Түркі әлемінің Еуразия кеңістігінің едәуір бөлігін алып жатқаны белгілі. Қазіргі кезде Жер шарын шамамен 200 миллион түркі мекендейді. Оларды этногенез, діл, тіл, тарих, әдебиет, рухани және материалдық мәдениет, тұрмыс салты мен әдет-ғұрыптар, салт-сана ортақтығы біріктіріп отыр. Түркі әлемінің рухани құндылықтары, сан ғасырлық, ерекше көп үнді мәдениеті күллі әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі болып табылады. Барлық тарихи сынақтардан өтіп келген бұл өзгеше мәдениет ХХІ ғасырда да әлемдік зияткерлік дамудың ағымында болмақ.
Алайда, мәдени бірегейлену мен жаһандану үдерістерінің қайтарымсыздығы жағдайында түркі ареалына кіретін, әсіресе, “саны аз” халықтардың рухани табиғи бет-бейнесіндегі ерекшеліктер қатерлі аймаққа еніп отыр. Олардың тіпті толық жойылу қаупі жоқ емес. Социалистік идеалдардың күйреуі нәтижесінде мәдениеттердің этностық деңгейде бірігу үрдісі күшейе түсті. Халықтар тарихындағы мәдени, ділдік ұқсастықтар олардың арасындағы қатынастарда маңызды аргументке айналды. Мұның өзі халықтар арасындағы этностық, тілдік және тарихи жақындықты басты құндылық санайтын жаңа мәдени ұрандардың жариялануына әкелді.
Түркітілді кеңістік тарихи даму барысында қашан да мәдениеттердің алуан түрлілігімен ерекшеленетін, “Батыс пен Шығыс” арасындағы мәдени үнқатысуда өзгеге ұқсамайтын көпір іспеттес болған еді. Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің аралығында, еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан осы айтылғандардың жарқын үлгісіндей. Елдің осынау ерекшелігін ерте ұғынған Елбасы өзінің сара саясатын сарабдалдықпен жүргізіп келеді.
Жақсы ниетті барлық адамдар арасында баянды бейбітшіліктің, планетарлық деңгейдегі үнқатысудың, ынтымақтастықтың орнығуына жағдай жасайды. ХХ ғасырдың соңына қарай Жер шарының халықтары “қырғи-қабақ соғыс” тоңын жібіте алды. Идеологиялық қарама-қарсылықтың қатаң шекараларын еңсере білді. Адамзат жаңа тарихи кезеңге бұрын-соңды болмаған дарқан пейілмен, ерекше үмітпен кірді. Жер бетіндегі бейбітшіліктің баянды болуы үшін, азаттық пен ынтымақтастық үшін халықтар бір-біріне достық қолын созды. Осындай игі бастамалардың басы-қасында жүретін көреген басшылардың қатарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәртебесі биік, мерейі үстем деп ойлаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлы қиын-қыстау, тар кезеңде шын мәнінде халқымыздың бағына орай билік басына келген, оны нұрлы болашаққа жетелейтін көшбасшы бола білді.
Әлемдік қоғамдастықтың гүлденуіне әкелетін, халықаралық қатынастардың ізгіленуі мен тұрақтануына бағытталған рухани даму басымдықтарын аймақтық және жалпы ғаламдық деңгейде түйсініп, тани білуді қажет ететін қазіргі заманда егемен ел болып етек-жеңімізді жиып, жақсылардың қатарына қосылуды ойластырып отыруымыздың өзі жақсы көшбасшымыздың болуының арқасында қолымыз жетіп отырған жағдай екендігі даусыз ақиқат нәрсе.
Өткен 2009 жылы 8 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткішті ашты. Президентіміз: “Ескерткіш Қазақстан мен Түрік Республикасы арасындағы достық қатынастарды бұдан әрі нығайту мақсатында Түркияның тұңғыш президенті, әрі аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері Ататүріктің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында, қойылып отыр. Осы ескерткішті орната отырып, біз барлық түркі халықтарының бауырластығы мен бірлігі туралы армандаған осы бір ұлы адамның есімін жадымызда ұстаймыз”, – деген еді.
Президент және де өз сөзінде: “Ататүрік адамзат тарихында жаңашыл басшы ретінде, Түркияны бөлшектенуден сақтап қалған, империялық амбициялардан бас тартқан, өз мемлекетін, өз жерін аман алып қалған адам ретінде қалды. Оның еңбегінің арқасында Түркия сыйлы да дамып келе жатқан, тамаша мемлекет болып табылады”, – деген болатын.
Бұл сөздердің астарында Ел басшысының Ататүрік тұлғасына деген үлкен құрмет жатыр деп ойлаймыз. Себебі, Мұстафа Кемал Ататүріктің ел азаттығы, ел бірлігі, ел болашағы үшін еткен еңбектері ересен көп.
Мәселен, Мұстафа Кемалдың елде банк ісін жақсы жолға қоюы, жерсіз шаруаларға жел телімдерін беру ісін жүзеге асыруы, елдің өнеркәсібін арнайы Заң шығара отырып, дұрыс жолға қоюы, ауылшаруашылық кооперативтерін құруды қолдауы, бүкіл ел аумағында жолдар салуды қолға алуы, саяси өмірде – Сұлтанат пен Халифатты таратып, Республиканы жариялауы, бірпартиялық (халықтық) саяси жүйені орнықтыруы, кейіннен кемализм аталатын саяси идеологияны орнықтыруы, қоғамдық өмірде – діни ордендердің жұмыс жасауына тыйым салуы, жаңа азаматтық Кодексті қабылдау ісіне қызмет жасауы, білім беру ісін орталықтандыруы, 1928 жылы 1 қарашада латын графикасына негізделген жаңа түрік әліпбиінің қабылдануына еңбек сіңіруі, осы жылдары Түрік тіл қоғамы мен Түрік тарих қоғамын құруы, университеттік білімді реттеуі (1933), т.б. еңбектері туралы көп айта беруге болады.
Президент Н.Назарбаев әрқашанда туыстас түркі елдерімен жақын, достық қарым-қатынастар орнатуды көздеп, осы мақсатпен атқарылатын іс-шараларға мұрындық болып отырды. 1992 жылы 27 тамызда Қазақстан Республикасы мен Әзірбайжан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнағаннан бастап, Президент Н.Назарбаев екі ел арасында конструктивті, терезесі тең саяси-экономикалық үнқатысу орнатуға тырысты. 1996 жылдың қыркүйек айында Әзірбайжан астанасы – Баку қаласына ресми сапармен барған кезінен бастап Н.Назарбаев екі түркі мемлекетінің достық қатынаста болуының қаншалықты маңыздылығын іс жүзінде дәлелдеп келеді. Президентіміздің туыстас елдің жерінде болып жатқан Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен шешу ісіне ара-ағайындық жасауға бірнеше мәрте ұсыныс жасағандығы әлемге мәлім.
Қазақстан – Әзірбайжан қатынастары Н.Назарбаевтың 2005 жылғы мамыр айында Бакуге ресми сапар барысында қол қойған Стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар жөніндегі келісім қағидаттарына сай, жақсы қарқынмен дамып келеді. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың бір парасы ретінде Елбасының бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері тарапынан 2008 жылғы қазан айының басында Әзірбайжанға жасалған сапарды атауға болады.
Президент Н.Назарбаев Қазақстанмен көршілес, Орталық Азия аумағында орналасқан түркі халықтарымен тату-тәтті қатынастарда болу ісін қолға алып, қай кезде де интеграциялық іс-қимылдардың басы-қасында жүрді.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылдың 15 қазанында орнатылды. Екіжақты келісім негізінде жүз елуден астам құжатқа қол қойылған. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – 1997 жылғы сәуір айында бекітілген Мәңгі достық туралы келісім мен 2003 жылғы желтоқсанда қол қойылған Одақтастық қатынастар туралы келісім болып табылады.
Президенттің басшылығымен атқарылған игі істердің нәтижесінде екі ел арасындағы қатынастар стратегиялық және тең құқылық әріптестік рухында дамып келеді. 2007 жылғы сәуір айында болып өткен Қырғызстанға ресми сапар барысында екі елдің Сыртқы істер министрлері кеңесін және Мемлекетаралық жоғарғы кеңес құру туралы келісім жасалды. 2008 жылдың сәуір айында Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев Қазақстанға ресми сапармен келіп, Қырғызстан мен Қазақстанның Мемлекетаралық жоғарғы кеңесінің екінші отырысына қатысты. Осы сапар барысында екі елдің премьер-министрлерінің төрағалығымен өткізілетін екіжақты қарым-қатынастар бойынша Үкіметаралық кеңес құру туралы қарар қабылданды. Қазақстан сыртқы сауда бойынша Қырғызстанның ең басты әріптестерінің бірінен саналады.
Қазақстан Республикасы мен Түркіменстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 5 қазанынан бері орнатылды. 1993 жылғы 19 мамырда Екі ел арасындағы достастық қатынастар мен қарым-қатынастар орнату туралы келісім және 1997 жылғы ақпан айында жасалған Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация екі туыстас ел арасындағы ортақ іс-шараларға негіз болды.
Қазақстан Президенті Түркіменстанның бұрынғы басшысы С. Ниязовпен де, қазіргі басшысы Г.Бердымұхамедовпен де жақсы әріптестік қатынастарда болып келеді. 2007 жылғы 28-29 мамырда Г.Бердымұхамедов Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Екі ел басшылығы алуан түрлі бағыттардағы өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынастар жөніндегі мәселелерді талқылады. 2007 жылдың 11-12 қыркүйегінде Н.Назарбаевтың Түркіменстанға ресми сапары болды. Сапар кезінде Түркіменстандағы мұнай-газ орындарын игеру ісіне, Иранға баратын “Өзен-Қызылқия-Берекет” темір жол жобасына қазақстандық компаниялардың қатысуы, өнеркәсіптің түрлі салаларында біріккен кәсіпорындар құру, мәдени-гуманитарлық салада қарым-қатынас орнатудың болашағы талқыланды.
Көлік және коммуникация саласындағы ынтымақтастық қарқынды даму үстінде. Темір жол, автомобиль, су жолы арқылы қатынас орнату жолында өзара тиімді жобалар бар. Мәселен, “Астрахань – Атырау – Ақтау – Түркіменстан шекарасы” автожолы, екі ел арасында теңіз жолымен қатынас орнату жобаланып отыр. 2007 жылдың 1 желтоқсаны күні Қазақстан, Түркіменстан, Иран мемлекеттерінің үкіметтері арасында Өзен (Қазақстан) – Қызылқия – Берекет – Этрек (Түркіменстан) – Горган (Иран) темір жол желісін салу туралы келісімге қол қойылды. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар туралы айтар болсақ, 2008 жылғы сәуір-мамыр айларында Қазақстанда Түркіменстан Мәдениеті күндері болып өтті. Осы іс-шараның шеңберінде екі елдің зиялы қауымы, жалпы мәдениет қайраткерлері форумы болып өтті. 2009 жылдың маусым айында Түркіменстанда Қазақстан Мәдениеті күндері болды.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы қараша айында орнады. Саяси салада екіжақты байланыс пен ынтымақтастық туралы жүзден астам құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде негізгі құжат – Мәңгі достық туралы келісім. Н.Назарбаевтың 2006 жылғы наурыз айында Өзбекстанға барған сапары кезінде Мемлекетаралық үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды. 2008 жылдың сәуір айында Өзбекстан Республикасының президенті И.Каримовтің Қазақстанға ресми сапары болып өтті. Осы сапар барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Бизнес-орталықтар мен Сауда өкілеттіктерін ашу, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты белсенді ету туралы келісімге қол қойды.
Екі ел арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 1 788,2 млн. доллар шамасында болды. Өзбекстанда қазақстандық инвестициялармен жұмыс жасайтын 173 кәсіпорын бар. 2006 жылғы наурыз айында Халықаралық автоқатынас туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. 2006 жылдың маусым айынан бастап Алматы – Ташкент – Нүкіс – Ташкент – Алматы маршруты бойынша темір жол көлігінің қозғалысы қайта жандандырылды. “Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы” автожолымен қатынас жолға қойылды.
И.Каримовтің 2006 жылғы қыркүйектегі Астанаға мемлекеттік сапары кезінде екі ел үкіметі тарапынан мәдени-гуманитарлық салада байланыс жасау бойынша 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламаға қол қойылды. Осы бойынша театралдық, шығармашылық ұйымдардың гастрольдері, мұғалімдердің семинарлары мен кездесулері ұйымдастырылды. Қазіргі кезде мәдени-гуманитарлық салада байланыс жасау бойынша 2010-2012 жылдарға арналған бағдарламаның жаңа жобасы жасалуда.
Елбасымыздың күні кеше ғана Өзбекстанға жасаған ресми сапары туыстас екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсетіні талассыз.
Біздің тарихымыздың жаңа заманында Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы әр салалық байланыстар өзінің тұрақтылығымен, екі ел басшылығының саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды кеңейтуге деген ұмтылыстарымен ерекшеленеді. Аталған үдерістердің дамуына екі ел халықтарының тарихи, мәдени, этностық-діни жақындығы мүмкіндік тудырады.
Н.Ә.Назарбаевтың 2003 жылғы мамыр айында Түркияға ресми сапары кезінде жасалған мәлімдемеде айтылғандай, Астана мен Анкараның стратегиялық серіктестігі өз жалғасын табуда. Түрік Республикасының саяси басшылығы Қазақстанды Анкараның Орталық Азия аймағындағы саяси және сауда-экономикалық салалар бойынша сенімді серіктесі ретінде бағалауда.
Н.Назарбаев Түрік Республикасы президенттерінің қай-қайсымен де өте жақсы қатынас орната білді. Тұрғыт Өзал мен Сүлеймен Демирел тұсында да, одан кейінгі кезеңдегі Түркия президенттері Ахмет Недждет Сезер мен Абдулла Гюль тұсында да Елбасы Түркия жағының Қазақстан мүддесін қолдауына қол жеткізіп отырды. Қазақстан Президенті Түркия премьер-министрлерімен де жақсы жұмыс жасаса білді. Мәселен, 2005 жылдың мамыр айында Қазақстанға үкіметаралық келісімдерге қол қою үшін келген Р.Т.Ердоғанмен бірлесіп істеген істері аз емес.
Түркия жағының саяси және қоғамдық топтары Н.Назарбаевтың отандық және әлемдік деңгейде жасалатын ұсыныстары мен тұжырымдарын аса мұқият қадағалап отырады. Әсіресе, Н.Назарбаевтың Орталық Азия мемлекеттерінің одағын құру туралы бастамасы аса қызу қолданды. Олар бұл идеяның жүзеге асуы тек Орталық Азия үшін ғана емес, сонымен қатар, барлық түркі әлеміне де үлкен игілік әкелетінін баса айтты. Түркияның басшылары мен ірі қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың басшылары, ірі бизнес басшылары Қазақстан Президентінің жаңа мерзімге сайлану кезеңдерінде әркез қуаныштарын білдіріп отырды.
Анкараның пікірі бойынша, Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қоғамды демократияландыру мен экономиканы либералдандыру жолында маңызды кезеңдерді бастан өткерді. Қазақстан бүкіл Еуразия кеңістігі үшін барлық салалар бойынша сәтті реформалар жүргізудің үлгісі ретінде қызмет етіп келеді. Мұның бәрі бірінші кезекте Елбасының идеясы мен күш-жігері арқасында орындалып жатқандығы түркі әлеміне жақсы аян. Президенттің бастамасымен жүргізіліп отырған істердің бірі – Түркияға Қазақстан Парламенті делегациясының баруы.
Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен ашылған оқу орындарының бірі – Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Бұл оқу орнындағы 11 факультетте 25 мыңнан астам студент және аспирант жастар дәріс алады. Олардың ішінде қазақстандық жастармен бірге 28 шетелдік мемлекеттер мен автономиялық республикалардан келген тәлімгерлер бар.
Елбасы жақында болып өткен кездесу барысында түркі қауымдастығының маңызды тақырыпқа айналып отырғанын айта келіп, өз бастамасымен Түркі академиясының ашылғалы отырғанын, қазіргі кезеңде түркі әлемінің басын қосып, біріктіретін елдің Қазақстан болып отырғанын, екі айдан кейін, көктемнің соңында Академияның ашылу салтанатына Түркия президенті Абдулла Гюльдің келетінін тілге тиек етті. Ел Президенті Түркі әлемінің ғылыми-теориялық және практикалық, диахрондық және синхрондық зерттелуінің қаншалықты маңыздылығын анық танып-біліп, айқын айтып отыр.
Түркінегізді халықтардың этногенезіндегі, тіліндегі, тарихындағы, әдебиетіндегі, мәдениеті мен өнеріндегі алтын бастаулар ғылыми негізде зерттеудің қажеттілігін айқындап отыр. Түркі әлемі жалпы адамзат әлеміне не берді, түркі мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері неде, басты құндылықтары қандай, міне, осы мәселелердің барлығы да өзінің нақты ғылыми шешімін күтеді. Түркітілді елдер арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы сан ғасырлық байланыстардың, жалпыға ортақ рухани құндылықтардың, тарихи-мәдени дәстүрлердің даму тарихын зерделеудің, осы мақсатқа сай алуан түрлі ғылыми бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асырудың қажеттілігі даусыз.
Түркі әлемі – ашық әлем. Өз мәдени құндылықтарымен өзгешелене отырып, өзге мәдени бастаулармен ішкі үндестігін сақтай алатын, төлтума дүниелерді де, жалпыадамзаттық құндылықтарды да айшықтап көрсете алатын әлем. Сол себепті түркі халықтарының асыл қазынасын айқара ашып, жүйелі түрде зерделеу қажет. Жалпытүркілік мәдениет пен өнер салаларын дамытудың тарихы мен өзекті мәселелеріне арналған ғылыми симпозиумдарды, конференцияларды, пікірсайыстарды өткізудің қажеттілігі, түркі тарихының ерекше маңызды кезеңдеріне ғылыми, философиялық терең зерттемелер жасаудың керектігі, түркітілді елдердің мәдениеті мен өнерінің, тілі мен әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосқан ұлы тұлғаларға кешенді түрде ғылыми баға берудің қажеттігі түркі әлемін жүйелі түрде кешенді зерттейтін ғылыми мекеменің – Түркі академиясының құрылуын талап етіп отыр деп ойлаймыз. Қазіргі кезеңнің рухани талаптарын орындау үдесі тұрғысынан Елбасының осы бір дер кезінде жасалған игі бастамасына сәттілік тілейміз.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Білім және ғылым министрі.