Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті кеше Жанама ауылынан жоғалған қос сәбидің бірінің денесі бүгін сағат 11.00-де ауылдан 1 шақырым жердегі Қарасу аңғарынан табылғанын хабарлады.
Айта кетейік, бүгін Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Ақжайық ауданына қарасты Жанама ауылынан 5 және 2 жасар қос сәбидің жоғалып кеткендігі туралы оқыс хабар таратқан болатын.
Оқиға 24 қазан күні түстен кейін болған. Жоғалған балалардың анасының айтуынша, аулада ойнап жүрген ұлдарын сыртынан бақылап қойып, үй шаруасымен айналысып жүрген ол сағат 15.00 шамасында балалардың жоқ екенін байқайды. Әуелі үйі мен қора-қопсы маңынан іздеп, таппаған соң ағайын-туысы мен көршілеріне хабар берген. Еш нәтиже болмаған соң кешкі 20.30-да Тайпақ полиция бөліміне хабарлаған.
Оқиғадан хабар алған соң Тайпақ пен Ақжайық аудандық полиция бөлімі қызметкерлері дереу іздестіру шараларына кіріскен. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының жедел іздестіру мәселелері бойынша орынбасары полиция полковнигі А.Меңдіғалин 24-қазан күні түнде, ал департамент бастығы генерал-майор М.Әбіләзимовтың өзі 25-і күні таңмен оқиға орнына барғаны. Іске 100-ге жуық полиция қызметкері, арнаулы жасақ өкілдері, құтқарушылар, ауылдың жүздеген тұрғыны жұмылған.
Полиция құрылымдары жоғалған екі сәби – Орынбасар Бексұлтан Асқарұлы (02.10.2014 ж.т.) мен Орынбасар Нұрислам Асқарұлына (23.11.2017ж.т.) іздеу жариялады. Журналистер, қарапайым тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы хабар таратып, қос сәбидің аман-есен табылуын тілеп жатты.
- Балалардың ата-анасы оғаш қылығы жоқ, қарапайым ауыл тұрғындары. Отбасында осы екі ұлы ғана. Ұлдардың әкесі Асқар Сарытоғай ауылдық округінде оператор болып қызмет етсе, анасы бала күтіміне байланысты үй шаруасында болған, - деп хабарлады БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков.
Айта кетейік, Ақжайық ауылы, Сарытоғай ауылдық округіне қарасты Жанама ауылында 166 үй, 1042 тұрғын бар. Ауылдан 1 км қашықта Қарасу арнасы бар, 4 шақырымдай жерде Жайық өзені ағып өтеді. Іздеу жұмысына құтқару жасағының иісшіл екі иті, сүңгуірлер тобы қосылған. Оқиға болған жерде ұялы байланыс желісі нашарлығы іздестіру жұмысына кедергі келтірген.
Жоғалған сәбилерді іздеу жұмысы түні бойы тоқтаған жоқ. Оқыс оқиғаға орай Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары С.Сүйінбаев, Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бөлім бастығы Максим Хайрекенов, Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Жедел құтқару жасағының басшысы А.Қылышев баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистерге соңғы мәліметтерді жария етті. Өкінішке қарай, сүңгуірлер Қарасу аңғарынан 2014 жылы туған Бексұлтанның денесін тауыпты. Екінші сәби әлі іздестірілу үстінде.
Батыс Қазақстан