Пернебай Дүйсенбин оқырман қауымға балалар жазушысы ретінде белгілі. Ол әр жылдары ұйымдастырылған республикалық жабық бәйгелердің бірнеше рет жеңімпазы атанды. Қаламгердің қаламынан ауыл балаларының өмірін қамтыған бірнеше повесть, әңгіме, өлең, ертегілер туған. Сонымен қатар жазушы шығармашылығынан Жапонияның Нагасаки қаласына тасталған атом бомбасының зардаптары, халықтар достығы секілді мәселелер де тыс қалмаған.
Жас оқырмандар үшін Пернебай Дүйсенбин шығармаларынан алатын шынайы дүние көп. Осы орайда Жамбыл облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығында Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен жазушы шығармашылығынан байқау өз мәресіне жетті. Байқаудың алғашқы кезеңіне қалалық, аудандық және ауылдық балалар кітапханаларының 7-10 және 10-15 жас аралығындағы оқырмандары қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Оған жас ерекшеліктеріне қарай екі топта 18 үміткер қатысқан.
Байқауды Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Лесбек Амалов құттықтау сөз сөйлеп ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Өз кезегінде жасөспірім кітапқұмарлар «Мен кітапхананың тұрақты оқырманымын» – өзін-өзі таныстыру, «Пернебай Дүйсенбин – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі» – автордың балалар өмірі туралы шығармаларынан үзінділерді жатқа айту, театрландырылған көрініс қою, «Портрет галереясы» – сомсуретте бейнеленген кісінің кім екенін табу, «Әдеби бәйге» – жазушы өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру кезеңдерінде бар білгенін ортаға салды. Сондай-ақ жас оқырмандар автордың «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, әке», «Сол бір ертегі...», «Қайсар Қарындаш туралы хикая», «Есен-сау жүріңізші, әке», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма», «Ойынпаз ойыншықтар отауында немесе Дәуреннің ойыншықтары» повестері мен «Ай айтқан сыр», «Көлбақа оқиғасы», «Өтпелі машина», «Достасу» секілді бірқатар әңгімелерін және ақ өлең түрінде жазылған «Алпамыс» драмасының үзінділерін жатқа айтып, жазушы шығармашылығымен жан-жақты таныс екендіктерін көрсетті.
Қазылар алқасы балаларды шығарманы таңдау талғамына, дауыс мәнеріне, тіл тазалығына, жан-жақтылығына және де сахнада өзін өзі ұстау мәдениетіне айрықша назар аударды. Іс-шара соңынан қазылар алқасының төрағасы, жазушы-драматург Елен Әлімжан жиналғандарды байқау қорытындысымен таныстырып, балалардың талабына тілектестігін жеткізді. Жеңімпаз және жүлдегер атанған оқырмандар дипломдармен, ал өзге қатысушылар Алғыс хаттарымен марапатталды. Жазушы Пернебай Дүйсенбин жас оқырмандарының барлығына да өзінің тілегі жазылып, қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйлады.
Жамбыл облысы