• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 24 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Дана Асылбекова

5959 рет
көрсетілді

 

Жарнама тақтайы

Жұмысынан шаршап шыққан Кестең жігіт аялдамаға кеп тоқтады. Дәл сол жердегі бір жаңа ілінген қағазға көзі түсті. Түк жыртылмаған, жаңа. Талғамы жоғары Кестең бұл жарнамаға көз жүгіртіп, оқымақ болып көзіндегі көзілдірігін төмендеу түсірді. Кестеңді жоғарыдағы үлкен шрифттегі сөз таң қалдырды. Тіпті шошытты. «МИЫМДЫ САТАМЫН». Кестеңді бұл үлкен жазулар соңына дейін оқуға қызықтырды.

«Қоқыс іспеттес. Ішінде керек емес естеліктер көп, бірақ оларды лақтыруды қиянат деп есептейді.

Күнәһар. Денеге жаман ойды жіберіп, «нәпсіден ғой» деп өзін көп жұбатады. Жамандықты да аямай жасауға итермелейді.

Қияли. Көп ойланып көп сауалға жауап тапқан тәлпіш ми деп ойламаңыз. Көп ойланғаннан, «Құдай Әлемді жаратты, ал Құдайды кім жаратты?»  деген патуасыз сұрақты ойлап тапты.

Жүйесіз. Өзі біртүрлі жүйемен жұмыс жасайтындықтан, өмірлік принциптері де біртүрлі. Сол үшін онымен жұмыс жасау ауыр болады.

Ең бастысы! «Жүрекке бағыну» деген вирус кіргендіктен, антивирус табу қиын боп тұр. Егер сезімді ақылға бағындыра аламын деген жан болсаңыз, сатып алуыңызға түк қарсы емеспін».

Хабарландырудың басты мәтіні аяқталған, ал төменде жарнама берушінің аты-жөні мен мекен-жайы жазылған:

«Жермен Жексен. №2 қалалық жындыхана».

 

Дана АСЫЛБЕКОВА