• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қазан, 2019

Оралда полиция қызметкері суицид жасамақ болған қызды құтқарды

414 рет
көрсетілді

Орал қаласында Шаған өзеніндегі көпірден суға секіріп өлмек болған 20 жасар қызды полиция арнаулы жасағының жауынгері құтқарып қалды. Жыл басынан бері батыс қазақстандық полиция қызметкерлері осымен үшінші адамды суицидтен аман алып қалған екен.

-Кезекшіліктен шыққан соң қызымды театрға, би сайысына алып бардым. Түс кезінде үйге қарай шыққанбыз. Көлігімде анам мен қызым болды. Шаған көпірінен өтіп бара жатқанда бойжеткен қыздың жанынан өтіп кеттім. Бірнеше секундтан кейін айнадан қарасам, бойжеткен бір аяғын көпірдің қоршау кермесіне салып тұр екен. Оқыс оқиға болатынын бірден сездім. Көпірден шыға бере тоқтап, кейін жүгіргенімде, көпір үстінде ешкім жоқ еді. Қыз секіріп кеткен екен, - дейді Еркебұлан.

Ұзын бойлы, қайыңқаптал, ат жақты, қабақты келген отыз жасар жігіттің тұла бойында бір түйір артық ет жоқ. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің арнайы бөлім қызметкері болғандықтан батыр азаматты фотоға түсіруге де, аты-жөнін толық жазуға да болмайды екен. Бірақ Еркебұлан болған оқиғаны егжей-тегжейлі айтып, сұрақтарымызға толық жауап берді.

...Жүгіріп келе жатып шешінген Еркебұлан су жағасына жеткенде жағада үрпиісіп тұрған бірнеше балықшыны көреді. Ойланбастан суға секіріп, өзеннің ортасына, қыз құлаған жерге жүзіп жеткенде, бойжеткеннің денесі су бетінде қалқып тұр екен. Шашы жайылып, екі қолы екі жағына кеткен. Тіршілік белгісі білінбейді. Қызды шашынан ұстап жақын жердегі көпірдің тірек ұстынына қарай жүзді. Су терең екен, аяғы тимеді. Бетон тақтаға жақындап келіп, бір қолымен тырмысып, өзі шықты. Сосын қызды да тартып, сол цемент алаңшаға шығарып алды. Бірден жасанды демалдыруға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісті.

-Жағадағы балықшыларға дәрігер мен полиция шақырыңдар деп айқайладым. Олар оған дейін де хабарлап қойған екен. Қыз едәуір су жұтыпты, кеудесін басып, тыныс жолдарын тазаладым. Есін жинап, алақтаған бойжеткен «Мен қайдамын? Мен өлдім бе?!» деп сандырақтай берді, - дейді Еркебұлан.

Кешікпей құтқарушылар жасағы да, жедел жәрдем де жеткен. Бойжеткенді арнайы кеудеше кигізіп, қайықпен судан шығарып алды. Енді оның өміріне төнген қауіп жоқ еді.

-Еркебұлан бұл оқиға кезінде кәсіби тұрғыдан өте дұрыс әрекет етті. Біз арнаулы бөлімше жауынгерлерін түрлі жағдайға дайындаймыз, соның ішінде судан құтқару, су ішінде әрекет ету әдістері бар. Еркебұлан оқу-жаттығу сабағын дұрыс меңгергенін көрсетті. Ең алдымен құтқаруға жүгіргенде киімін шешіп үлгерген. Әйтпесе, суға кетіп бара жатқан адам өзін құтқарушының киіміне жармасып, түрлі қайғылы оқиғалар жиі болады. Екіншіден, қызға жеткен соң бірден жағаға сүйремей, ең жақын жердегі құрылыққа жеткізуі де өте дұрыс болған. Өйткені, қыз жағаға жеткенше өліп кетуі де мүмкін еді. Оған қоса, су өте салқын, 8-9 градус, Еркебұланның өзі де сіңірі тартылып, жағаға жете алмай қалу қаупі болды. Сондықтан болған оқиғада өте жедел әрі кәсіби тұрғыда ең дұрыс шешім қабылдап, адам өмірін құтқарған жауынгерім үшін мақтанып тұрмын, - дейді аранулы жасақ бөлімінің командирі, подполковник Ж.Қазмағамбетов.

«Өз әрекетімді ерекше ерлік деп ойламаймын. Менің орнымда болған кез келген полиция қызметкері осылай жасар еді» дейді Еркебұлан.

БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі полковник Болатбек Белгібековтің айтуынша, 2019 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысында 130 суицид оқиғасы тіркелсе, 47 адам өзіне өзі қол салып қаза тапқан.