Үкіметтің қаулысымен 2006 жылы құрылған «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы – еліміздегі ғылыми жаңалықтардың өндіріске енуіне жағдай жасап отырған бірден-бір ұйым. Осыған дейін көптеген жобаның жұлдызын жақты. Ал сол қаншама қаржы құйылған жұмыстардың жемісін қоғам көріп жүр ме? Қаражаттың көлеңкелі тұстарын меңзейтін көңілі күпті көпшіліктің көкейдегі сауалдары тағы бар. Әлемде өнертабысты өнімге айналдыру арқылы бүтін бір мемлекеттің экономикалық ахуалын алға шығарып отырған елдер жетерлік. Біздегі нәтиже қандай?
Ғылым таппай мақтанба
Келер жылы 175 жылдық мерейтойы аталып өтетін қазақтың бас ақыны Абай айтқан осы бір сөзді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Бәріміз білетіндіктен де болар, жай жаттанды сөзге айналып бара жатқандай. Әйтпесе, ғылымымызды дамытпай тұрып, өткеніміздегі жауынгерлік өнерімізбен немесе бүгініміздегі жалт-жұлт еткен сахна жұлдыздарымен танауымызды көкке көтермейтін едік. Бір жарым ғасырдай уақыт өтсе де маңызын жоғалтпаған осынау өлең жолдары әлі де еліміздің ертеңгі жолына шырақ жағатын секілді. Ғылым мен техниканың дәуірінде ғылымды тауып тұрып та паңдануға келмейтіндей көрінеді. Себебі қазір ғылыми жаңалық ашудан да маңызды мәселе бар, ол – оның өндіріске енуі, яғни адамзаттың, қоғамның қажетіне жарауы.
Қаржыландыру санға емес, сапаға жұмыс істесе
Жақында Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылымтану» атты бейресми отырысқа қатыстық. Сонда сөз алған жас ғалым Жандос Тауанов қор қаржыландыратын отандық жобалардың жоғары нәтижелі болмауының себебін қаражат бөлінісіндегі олқылықтардан көреді. «Біздегі қор көптеген жобаға қаржылық қолдау көрсетеді. Сол арқылы біраз жұмыс жемісін берді. Ал нәтижесіз жобаларға келер болсақ, оның бір себебі – жобалардың көбінің толық емес, жартылай, кейде тіпті болар-болмас бөлігінің қаржыландырылуында. Айталық, бір жақсы жоба 100 млн теңгені құрайды делік, бірақ қор 300 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсете алатынына қарамастан тек 20 млн бөледі. Байқасаңыз, 20 пайыз ғана қолдау көрсетіліп тұр. Демек, қолға алынған істің қорытындысы да 20 пайыз орындалады», дейді. Ж.Тауановтың айтуынша, қаржыландыру жобалардың санына ғана емес, сапасына, яғни нәтижесіне жұмыс істеуі қажет.
Ал 20 жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан, 10 ғылым кандидаты, 6 ғылым докторы, 6 PhD, 7 докторант еңбек ететін «Антиген» ғылыми-өндірістік зертханасының директоры Нұрлан Нұролдаұлы көп мәселе жоба жетекшісіне байланысты дегенді айтады.
Яғни, жобаның шығынын жоспарлағанда дұрыстап негіздеу керек, барлық майда-шүйде түгелімен есептеуді қажет етеді. Кейбіреулер көп жоспарлап қойып, «таяқ жеп» жүреді. «Мен мал дәрігері мамандығын бітіргенмін. Өндіріс саласында ісімді алға дөңгелетіп келе жатқаныма 40 жылдан асты. Осы уақытқа дейін көптеген игі істі қордың қаржыландыруы нәтижесінде жемісті жүзеге асырып келемін. Жақында еліміздегі ара шаруашылығы өнімдерін сертификаттаумен айналыстық, соның қорытындысы бойынша отандық өнімді экспорттауға жол ашылды.
Әрине жобаны 100 пайыз қаржыландырады деп айта алмаймын, өнімнің, істің сапалы болуы онымен айналысатын мекеменің техникалық базасы мен мамандардың біліктілігіне байланысты. Мысалы, мен 100 млн-ға құрал алдым. Мекемемнің қаражатымен мұндайға қол жеткізе алмаймын. Сол себепті шынымен де өнім өндіремін деген адамға қор көп көмек көрсетеді», дейді.
Отандық өнімнің бәсі биік болмай тұр
Кәсіпкер-ғалым Н.Нұролдаұлының сөзіне сүйенсек, қор қаржыландырған жобалардың қоғам қажетіне жарамай жатуы жоғарыдан шешілетін мәселелерден туындап отыр. Айталық, мемлекеттің қаражатына өндірілген өнім шетелдік тауарлармен тең дәрежеде тендерге қатысады. «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы бері Үкіметтің қолдауымен, қордың қаржыландыруымен өндірген өнімдеріміз жәутеңдеп қалды. Украина, Беларусь, т.б. елдердің кәсіпкерлері өз үйінде жүргендей сезінеді. Өзіміздің тауарларға бұрын болған 30 пайызға дейінгі жеңілдіктердің бәрі алынып тасталды, отандық өнімдерді сатып алуды талап ететін жағдай жасалмай жатыр. Қалай болғанда да өз өнімдеріміз өзгелердікінен бір саты биік тұруы тиіс қой», дейді. Маманның пайымдауынша, бұл жаңа жүйе әлбетте отандық өнім өндірушілерді бәсекеге қабілетті етуге септесетін шығар. Дегенмен, Үкіметте «өзіміздің қор қаржыландырды-ау, мемлекеттің ақшасына құрал сатып алынды-ау» деген жанашырлық болуы керек.
Расымен де көп кәсіпкерлердің, әсіресе осы ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізумен айналысып отырған азаматтардың алаңы – сатылымға деген сенімнің аздығы. Егер Үкімет мемлекеттің қаржысына шығарылған тауарды мүдделі мекемелердің сатып алуына кепілдікті қамтамасыз етсе, мамандар оның сапалы шығуына жанын салар еді. Әйтпесе уайыммен жүрген адам жұмысты жан-тәнімен, шын беріліп істейді дегенге көңіл сене қоймайды.
Биылғы қаржының 30 пайызын ғана алдық
Жас ғалым Жандос Керімқұлов «Egistic – Жерді қашықтықтан зондтау технологиялары бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын мониторингілеу және басқаруға арналған онлайн-платформа» құрған. Елбасының жоғары бағасына ие болған бұл еңбегін әлі де жалғастырып жүр. Бірақ оны өз бетімен инвесторларды тарту арқылы ғана тоқтатпай тұр. Себебі Жандос Ғылым қорының 2019 жылға арнап жобасы үшін бөлген қаржының жартысына да қол жеткізбеген. Ал жыл болса, енді екі айда тәмамдалуға таяу. Қор жобаны 10 ай ішінде 30 пайыз ғана қаржыландырса да жұмыстың нәтижесі соншалықты төмен болып тұрған жоқ. «2018 жылы қаржыландыру болмады. Биылға бөлінген ақшаның 30 пайызын ғана алдық. Мұның себебін қор қаржының тапшылығымен түсіндірді. Біз қорға қарап қалмай, жеке инвесторларды іздедік. Бұл негізі акционерлік қоғамның басшылығындағы ауыс-түйіспен байланысты болуы керек. Жақында тағайындалған төраға жобалар туралы ақпарат алдырды, соған қарағанда бір нәтиже шығатын шығар», дейді Ж.Керімқұлов. Осындай олқылықтарға қарамастан, онлайн-платформаға 500-ге жуық қолданушы тіркеліп үлгеріпті, олардың 100 шақтысы төлем төлеген. Пайдаланушылардың басым бөлігі ешқандай жарнамасыз тіркелген көрінеді. Қолданушылардың арасында кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері, егін шаруашылығымен айналысатындар бар. Жайылым жерлер мен егістіктердің жалпы жағдайын анық көрсетіп беретін рентген секілді қызметті ұсынып отырған бұл жобаның берері мол. «Қордың қолдауы бізге көп мүмкіндік сыйлады. Биылғы жобамызды 30 пайыз қаржыландыруының өзі бізді біраз шығыннан, көп қауіптен құтқарып қалды. Осының нәтижесінде біршама қызметкерге жұмыс бердік. Негізі менің сөзімді еліміздегі инвесторлар естісе екен деймін. Олар бірден қанша пайыз ақшаның қайтатынын есептеп отырады, жоба алдымен нәтижеге, өнімге, сапаға, содан соң барып табысқа жұмыс істейтінін айтсаң, түсінбейді. Әлбетте инвестицияның заңы да – сол. Алайда филантроптар түрлі ойын-сауық шараларына, яки бір әулеттің атасына ескерткіш қоюға емес, отандық ғылым мен өндірістің дамуына үлес қосуға атсалысса, әлдеқайда пайдалы әрі тиімді іс болар еді», дейді.
P.S. Өнімін бере алмаған өнертабыстың ғұмыры келте келеді. Ал өнім сұранысқа ие болмаса, құны қалмайды. Қайтпек керек? Әрбір өнімді енді ғана отырғызылған шыбыққа теңесек, оның кең қанат жайып, айналасына жұртты саялатар алып ағашқа айналуы үшін көп күтім, баптау қажет. Қордың қаржыландыруы бәлкім күннің сәулесі секілді дейік, бірақ шыбықтың алып ағашқа айналуына бұл жеткіліксіз ғой. Оны суарып, арам шөбін отап, топырағын қопсытып отыру керек. Шындығында көре білсек, бізде «осы елге сая болса екен» деп түрлі өнімдерді өмірге әкеліп жүрген ғалымдар баршылық. 25 сотық үйдің айналасын жағалай өскен талдарды күтіп-баптау жауапкершілігін отбасындағы бір-ақ адамның мойнына іліп қойса, жұмыстың сапасына сенім жоғалатыны сияқты, еліміздегі 100 мыңдап келетін жобаны жемісін бергенше қолдау – жұмыла көтеруді қажет ететін салмақты жүк.