Жуырда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы бірқатар кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды. Аталған қор «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көптеген кәсіпкерлік нысандарының қанатын кеңге жаюына қол ұшын созып келеді. Соның бірі «Үміт» Томотерапия және ядролық медицина аурухана кешені» ЖШС-і базасында «Емдеу-диагностикалық радиотерапия және ядролық медицина ауруханалық кешені» жобасы жүзеге асырылған екен.
Өткен ғасырда қатерлі ісік диагнозы қойылса шошитын халық, қазір бұл аурудың ертерек анықтаса жазылуға болатын кәдімгі созылмалы сырқат екенін біле бастаған. Сондай-ақ уақытты өткізіңкіреп алғанның өзінде халықаралық тәжірибеде онкологиялық науқастарды радикалды емдеп, олардың өмірін ұзартуда жоғары технологиялық әдістерді қолдану жақсы нәтиже көрсететінен де хабардар бола бастады. Осы іспетті жаңа технологияға негізделген емдеу жолы – «TomoTherapy HD» жабдығы көмегімен жаңа заманауи томотерапия әдісі бойынша онкологиялық науқастарды емдеуге жол ашады.
– Бұл бірегей қондырғы әрбір пациенттің дертіне сәйкес келетін ең дәл және жоғары сапалы сәулеленуді жүзеге асырады. Қондырғы пациентке қажетті сәуле дозасын шығарған кезде оның бірегей спиральды режімі күрделі, әрі қолжетімділігі қиын тұста орналасқан ісіктерді сәулелендірумен қатар, оның әсерінен қоршаған сау тіндерді тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Бұл емделушілердің түрлі санаттары үшін сәулелік терапияны пайдаланудың мүмкіндігін кеңейтеді. Таяуда дүниежүзілік онкологтар конгресіне қатысқан отандық онкодиспансерлердің басшылары біздің орталықта болып, науқастар еміндегі тиімді жол ретінде бізге пациенттерді жіберу қажет деген ұйғарымға келді. Бүгінгі таңда 21 адам емделу үстінде, 9 адам жоспарда тұр, ал 18 пациент қаралу үстінде. Ал негізі қондырғыдан 106 адам емделіп шықты, – дейді «Даму» қоры арқылы 1 млрд теңге шамасындағы қондырғыны алып, дертті жандарға үміт сыйлаған «Үміт» Томотерапия және ядролық медицина аурухана кешені» ЖШС-ның директоры Ержан Шаяхметов,
Ал «Digital System Servis» ЖШС телекоммуникациялық нарықта 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы кезең ішінде компания өзін Mitel, Aastra, Ericsson, Avaya, Cisco, Advantech Wireless және басқа да әлемдік жетекші телекоммуникациялық жабдықтарды өндірушілердің табысты әрі сенімді серіктесі ретінде көрсете білді. Жобалау, жеткізу, монтаждау, кешенді интеграция, пайдалануға беру және сервистік қызмет көрсету, сондай-ақ IT саласындағы аутсорсингті қамтитын телекоммуникациялық жобаларды әзірлеу және іске асыру бойынша қызметтердің толық спектрін ұсынатын компания телекоммуникациялық жабдықтарды өндіру жөніндегі зауыт құрылысын жоспарлауды ойластырады. Бұл жоспарға қолдау көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2016 жылы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриалды паркінің аумағынан телекоммуникациялық жабдық-модемдер, коммутаторлар шығаратын зауыт құрылысына жер учаскесін бөлді. Ал жобаны іске асыруға қаражат керек. Осы ретте компания басшылығы «Даму» қорының астаналық филиалына жүгінеді. Сонымен «Digital System Servis» ЖШС зауыт құрылысына қажетті инвестициялық мақсаттарға 14,25%-бен несие алады, оның 40%-ын мемлекет «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде субсидиялайды. Ал арадағы айырмашылықты 5 жыл несие мерзімімен кәсіпкер төлеп, кепілдікті қамтамасыз етудің жеткіліктіліксіздігіне байланысты «Даму» қоры қарыз сомасынан 30% мөлшерінде кепілдік беріпті. Сондай-ақ компаниялар өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы аясында 6%-ға өндірістік станоктарды сатып алуға да қарыз береді. Осындай нақты қолдау арқылы компания 2018 жылдан бастап модемдер, коммутаторлар, телефон стансалары сынды телекоммуникациялық жабдықтарды өндіруге кірісті.
1992 жылы құрылған «Веста» тігін салоны ЖШС 25 жылдың жүзінде сыртқы киім, жеңіл киім, әскери киім, мектеп формасын тігумен айналысады. Алғашқы аяқ алыстары туралы серіктестік директоры Фариза Шадыжева: «Бірінші жұмысымыз ветровкалар (жеңілдетілген курткалар), пальто, қысқы курткалар мен костюмдер тігу болды. Дайын өнімдеріміз тез сатылды. Жалпы жұртшылықтан, ұйымдардан тапсырыс ала бастадық. Жаңажылдық Президент шыршасына концерттік костюмдер, оркестрлік киімдер тігіп, тынысымыз кеңейе түскенде күштік құрылымдары, алдымен Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктері, Салық комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа да мемлекеттік ведомстволар тапсырыс бере бастады. Кәсіпорын 1996 жылдан бастап, яғни 20 жылдан астам мемлекеттің барлық күштік құрылымдары үшін әскери киім тігуге маманданды. Қазір өндірісте 50-ге жуық адам, тігін ісінің үздік мамандары мен шеберлері жұмыс істейді. «Даму» қорының қолдауымен жеңілдетілген несие алып, өндірісті кеңейту мақсатында кәсіпорынның жаңа ғимаратын салуға кірістік. Қазір құрылыс тәмамдалуға жақын, келесі маусымда қазіргідей 50 емес, 100-150 адамды жұмыспен қамтитын өндіріс орнын іске қосамыз», дейді.
«Даму» арқылы дамуға қол жеткізгендердің бірі – «Көркем 2011» ЖШС. Мектепке дейінгі білім беру қызметін көрсету саласында тәжірибесі бар кәсіпорын жұмысын бастаған соң уақыт өте келе балабақшаға баласын орналастырғысы келетіндердің меселін қайтаратын болды. Себебі біреу-ақ – орын жеткіліксіз. Сондықтан екінші балабақша ашу керек деген ұйғарымға келген олар Bi Group құрылыс компаниясынан лайықты орын-жайды тауып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына қолдау көрсетуге өтініш білдірді. Жобаны «Қазақстан Халық Банкі» АҚ да қаржыландырып, компания жылдық 14,5%-бен инвестициялық мақсатта қарыз алады. Бұл борыштың 40%-ын мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде субсидиялады, ал айырмашылықты кәсіпкер төлейді. Нәтижесінде 2019 жылдың 16 қаңтарында жалпы сыйымдылығы 100 адамдық жаңа балабақша ашылды. Бұдан әрі мемлекеттің дотациясы алынған балабақшада балдырғандар бес мезгіл тамақтанып, ойындар мен сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ балақайлар серуендеп, қосымша үйірмелер жұмысына қатысып, мектепке толық даярлықпен баратын жағдайға жетті. «Бізде жұмыс істейтін адамдар қаладағы өзге жекешеленген балабақшадағы әріптестеріне қарағанда 1,5 есе артық жалақы алады» дейді Айжан Жақсыгелдинова.
Баспасөз туры барысында 4 кәсіпорын өкілдері де «Әрине, біз күнделікті атқаратын ісімізді жалғастыра беретініміз аян. Бірақ бір орында тұрып өсу, даму қиын. Ал «Даму» қоры біздің тынысымызды кеңейтіп, жаңа мүмкіндікке жол ашты. Сол үшін мемлекет тарапынан жасалған қолдауға дән ризамыз» десті.