Орал қаласында 18-28 жас аралығындағы әншілер арасында І халықаралық вокалистер конкурсы өтті. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен сайысқа Қазақстан мен Ресейден 21 үміткер қатысты.
Екі күнге созылған әншілер конкурсы екі кезеңнен тұрды. Алғашқы турда қатысушылар Батыс Еуропа композиторлардың арияларын шырқаса, екінші кезеңде Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші-композитор Әшір Молдағайыновтың шығармаларын орындады.
Махамбет университеттің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры Әсет Тасмағамбетовтің айтуынша, жас әншілердің талантын ұштауға бағытталған бұл өнер сайысы осы оқу орнының оқытушысы, доцент, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахимованың 65 жас мерейтойына да арналып отыр екен. «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенесары Нұрша кеш иесін мерейлі мерекесімен құттықтады.
Әлем мойындаған ақсүйек өнер – классикалық вокалдық музыканы кеңінен насихаттау мақсатында өткен конкурста Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас әнші, Астана өнер академиясының 4 курс студенті Әліш Бейбарыс байқаудың гран-при жүлдесіне ие болды.
Құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахимова, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Роза Тіленшиева, Самара мемлекеттік музыка институтының профессоры, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген артисі Надежда Ильвэс, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжі жеке ән салу кафедрасының меңгерушісі Ф.Арғынбаева және басқалары кірген қазылар алқасы өзге қатысушыларды да марапатсыз қалдырмады. Байқаудың 1 орын жүлдесін Алматы консерваториясының 2 курс студенті Әзиза Әбдірайым мен астаналық жас магистр Алтынбек Әбілда еншіледі. Ал Айбек Хайролла, Талғат Аллабиринов, Нұрай Қабылова сынды әншілердің өнері ІІ орынға лайық деп бағаланды. Жүлделі ІІІ орын Нұрсәт Алмас, Мәдина Битимова, Нұржайнар Әбілхайырова, Ақбота Молдағайыноваларға бұйырды.
Сондай-ақ қызылордалық Салтанат Мұратқызы мен нұр-сұлтандық Карина Нәжмеддиноваға Ж.Рахимова атындағы арнайы жүлде мен диплом, нұр-сұлтандық Айбек Аллабиринов пен Мирас Абдиға Ә.Молдағайынов атындағы арнайы жүлде мен диплом, қызылордалық Диас Омар мен Чингис Бозовқа «Вокал Академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан арнайы жүлде табысталды.
Осы күндері әнші Жұмағаным Рахимованың мерейтойы аясында «Мәдениет, өнер және білім саласындағы педагогикалық тәжірибе мен инновация» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция да өтті. Ресейден және Қазақстанның әр түкпірінен келген ғалымдар, вокалдық ән өнері саласының мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзара пікір алмасты. Конференцияға келіп түскен 83 автордың ғылыми баяндамасы арнайы жинақ болып жарық көрді.