Премьер-Министр Асқар Мамин Мәскеуге сапары аясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырыстарына қатысып, онда ТМД және ЕАЭО кеңістігінде экономикалық интеграцияға қатысты өзекті мәселелерді шешу бойынша бірқатар бастамаларды көтерді. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
ТМД ҮБК шағын құрамда өткен отырысында Қазақстан Премьер-Министрі Достастық аясында сауда кооперациясын одан әрі нығайту, «өсудің жаңа нүктелерін» іздеу және инвестициялық капиталды тарту мәселелерінде проактивті позицияны қалыптастырудың қажеттілігіне назар аударды.
Үкімет басшысы алдағы үш жылға арналған ТМД инвестициялық стратегиясын әзірлеуді, озық тәжірибелермен алмасу және қаржылық қызметтерді өзара ұсыну жұмыстарын жандандыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.
Премьер-Министр ТМД аясында көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы келісім жобасын келісу жұмыстарын жеделдетудің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ТМД елдерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеу туралы бастама көтерді.
ТМД ҮБК шағын және кеңейтілген құрамдардағы отырыстарының қорытындылары бойынша бірқатар құжаттар қабылданды, оның ішінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің қоғамды цифрлық дамыту саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасы және оны іске асырудың бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясы және т.б. бар. Достастыққа төрағалық ету Түрікменстаннан Өзбекстанға өтті, ТМД ҮБК кезекті отырысын 2020 жылғы мамыр айында Ташкент қаласында өткізу жоспарланды.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин өзара сауда-саттықты дамыту жолында басымдықты міндет ретінде ЕАЭО ішкі нарығындағы әкімшілік кедергілерді кешенді түрде жоюды атады.
«Бизнес бетпе-бет келіп отырған қолданыстағы Кедергілерді жою тәртібі транспаренттілікті және қабылданатын шешімдердің тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Тәртіпке түзетулер Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) жолданды, бұл түзетулер шешімдерді әзірлеу процесін реттеуге және шағымдарды қарастыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.
Қазақстан Премьер-Министрі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтерін Еуразиялық экономикалық одақта цифрлық сауданы дамыту үшін жағдайлар жасау бойынша әзірленіп жатқан Жол картасы аясында үшінші елдерге тауарлар мен қызметтер экспортын ынталандыруға және цифрлық сауда арналарын дамытуға ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Үкімет басшысы үшінші елдердің ауыл шаруашылығы нарықтарына шығу бойынша бірлескен жұмыстарды жүргізу қажеттігін атап өтті.
«ЕЭК-ке біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріміздің шетел нарықтарында болуына талдау жүргізіп, біз бәсекелес болып отырған тауарлар тізімін анықтап, экспортты ұлғайту үшін нақты шаралар ұсынуды тапсыруды ұсынамын», — деді Премьер-Министр.
А. Мамин ЕАЭО аясында мобильді операторлардың роумингін кезең-кезеңмен алып тастау бойынша бірлескен жоспарды әзірлеп, іске асыруды ұсынды.
«ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің әрбір азаматы экономикалық интеграцияның нақты пайдасын сезінуі тиіс. Технологиялар тұрғысынан “өзімізге” және “қонақтарға” қызмет көрсетуде еш айырмашылық жоқ. Мәселе заңнамалар мен оператораралық тарифтердің айырмашылықтарында. Еуропалық одақ роумингті алып тастауға 10 жыл бойы тырысты, соның нәтижесінде 2017 жылы ол алынып тасталды», — деді Қазақстан Үкіметінің басшысы.
Премьер-Министр өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектер нарықтарында бәсекелі жағдайлар жасау бойынша ұсыныстар әзірлеп, осы саладағы халықаралық ережелерді ескерумен қосымша тексеру рәсімдерін жүргізбей-ақ, өзара мойындау мүмкін болатын препараттар желісін нақтылауды ұсынды.
ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша Сербия Республикасымен Еркін сауда аймағы туралы келісімге, Ауыл шаруашылығында малдарға селекциялық-асыл тұқымдандыру жұмыстарын жүргізуді бірегейлендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге, Бағалы металдар және бағалы тастармен операциялар жүргізудің ерекшеліктері туралы келісімге және бірқатар басқа құжаттарға қол қойылды.
Сонымен қатар, сапар аясында Премьер-Министр А. Мамин РФ Үкіметінің Төрағасы Д. Медведевпен екіжақты келіссөздер өткізді, оның барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды, транзиттік-көлік және өнеркәсіптік салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.