Парламент Мәжілісінде көпшіліктің көкейкесті мәселелерін көтеріп жүрген халық қалаулылары заң жобаларын жан-жақты талқылағанда өңірлердің ахуалын назардан тыс қалдырмайды. Кеше палатаның жалпы отырысында мақұлданған 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына депутаттардың ұсынысымен түзетулер енгізіліп, құжатта елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін қосымша қаражат көзделді.
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен алқалы жиында алдымен депутаттардың қарауына «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы ұсынылды. Бұл құжаттың жай-жапсарымен таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті 2020-2021 жылдары 2 трлн 700 млрд теңге мөлшерінде, ал 2022 жылы 2 трлн 600 млрд теңгеге дейін төмендетумен айқындалғанын айтты.
Сондай-ақ министр «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы жөнінде егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің ерекшеліктері бар. Біріншісі –жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру. Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды. Екіншісі – өңірлердің ерекшеліктерін ескеру. Ол үшін жаңа коэффициенттер енгізілді. Бұл – мектептер шағын жинақтылығы, ауыл шаруашылығының әлеуетті өнімдерінің көлемі, аумақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі. Үшіншісі – жергілікті кірістердің өсу әлеуеті. Бұл тұрғыда даму бюджетіне екі жаңа компонент енгізілді. Жергілікті бюджеттердің кірістері өскен кезде даму бюджеті ұлғаяды. Үш жылдық кезеңде жалпы өңірлік өнімнің өсуі жылдамдаған жағдайда субвенциялы өңірлер қосымша коэффициент алады.
Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндама жасап, үш жылдық бюджет туралы заң жобасына бірқатар түзетулер енгізілгенін айтты.
–Мәжілісте заң жобасын талқылау барысында бірқатар түзетулер енгізілді және бюджет жобасының параметрлері қайта қаралды. Түзетулердің бір блогы Мемлекет басшысының Жолдауын, сондай-ақ оның жекелеген тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз етуге бағытталған. Шығыстардың негізгі бөлігі мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға арналды. Бұл – үш жылға шамамен 1,1 трлн теңге. Микро және шағын бизнесті табысқа салынатын салық төлеуден босатуды ескере отырып, субвенциялар көлемі өзгертілді. Түзетулердің екінші блогын депутаттар ұсынып, бұлар халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға және аймақтарды дамытуға бағытталды. Мәселен, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен, су жеткізу қызметтерімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаражат көзделген. 2020 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 3,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл – бюджеттің жалпы шығыстарының 29%-ы. Енгізілген түзетулер аясында Есеп комитетінің бірқатар ұсынымы ескерілді. Үкімет жергілікті атқарушы органдардың қаражатты жұмсауына мониторингті және бақылауды күшейту тетіктерін пысықтауда, – деді Әлихан Смайылов.
Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар алдағы үш жылдағы бюджетке түсетін салық түсімдерінің негізгі көздері туралы мәселені көтерді. Депутаттық корпус экономиканың нақты секторын қолдау шығындарының жоспарлы түрде азаюына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет үшін қосымша кіріс көздерін іздеу қажеттілігі туралы сөз қозғағанына мән берді. Ол бюджет кірісінің үштен бір бөлігі әлі де Ұлттық қор аударымынан және мұнай экспортының салығынан тұратынын айтты.
Сонымен қатар депутаттар жалпы жаңа жұмыс орындарын құруға, атап айтқанда, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігіне ерекше назар аударды. Ұсынылған үш жылдық бюджет жобасына сәйкес «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 186 млрд теңге бөлінген. Ал депутаттардың пікірінше, еңбек нарығында жақсару байқалмайды.
–Жұмыспен қамту бағдарламасы – бұл атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасы емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Бөлінген қаражатқа жұмыс орындары құрылып, тиісінше адамдар жалақы алып, одан табыс салығын төлеуі керек. Егер мұндай нәтиже болмаса ақша құмға сіңгендей болады. Адам нәтижелі жұмыс істеген кезде ол әлеуметтік көмек алудан бас тартып, өзі табыс таба бастайды, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Осы ретте Нұрлан Нығматулин Үкімет сағатында «Еңбек» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын, заңнамалық деңгейде не істеу керектігі туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсыныстарын тыңдаймыз деді.
–Бүгін мақұлданған бюджет жобасында экономиканың нақты секторын қолдау, денсаулық саласы, баспана және жұмыспен қамту, басқа да әлеуметтік мақсаттарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды бастамаларын, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы бойынша басым бағыттарды одан әрі жалғастыру екені анық. Енді негізгі міндет – осы бөлінген барлық қаражаттардың өз уақытында тиімді жұмсалуы. Осыған орай мемлекеттің әрбір тиыны Мәжіліс депутаттарының қатаң бақылауына алынады. Қазіргі уақытта экономикалық өсудің шешуші факторы – бөлінетін қаражаттың мөлшері емес, олардың қаншалықты тиімді жоспарлануы және игерілуі, сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейінің артуы, жалпы әл-ауқатының жақсаруы, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Палата Спикері атап өткендей, республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 46%-ы немесе 18,2 трлн теңге әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Мәжілісте мұғалімдердің жалақысын 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 25%-ға, алдағы төрт жылда екі есе арттыруға және мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 35%-дан 50%-ға дейін көтеруге бағытталған түзетулер енгізілді.
–Жалпы алғанда, параметрлерін Елбасы мен Президент белгілейтін республикалық бюджет – мемлекеттің экономикалық саясатының тірегі. Мұны нақты түсіну керек. Осыған байланысты депутаттар бюджеттің шығыс бөлігіне айтарлықтай түзетулер енгізді. Белгілі бір нәтижеге жетуді көздемейтін негізсіз шығындар біздің азаматтарымыздың шұғыл шешуді қажет ететін қажеттіліктеріне қайта бөлінеді. Енді қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бөлінген қаражаттың уақтылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету – Үкіметтің, сондай-ақ депутаттардың да міндеті. Депутаттық корпус бұл бағыттағы белсенді бірлескен жұмыстарға дайын, – деп сөзін түйіндеді Нұрлан Нығматулин.