Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконы жылы шыраймен қарсы алды. Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында шынайы достық байланыс орнатқан екі елдің іскерлік әріптестігіне, экономикалық, гуманитарлық және халықаралық қарым-қатынастарына тың серпін берген маңызды қадамдар түседі.
Ынтымақтастыққа серпін берген сапар
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар екі ел арасындағы өзара стратегиялық әріптестік пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына соны серпін беретінін, Беларусь Республикасы тәуелсіздігінің негізін қалаған көрнекті мемлекет қайраткері Александр Лукашенкоға Қазақстанда шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа меймандостық көрсеткені үшін ризашылығын білдірген Александр Лукашенко екі ел арасында қалыптасқан тарихи достық қарым-қатынасқа назар аударып, мұндай берік байланыс бірін-бірі толықтырып отыратын экономикамызда жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
Бұдан кейін екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Тараптар күн тәртібіндегі екіжақты ауқымды мәселелерді талқылады. Негізгі әңгіме сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту бағытында өрбіді. Сонымен қатар мемлекеттер басшылары саяси, мәдени-гуманитарлық салалар мен халықаралық құрылымдар аясындағы өзара іс-қимылдарды қарастырды.
Беларусь делегациясына ілтипат білдірген Қазақстан Президенті екі елді достық пен ынтымақтастықтың дәстүрлі арқауы байланыстыратынын айтты.
– Александр Лукашенко бастап келген делегацияның осы сапары – өзара ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылауға жақсы мүмкіндік. Біз елдеріміз арасындағы сауда-саттық көлемін ұлғайтуға, гуманитарлық саладағы байланыстарды нығайтуға, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты белсенді түрде жалғастыруға мүдделіміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін жасалған маңызды қадам саналатынын жеткізді.
Александр Лукашенко беларусь-қазақ қарым-қатынасының деңгейі екі елдің стратегиялық мүдделеріне толық сай келетінін айтты.
– Бұл – болашаққа маңызды жоспарлар жасауға мүмкіндік беретін ұзақ жылдар бойғы тынымсыз еңбектің нәтижесі. Минскі мен Нұр-Сұлтан арасында барлық деңгейдегі ықпалдастықтың оң тәжірибесі қалыптасқан, – деді Беларусь Президенті.
Сауда-экономикалық байланыстарға тоқталған Александр Лукашенко Қазақстанды негізгі сауда серіктесі санайтынын айтты. Ол соңғы үш жылда екі елдің өзара тауар айналымы екі есеге артып, 1 миллиард долларға жуықтағанын мысалға келтірді. Бұған қоса Қазақстанның Беларусь Республикасына шығаратын импорты 45 пайызға өскенін мәлім етті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өзара серіктестікті одан әрі жандандыратын және халықаралық аренадағы іс-әрекеттерді үйлестіретін Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Қазақстан – Азияға ашылған қақпа
Екіжақты шағын және кеңейтілген келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенко бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.
Алдымен екі елдің министрлер кабинеттері өкілдері бірқатар құжатқа қол қойды. Олар – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Беларусь Республикасының Тергеу комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Беларусь Республикасының Президенті жанындағы Жедел-талдау орталығы арасындағы жедел-техникалық саладағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау туралы келісім; Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2020-2021 жылдарға арналған ынтымақтастық жоспары; Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Беларусь Республикасының Мемлекеттік мүлік комитеті арасындағы жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеу мәселелері бойынша келісім; Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Жерді қашықтықтан зондтау деректерімен алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
Журналистер алдында сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусь арасындағы табысты әрі тиімді ынтымақтастықтың негізін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко қалағанын атап өтіп, Беларусь көшбасшысының бұл сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жалғасы саналатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың ТМД кеңістігіндегі ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі екеніне тоқталып, соңғы жарты жылдың ішінде онымен үшінші рет ресми кездесіп отырғанын және бұл екі тараптың да ынтымақтастықты өзара тереңдетуге және дамытуға деген ұмтылысын көрсететініне назар аударды.
Мемлекет басшысы тараптардың екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттарына, ең алдымен, сауда-экономика саласына қатысты ортақ пікірге келгенін айтты.
– Былтыр өзара сауда көлемі шамамен 800 миллион доллар болды. Бұл – жақсы үрдіс, бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті тауар айналымын және жеткізілетін тауарлар санын ұлғайту үшін екі ел үкіметтері арасында Арнайы ұзақмерзімді жоспарды әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін хабарлады және Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев брифингке қатысушылардың назарын Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара өнеркәсіптік іс-қимылдарды күшейту туралы келісімге аударды.
– Қазіргі уақытта Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. 8 бірлескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен айналысады, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттердің географиялық ерекшеліктеріне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өзара қарым-қатынастарында маңызды рөл атқаратын көлік-транзиттік іс-қимылдары жөнінде айтты.
– Егер Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь Еуропаға салынған көпір. Сондықтан елдеріміздің «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасының бір бөлігі болуы бекер емес. Оның жүзеге асырылуы сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін береді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен көлік-логистикалық компаниясының жұмысын оң бағалады. Қазақстан мен Беларусь бұл кәсіпорынның акционерлері саналады. Президенттің айтуынша, компанияның соңғы үш жыл ішіндегі қызметінің нәтижесінде Қазақстан мен Беларусь арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша контейнерлік темір жол тасымалы шамамен 6,5 есеге артқан.
Мемлекет басшысы Назарбаев Университеттің, «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің, Минскідегі жоғары технологиялар паркінің табысты қызметін үлгі ете отырып, IT саласындағы өзара ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті. Сондай-ақ қаржы саласына қатысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында ықпалдастық орнатуды ұсынды.
– Қазақстан екі мемлекеттің өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға ниетті. Бұл үшін Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізудің перспективаларын қарастыру мәселесі ұсынылды. Бүгінде Қазақстан мен Беларусь мұндай тәжірибені өзге мемлекеттермен ықпалдастықта жүзеге асырып отырғандықтан, өңірлер деңгейінде де ынтымақтастығымыз табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту маңызды деп санайтынын айтты.
Президент келіссөздер барысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өту мәселесі де көтерілгенін айтты.
– Сол сұрапыл жылдары барлық кеңес халқы сияқты қазақ-белорус халықтары да неміс басқыншыларына тізе қосып қарсы шықты. Басқыншылар әскерінің алғашқы соққысын қабылдаған Беларусь ең ауыр шығынға ұшырады. Біз әкелеріміздің ерен ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етуге міндеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын жеткізді.
– Бүгінде Қазақстан мен Беларусьтің әлемдегі ахуалдың дамуына қатысты көзқарастары ортақ және оны бірдей бағалайды. Сондай-ақ екі ел БҰҰ, ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және Еуразиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық құрылымдар аясында конструктивті ынтымақтастық орнатқан. Беларусь елі Дүниежүзілік сауда ұйымына кірген кезде біздің көрсеткен қолдауымыз өзара тиімді іс-қимылдардың дәлелі болып саналады, – деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың сапары өзара сенім мен түсіністік рухында өткенін айтып, қол жеткізілген уағдаластықтар мен қабылданған шешімдер екі ел халықтарының игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Беларусь – Еуропаға салынған көпір
Ал өз кезегінде Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Қазақстанмен ынтымақтастықтың өз елі үшін басым бағыттары туралы әңгімеледі.
– Басым бағыт ретінде өнеркәсіп кооперациясын одан әрі дамыту белгіленді. Біз кең таралған және дамыған қарапайым саудадан кооперациялық қарым-қатынастарға өтеміз. Бүгінде мұнда комбайн, трактор, жүк көлігі, тіркеме және аспалы ауыл шаруашылығы техникасы сияқты Беларусь техникаларын құрастыру бойынша бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. Біз комбайндар өндірісінің көлемін ұлғайту туралы келістік, сондай-ақ Қазақстанда Минск трактор зауытының техникасын шығару бойынша одан әрі жұмыс стратегиясын анықтадық, – деді Александр Лукашенко.
Ол елдің өнеркәсіп кооперациясымен қатар ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, жол құрылысы, жоғары технологиялар, ғарышты бейбіт игеру сияқты экономиканың басқа салаларында тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін қажетті әлеуетке ие екенін атап өтті.
– Дәстүрлі түрде бізді Қазақстанда өндірілетін металдар, астық, мақта талшығы, мұнай өнімдері қызықтырады. Өздеріңіз білетіндей, Беларусь мұнай жеткізуді әртараптандыру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Сондықтан біз Қазақстаннан бұл шикізатты импорттауға мүдделіміз. Біз жақын арада қазақстандық мұнай транзитін Ресей аумағындағы құбыржол арқылы жүзеге асыру үшін Ресеймен консультациялар өткіземіз деп келістік. Мен бір байламға келеміз деп ойлаймын, – деді Беларусь Президенті.
Сондай-ақ ол жоғары технологиялар саласын дамытуды ескере отырып, екіжақты инвестициялық өзара іс-қимыл үшін жақсы мүмкіндіктер ашылғанын, келешегі бар компаниялар мен стартаптарды дамытумен айналысатын бірлескен венчурлік қор құру туралы мәселені пысықтауға келіскендерін мәлімдеді.
Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевты Беларуське 2020 жылы ресми сапармен келуге шақырды. Ол бұл сапар бүгінгі Нұр-Сұлтанда қол қойылған келісімдердің орындалуын қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Қазақстан бізге стратегиялық, одақтастық және бауырластық қарым-қатынас жасайтындай шынайы дос екенін уақыт дәлелдеген. Қазақстан халқына Беларусьпен тығыз байланыс орнатып, дұрыс жасадыңыздар дегім келеді. Біз – сөзге берік халықпыз, ешқашан ешкімді жерге қаратпадық және сіздердің де сенімдеріңізді ақтаймыз. Еуропа орталығында бір үйіміз бар деп біле жүріңіздер, – деді Президент.
Келіссөздерді қорытындылай келе, Александр Лукашенко Қазақстан тарапына сындарлы көзқарас пен екі елдің игілігі үшін барлық күш-жігерді салуға әзірлігіне алғысын білдірді.