Елордада Nur Otan партиясының ғимаратында Отандастар қоры «Адам және этностық азшылықтар құқықтарын қорғау» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді.
Бүгінде көптеген шетелде конституциялық және басқа да заңнамалық деңгейде түрлі ұлттық, этностық азшылықтарды қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың өзіндік және жеке ерекшеліктерін сақтауға бағытталған белсенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мұндай бастамалардың мақсаты – халықаралық нормалар мен стандарттардың ықпалымен қалыптасқан әрбір елде аз ұлттардың өмір сүруінің институционалдық жағдайларын қамтамасыз ету, мемлекет пен қоғамның демократиялық институттарының жүйесін жетілдіру. Осы тақырып кеңінен талқыланған алқалы жиында «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов Қазақстан қазіргі таңда шетелдерде тұратын қазақтарға қандай қолдау көрсетіп жатқанын айтып берді.
– Біздің ұйым арнаулы Жол картасын және қордың даму жоспарын әзірлеп, бекітті. Жоспарға сәйкес бірқатар қызмет түрі анықталды. Олар – шетелдерде қазақтарды қолдау және ерікті қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу, шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы заң жобасын әзірлеу, отандастарды ақпараттық қолдау орталығының жұмысын үйлестіру, диалог алаңдарының қызметін үйлестіру, шетелде қазақ тілін оқыту бойынша білім беру инфрақұрылымын құру. Қазіргі күні қандастарды қолдау және оларды тарихи отанына қайтару бойынша шет- елдердің тәжірибесі зерделеніп, арнайы сараптамалық зерттеулер жүргізілуде, – деді М.Сарбасов.
Бұдан кейін Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының төрағасы Қуаныш Сұлтанов сөз алып, аталған саладағы халықаралық бірлескен іс-шараларға тоқталды.
– Бүгінгі күн тәртібіндегі тақырып қашанда назардан түскен емес. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының қабылданған күнін жылда 10 желтоқсанда атап өтеміз. Сол кезде тұрақты түрде барлық халықаралық ұйымдар мен елшіліктер өкілдерін шақырып, жан-жақты пікір алмасамыз. Адам құқығы – мемлекеттік саясаттың басым бағыты, ең жоғары құндылығы. Ұлы дала елі ежелден қарапайым халықтың құқықтары мен бостандықтарын жоғары құрметтеп, бұл ел басқарудағы үрдістерде, ішкі және сыртқы саясатта ерекше ескерілген. Қазақстан адам құқығы жөнінде 100-ден аса көпжақты халықаралық келісім жасаған. Оның ішінде БҰҰ-ның құқық қорғау туралы конвенциялары бар. Біздің елде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі жолға қойылған. Оның маңызды бір құралы ретінде Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясын атауға болады. Комиссия Қазақстан азаматтарының, шетелдiк азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ ұйымдардың азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы өтiнiштерiн қарайды. Мемлекет басшысының атына адам құқықтарының сақталуы туралы жыл сайын арнаулы баяндамалар әзiрлейдi. Комиссияның негізгі міндетінің бірі – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мен қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесу, – деді Қ.Сұлтанов
Сонымен қатар басқосуда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту департаменті директоры Ғалым Шойкин сөйлеп, этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау еліміз үшін әрқашан басым бағыт болып қала беретінін айтты. Ол министрлік этностық бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді қолдайтынын, Қазақстанда 12 тілде таратылатын 52 этностық БАҚ жұмыс істейтінін атап өтті.
Жиын соңында шетелде тұратын этностық қазақтардың құқықтарын қорғау мақсатында халықаралық деңгейде халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар қабылданды.