• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2019

Жамбыл өңірінде қоршаған ортаны ластайтын көліктер көп

563 рет
көрсетілді

Қоршаған ортаның ластануы бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Өңірде ауаны ластаушы заттардың мөлшері шамадан тыс асып кететін автокөліктердің көптігінен бүгінде ластану фактісі жиі тіркелуде.

Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевке экологиялық нормалардың сақталуын бақылауды күшейтуді және атмосфераға автокөлік құралдарынан шығатын зиянды қалдықтарды азайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырған еді. Қазіргі кезде аталған департамент облыстық экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандарын тарта отырып, «Таза ауа» жедел-алдын алу іс-шарасын ұйымдастыруда.

Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізудің бірінші күні Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 334-бабының талаптары бойынша 40-тан астам заңбұзушылықтарды анықтаған. Кейіннен бұл көрсеткіш арта түскен. «Жамбыл облысының Полиция департаменті ауаға зиянды заттар шығару арқылы қоршаған ортаға залал келтіретін автокөліктерді анықтау мақсатында «Таза ауа» жедел-алдын алу іс-шарасын ұйымдастыруда. Бүгінгі таңда мұндай көліктер атмосфераны ластаудың және өңірдегі экологиялық жағдайдың нашарлауының негізгі себептері болып табылады. Өкінішке қарай, талаптарға сай келмейтін көлік құралдары әлі де көп. Жедел-алдын алу іс-шарасының алғашқы үш күні ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 334-бабы бойынша 200-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған бапқа сәйкес екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл  қарастырылады, ал құқық бұзушылық екінші рет қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері бес айлық есептік көрсеткішке дейін артады. Сондай-ақ мемлекеттік нөмірді алып қою көзделген», дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев.

Сонымен қатар өңірдің бас полицейі бүгінде облыс орталығының жолдарында қоғамдық көліктердің саны артуда екенін, оның басым бөлігі экологиялық нормаларға сәйкес келмейтінін де айтады. Заң бұзушылықтардың көпшілігі жолаушылар автобустарына қатысты болып отыр екен. Сондықтан да қазіргі уақытта атмосфераға зиянды заттар шығаратын осы санаттағы көліктерді азайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, жүргізушілермен қатар автобус парктерінің иелері де қатаң жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.