• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қазан, 2019

Жыр жаттаған жеңімпазға – 1 миллион теңге

278 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының дәстүрлі – «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өткізіліп келеді.

Осы айтулы жоба аясында Шым­кент қаласындағы мектеп­тер­дің 6-10-сынып оқушылары ара­сында республикалық «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы өтеді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орта­лы­ғында өткен баспасөз брифин­гінде айтылды.

Байқау қарсаңында Шымкент қала­сындағы С.Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейде «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының таныс­тырылымы болды. Жиынға қала мектептерінің қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен сайыс үміткерлері қатысты. Бүгінде аталған додада бақ сынауға қаладағы 116 мектептен 1094 оқушы, 610 мұғалім ниет білдірген. Байқаудың аудандық іріктеу кезеңдері 28-31 қазан аралығында, қалалық кезең 6 қараша күні өтеді деп жоспарлануда.

«Қатысушылар жырды толық жаттап, көнерген сөздердің мағынасын түсіндіруі тиіс. Сондай-ақ әдебиет пәнінен қойылатын сұрақтарға жауап береді. Қалалық кезеңде 4 ауданнан 3 оқушыдан іріктеліп, 12 қатысушы бақ сынайды. Биыл «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында оқушылар 132 бет, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтпақ. Іс-шараның таныстырылымына келген үміткерлердің арасынан 100 бетке дейін жаттаған оқушылар іріктеліп, дайындығы пысық­тал­ды», деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының Шымкент қаласы бойынша ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Кенжебай Нұрдәулет.

Биыл жоба республикалық ауқымда өтуде. Жеңімпаз 1 миллион теңге жүлдеге ие болады. 2-орынға – 600 мың, ал 3-орынға 300 мың теңге беріледі.

Өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеуге шақыратын байқауға ниет білдірген жас өскіндердің қатары жыл өткен сайын артып келеді. Жас буын­ды елдік пен ерлік рухқа, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу керек дейді ұйымдастырушылар.

 

ШЫМКЕНТ