Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция тұғыры биік тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Оның шығармалары қалам ұстағандарды қызықтырмай қоймайды. Көп жазған, жаңаша жазған. «Домбыра», «Көкшетау», «Экспресс», «Қызыл ат», «Альбатрос» поэмалары, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесалары, «Айша», «Жемістер» повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы, қазақ фольклорының тарихына арналған «Қазақ әдебиеті кітабы» бұл оның кейінге қалдырған мұрасы, жеке шығармашылығы. Оның үстінде жүздеген публицистикалық мақаласы бар. Ал «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы (қазіргі «Egemen Qazaqstan»), Халық Ағарту Комиссарының орынбасары, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, Қызылорда халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры сынды қызметтерде оның қайраткерлігі, азаматтық позициясы танылды. Ғылыми конференцияны жүргізген Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Сәкен Сейфуллин өмірбаянының бір парасын баяндап, оның жастай елдің саяси-әлеуметтік өміріне араласып, басын бәйгеге тіккенін айтты. «Қазақ жастарының, замандастарының білімді, зиялы, отаншыл болуына сіңірген еңбегі ғажап. Оның жырлары жаңа қоғам құрушыларды жігерлендірді. Ерекше рух беріп, ұлттың оянуына айрықша әсер етті. Әсіресе 1923 жылы «Еңбекшіл қазақта» жарияланған «Қазақты қазақ дейік» атты мақаласы бұрын бірде киргиз, бірде кайсак атанып келген халқымыздың қазақ атының қайтарылуына үлкен үлес қосты. Айта берсе оның шығармашылығы да, ұлт үшін атқарған қызметі де ұшан-теңіз. Сәкен тақырыбы – телегей-теңіз тақырып», деді ректор. Жиынды ашып, алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Сәкеннің 28 жасында қиын кезде, орталықтандырылған биліктің тұсында үлкен саясатқа араласқанын, әйтсе де өзінің білімділігімен, ақыл-парасатымен, отаншылдығымен еліміздегі көптеген мәселенің оң шешілуіне ықпал еткенін тілге тиек етті. «Әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде мәдениет, білім, баспасөз мәселелерін көтерді. Халықтың сауатсыздықтан, кедейліктен шығу жолдарын Кеңес үкіметі басшыларының алдына қоя білді. Солайша мемлекетіміздің қалыптасуына еңбек етті. Қырық төрт-ақ жыл ғұмыр кешті. Біз мұндай азаматтарды ұмытпауымыз керек», деді Б.Сапарбаев.
Сәкен Сейфуллинді бір адамның бойында бірнеше қасиеттің жарқырай көрінуінің мысалы деуге болады. Оның ақындығы, жазушылығы, әншілігі, қайраткерлігі, сырбаздығы, сән-салтанаты талай еңбектерге жүк болды. Десе де оның азаматтық позициясына қатысты кейде баспасөз беттерінде ұсақ даулардың бой көрсетіп қап жүргенін де айтпауға болмайды. Ол – даңқты тұлғаның Кеңес өкіметі жағында қызмет етуімен тікелей байланысты. Бұған қатысты өз көзқарасын Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет былайша жеткізді: «Алаш арыстары баррикаданың екі жағында тұрса да, бір мүддеге – қазақтың мүддесіне қызмет етті. Біз мұны бағалауымыз керек». Ұ.Есдәулет өз заманында тұлғаның қазақ тілін қорғап тоғыз мақала жазғанын, солайша 1924 жылдың шілдесінен бастап кеңсе қағаздары өз ана тілімізде жүргізіле бастауына зор еңбек сіңіргенін баса айтты.
Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов баяндама жасап, Сейфуллин поэзиясының жаңашылдығын ондағы сан қырлы, сан сипатты һәм мың бояулы, мың әуезді иірімдермен түсіндірді. «Сәкеннің поэзиясы бірде найзағай дауылындай, бірде сұңқардың даусындай, аққудың сұңқылындай, кейде үйректің сымпылындай, қаздың қаңқылындай алуан дыбыстар шығарады. Оның поэзиясы жаңаша дауыс, жаңаша интонация, жаңаша екпінмен өрнектелген», деді профессор. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов Сәкен Сейфуллинді ұғымға, символға айналған тұлға ретінде қарастырды. «Қазақ үшін Сәкеннің орны бөлек екенін айтып жатудың өзі артық. Басқасын былай қойғанда Сәкен батаға кірген адам ғой. «Сәкеннің сәнін берсін» деп бата береміз. Батаға кірген адам қасиетті адам. Бұл ұғымға, символға айналған жан. Сәкен – сұлулықтың, серіліктің, тектіліктің, тазалықтың, ерліктің символы», деді С.Абдрахманов.
Конференцияда тұлға туралы екі кітаптың таныстырылымы өтті. Алғашқысы – ТҮРКСОЙ ұйымы шығарған «Үш арыс» атты кітап-альбом. Кітап-альбом қазақ және орыс тілдерінде Германияда жарық көрген. Онда Сәкен, Ілияс, Бейімбет жайлы деректер, зерттеулерге қоса қылқалам шеберлерінің де туындыларына орын берілген. Жиында баяндама жасаған ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қасейінов бір жылда репрессияға ұшыраған қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі туралы мазмұнды баяндама жасап, жаңа тұрпатты әдебиеттің бастауында тұрған тұлғалардың тек қазақтың ғана емес, исі түркі жұртының мақтанышы екенін жеткізді. Сейфуллин жайлы екінші кітап – «Сәкен» деп аталады. Репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоғамдық қоры шығарған кітап жайында белгілі айтыс ақыны Аманжол Әлтай баяндады.
Жиын соңында Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі Л.П.Воробьев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері С.В.Ананьева, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының директоры А.Ахматалиев қатарлы ғалымдар баяндама жасады.