Ақтау қаласындағы №10 жалпы білім беру орта мектебінің директоры Бекес Испекеев және оқушылар көшеттер отырғызды. Осындай шараларды өткізу арқылы мектеп оқушылары табиғатты аялауды үйреніп, әрбір жақсы істің басы-қасында жүруді бойға сіңіріп, үлгі тұтарлық істерімен қоршаған ортаның жақсаруына өздерінің үлесін қосты.
Еліміздің ертеңі - жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беру мекемесінің рөлі ерекше екендігі сөзсіз. Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар. Білім ордасының ауласын таза ұстау мен көгалдандыруды жүйелендіру мақсатында осындай шараларды өткізудің тәрбиелік мәні зор.
-Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген қанатты сөз бар. Баланы осы бастан қоршаған ортаны аялай білуге баулуымыз керек. Бұл - тек қана білім ордасының ғана міндеті емес, ата-ананың да парызы. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, оқушылар қоршаған ортаны танып-білетін болады. Біздің мектепте табиғатты қорғау туралы көп айтылады. Жалпы ортамызда белсенді оқушылардың көптігі қуантады, дейді Бекес Өмірханұлы.
Оқушылар отырғызылған көшеттердің жайқалып өсуі үшін, баптауды да үйренуде. Осылайша білім ордасының айналасын таза ұстау арқылы қоршаған ортаны тереңірек тануға ниетті. Жалпы кез-келген білім ордасының жетістігі өз ісіне жауапты, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер басшыға байланысты екендігі сөзсіз. Бұл ретте мектеп директорының еңбегі орасан екендігін айта кеткен жөн.
Мектеп ішінде «Біз және экология» стенді де орналасқан. «Тұлпар» балалар шығармашылық клубында бірнеше үйірме бар. Онда оқушылар домбыра студиясы, риторика, фантазеры, квллинг, ашихара-каратэ, English club үйірмелеріне тегін қатысады. Сондай-ақ, мектеп ауласында «Olympus» академия балеті және гимнастика залы жұмыс жасап тұр. Сабақтан соң балалар футбол алаңында доп тепкенді ұнатады, баскетболмен де айналысатын жастар аз емес.
Айта кету керек, мектеп оқушылары түрлі сайыстар, олимпиадалар, спорттық жарыстар, мәдени-сауықтыру шараларынан тыс қалмай, биік белестерді бағындырып жүр. Мектеп ауласын көгалдандыру мен тазалау жұмыстары әлі жалғасын таппақ.