтті” десе, екіншісі “қарғыс қатты, алғыс тәтті” деп сәуегейсіпті. “Жоқ, таба алмадыңдар, – депті сонда ғұлама, – тіс қатты, тіл тәтті. Ал енді осы екеуінің қайсысы өміршең?” “Әрине, қаттысы”, депті қасындағылар. Ғұлама басын шайқап: “Тағы да таба алмадыңдар, қатты болса тістерің қайда? Ал тілдерің әлі күнге сайрап тұр!” деген екен. Екі түрлі қазақ Сауаты шала, көңілі бала, бейілі дала бұрынғы қыр қазағы мен бүгінгі бірі зиялы, бірі қияли, бірі қалталы, бірі алқалы, бірі ойшыл, бірі тойшыл, бірі дарынды, бірі қарынды, бірі Батыраш, бірі Қотыраш, бірі даңғой, бірі сәнқой...қысқасы, сан түрлі, сан қырлы қазекемді салыстырып көрген жеріңіз бар ма? Айтары жоқ, бүгінгі қазақ бәріне бейім, бәріне дайын. Шамасы, ол қазақ бола-бола қажыған, қартайған, зеріккен, жалыққан. Өзіне – жаппай қасқыр, өзгеге – “ләпбай, тақсыр”. Біз айтар сөз “Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар”. Мұны кеше Абай айтқан. “Қалғып кеткен рухты қан оятар!” . Мұны бүгін біз айтуға тиіспіз!!! АҚЫН МҰРАЛАРЫ жаңа жәдігерлермен толықты. Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, халыққа насихаттау мақсатында 1988 жылдың 20 ақпанында Ақмолада музей ашылды. Бұл кезең алаш ардақтылары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың есімдері ақталып, “ақ түйенің қарны жарылған сәтке тұспа-тұс келді. Ақын мұрасын зерттеу ісі 1957 жылы есімі ақталған кезден бастап қолға алынып, шығармалары жарыққа шықты. Ол туралы естелік кітаптар, мақалалар, оған арналған өлеңдер аз емес. Өйткені, Сәкеннің ел тарихынан алатын орны ерекше. Оның Совнарком төрағасы болып, революциялық алма-кезек төңкерістерден, азамат соғысынан, 1921-1922 жылдарғы аштықтан, жұттан қажыған халықтың мұң-мұқтажын арқалағанын да біз жақсы білеміз. Сондықтан да оның қайраткерлігіне, қалам қарымына көп тоқталмай, әңгімені музей жөнінде жалғастырғанымыз жөн шығар десек, 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра ” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында сәулет ескерткіші болып табылатын (ХІХ ғасырдың аяғы) музей ғимаратына қайта жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңарған музей ғимаратының экспозициясына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 2009 жылдың 15 қазанында ақынның 115 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылды. Музей ұжымы ғылыми-зерттеу, Сәкен мұраларын жинақтау, насихаттау ісін одан әрі жандандырып, атқарып келеді. Өткен жылы С.Сейфуллиннің 1914 жылдан бастап жарыққа шыққан шығармаларын зерттеу мақсатында Мәскеуге іссапар ұйымдастырылған-ды. Ресейдің федералды мемлекеттік мекемесі “Кітап палатасының” басшыларымен кездесіп, Мәскеу түбіндегі Можайск қаласында орналасқан кітап қоры сақтаулы мұрағатындағы зерттеу ісі барысында С. Сейфулллиннің ХХ ғасырдың 1920-1930 жылдары жарыққа шыққан кітаптарының түпнұсқалары және 1960-1980 жылдары басылған шығармалары, ақын туралы естеліктер мен кітаптар мұқият сақталғанын көзбен көріп қайттық. С.Сейфуллиннің жинақтап, редакциялауымен жарыққа шыққан қазақ әдебиеті оқулығы, қазақ әдебиетінің тарихы жайлы кітаптар және Шәкәрім Құдайбердіұлының “Ләйлі-Мәжнүн” дастаны (1935 ж.), “Ыбырай Алтынсариннің өлеңдер жинағы” (1935 ж.), “Ақан серінің таңдамалы өлеңдері” (1935 ж.), “Батырлар жыры” (1933 ж.) т.б. шығармалары арнайы көрсеткіштерге түсіріліп, сөрелерде сақталғанына куә болдық. Біздің ерекше көңіл аударғанымыз – (бұрын кездестірмеген) 1936 жылы таралымы 15000 данамен басылған “Қыз Жібек” поэмасы. Мұрағаттың библиографиялық көрсеткішінде “Киз –Жибек. Народная казахская поэма. (ХІҮ-ХҮ вв.), Алма-ата – Москва, 1936. Записан и издан известным казахским поэтом Сакеном Сейфуллинным” деп көрсетілген. С. Сейфуллиннің тарихи-мемуарлық “Тар жол, тайғақ кешу” романы 1927 жылы (араб әрпі), 1936 жылы екінші басылымы (латын әрпі) жарыққа шыққаны мәлім. Кейін 1960-80 жылдары да баспадан шықты. 1927 жылы Қызылордада Әбдірахман Бегішевтің аударуымен “...В вагонах смерти атамана Анненкова” деген атаумен орыс тілінде басылған. Бұл романның орыс, қырғыз тіліне аударылған толық нұсқаларын (1960-1968 жж.) жұрт музей экспозициясынан көріп жүр. Келесі зерттеу жұмысы Красногорск қаласындағы кино-фото мұрағатында жалғасты. Мұнда 1930 жылы түсірілген, алты бөлімнен тұратын “Турксиб” (дыбыссыз) құжатты фильмі сақталған. Фильм толығымен қаралды. Бұл да Түркістан-Сібір темір жолының салынуы жайлы біздің тарихымыздың бір бетінің құнды ескерткіші болса, “Турксиб открыт” атты (режиссер-операторы Роом) екі бөлімнен тұратын құжатты фильмде темір жолдың алғаш ашылу рәсіміне қатысқан Сәкен Сейфуллиннің бейнесі түсірілген көшірмеге қолымыз жетті. Сәкен мұрасы – орны бөлек рухани мұра. Сондықтан да өзіміздегі және алыс-жақын шетелдердегі архивтер мен кітапханаларда сақталған құнды құжаттар мен деректерді одан әрі зерттеп, жиырма жылдық тарихы бар музей қорын толықтырып, халыққа насихаттау жұмысы одан әрі жалғасын тауып келеді. 25 ақпан Сәкен Сейфуллиннің 1938 жылы жазықсыз қаза болған күні. Бұл күн музейде еске алу кеші жылма-жыл өткізіледі. Биыл осы шара ауқымында музей қоры жаңа экспонаттармен толықты. Атап айтар болсақ, ХІХ ғасырдың соңында Ақмоладағы “Шахов фотостудиясында” түсірілген қазақ халқының жарық жұлдызы Шоқан Уәлихановтың тете қарындасы Бәдіғұлдың, оның балалары Сұлтан Абылайұлы, Мәстураның түпнұсқа суреттері табылды. Бұл суреттерді музейге алаштың ардақты ұлы Хайретдин Болғанбаевтың баласы Мұрат Хайретдинұлы тапсырды. Осы тапсырылған суреттердің тарихына үңілсек. Мәстура – ХХ ғасырдың басында Ақмолада тұрған ауқатты, беделді адам Әкбар Халфиннің әйелі. Олардың қызы Рахима Халфина – С.Сейфуллиннің алғашқы жары. Кейін тағдырдың бұйрығымен Р.Халфина Хайретдин Болғанбаевқа тұрмысқа шығады. Х. Болғанбаевтың өмірі мен шығармашылығы, ұрпақтары жайлы деректер 2005 жылы жарыққа шыққан “Шығармалары, тағылымы” атты жинағына енген. Осы кітаптың жарыққа шығуына қызы Гүлнар Болғанбаева көп еңбек сіңірген. Күл-Бағила СҰЛТАНҚЫЗЫ, С.Сейфуллин музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі.
•
20 Наурыз, 2010
БІР ТАМШЫ КӨЗДІҢ ЖАСЫНДАЙ
1398 рет
көрсетілді