2030 жылға қарай әлем халқының 60 пайызы қалаларда өмір сүретін болады. Ал 2050 жылы бұл көрсеткіш 67 пайызға жетеді деген болжам бар. Яғни, урбанизация үдерісі қазіргі жедел қалпынан танбақ емес. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмайды.
Содан да болса керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында басқарылатын урбанизация туралы айтқан болатын. Сонымен қатар Қазақстандағы урбанизация үдерісінің ала-құла екенін әрі урбанизацияның алаңдатарлық астары бар екенін тілге тиек еткен-ді.
Президент «Ең ірі үш қала әкімдіктерінің құзыретін, соның ішінде қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, қала сәулетін қалыптастыру саласындағы құзыреттерін кеңейту керек. Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр. Ірі қалалардың тұрғындары көбейіп келе жатқаны байқалады. Сонымен қатар жаңа тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған Павлодар және Петропавл сынды қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы бар» деген болатын. Бұл Қазақстандағы урбанизацияның кейбір қырларын көрсететін тәрізді.
Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары тұрғындарының саны өскенімен, кейбір қалаларға азаматтардың тым қызыға қоймайтыны байқалады. Президент айтқан Петропавл мен Павлодар тәрізді қалаларда адамдар мен еңбек ресурстарының тапшылығы көрініс беретін болса, бізде урбанизация үдерісін бақылаудың мүмкіндігі де шектеулі екенін байқатады. Яғни, бұл жағдай қала жағалауға тырысатындардың көп бөлігі мегаполистерге қарай ұмтылатынын байқатады. Демек еңбек күшін тиісті өңірлерге бағыттау ісінде атқарушы биліктің қолынан келмейтін біраз дүние бар деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда урбанизация үдерісін әзірге толық бақылауға алып, басқару мүмкін болмай тұрған сыңайлы. Әрине урбанизация үдерісінің ерекшеліктері мен жүзеге асу барысын билік назардан тыс қалдырған емес. Елбасының Жолдауларында да, елдің стратегиялық даму жоспарларында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2017 қабылданған «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында» бесінші реформа ретінде «Мықты өңірлер және урбандалу» деген бағыт белгіленген. Онда «Реформа өмір сапасының базалық деңгейін қамтамасыз ету кезінде өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықты қысқартуға бағытталған. Даму өңірлерге экономикалық өкілеттіктердің үлкен бөлігін беру және өңірлік басшылардың жауапкершілік дәрежесін арттыру, өңірлік деңгейде инвестицияларды тарту тетіктерін жетілдіру есебінен қол жеткізілетін болады. Урбандану процесі агломерацияларда ғана емес, экономикалық әлеуеті бар орташа қалаларда да қамтамасыз етілетін болады. Әлеуметтік және көліктік инфрақұрылымды дамыту, бизнесті қолдау және білім берудің озық практикасын тарату ел бойынша өмір мен жұмыс үшін базалық жағдайларды қамтамасыз етеді», делінген. Демек мемлекет урбанизация үдерісі өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық айырмашылықтарды тереңдетпеуі керек екенін жақсы біледі. Соған сәйкес саясат жүргізуге ұмтылады.
Урбанизацияны басқару оңай емес
Біздің сөз басында Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауынан үзінді келтіруіміздің өзіндік сыры бар. Себебі Жолдаудағы «Республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының көптігі қазіргі кезде мақтанарлық жағдай емес, керісінше тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету тұрғысынан алаңдаушылыққа негіз болып отыр» деген сөйлем ерекше назар аударуды қажет ететін сияқты. Өйткені урбанизациямен бірге қалаларға қатысты түрлі мәселелер де көбейеді. Мәселен, қала тұрғындарының саны көбейген сайын оларды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету, балалар үшін мектептер мен балабақшалар салу, инфрақұрылымдарды жетілдіру, энергия тапшылығын болдырмау, экологиялық мәселелердің туындауының алдын алу, тіпті қала тұрғындарының өзіндік мәдениеті мен таным-түсініктерін қалыптастыратын тетіктер қарастыру, жағымсыз стереотиптердің пайда болуына жол бермеу, «жатақтар» қатарының өсуін азайту қатарлы сансыз мәселені шешуге биліктің араласуы қажет болады. Сондықтан дәл Қазақстан жағдайында республикалық маңызы бар қалалардағы халық санының өскені мақтанарлық дүние емес. Әрі қалаларда қалыптасқан әлеуметтік мәселелер урбанизация үдерісін басқаруды қиындата түспек. Бюджетке қосымша салмақ түсіреді. Айталық, қалаларда тұрғындардың бір мәселесін шешуге мүмкіндік туса, келесісі пайда болатын деңгейге жеттік. Осыдан біраз жыл бұрын ірі қалалардың төңірегіндегі елді мекендердің инфрақұрылымын қалыптастыру өте өзекті мәселе болатын. Ауыз су, электр желілері, жол сияқты мәселелер әлі күнге толық шешілмей қалды да, Алматы, Нұр-Сұлтан тәрізді агломерациялардың іргесінде «жатаққа» айналып кету қаупі бар елді мекендер пайда болды. Атқарушы биліктің қала маңынан жер телімдерін беруге мораторий жариялауы да әлі күнге мәселені шешкен жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жердегі Талапкер елді мекеніне ауыз су әлі жеткізілген жоқ, 35 шақырым жердегі Ынтымақ ауылының жолы мүлдем іске алғысыз болып қалды. Айта берсе мысал жетеді. Ал бұл елді мекендердің тұрғындары өмірлерін қаламен байланыстырады. Одан бөлек биліктің бірқатар уәдесі мен жоспары да урбанизация үдерісіне араласушылар қатарын өсіріп жіберуі мүмкін. Мысал ретінде 2025 жылға дейін көп балалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салу бастамасын алайық. Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырыла бастаған бұл бастаманың көп балалы отбасылардың мәселесін шешуге тигізер пайдасы зор болары сөзсіз. Бірақ урбанизация тұрғысынан қарастырғанда аталған жоспардың кері әсері де болуы мүмкін екенін ескеру қажет. 40 мың пәтердің көбі қалаларда салынатынын ескерсек, бұл өз кезегінде көптеген отбасының қалаға көшіп келуіне әсер етуі мүмкін. Өйткені олар да әлгі 40 мың пәтерден үміт ететінін жоққа шығармау керек. Әрі қазірдің өзінде қалаға тіркеліп, болашақта әлгі пәтерлердің бірі бұйыра ма деген үмітпен жүргендер болуы бек мүмкін. Өздері ауылда тұрғанымен қалаға тіркелгендерге қатысты мысал жетіп артылады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан 15 шақырымдай жердегі Қоянды ауылында 30 мыңға жуық тұрғын бар. Бірақ елді мекенге тіркелгендері 10 мыңға да жетпейді. Көбі қалаға тіркелген. Өйткені қалада тіркеудің болуы баспаналы болу үшін үміт сыйлайды. Әрі қала тұрмысының ауылды жерлерге қарағанда жақсы болатынын, «қала жағалағанның өзегі талмайтынын» бұқара жақсы біледі. Демек урбанизацияны басқарылатын деңгейде ұйымдастыру қиын іс болып отыр. Дегенмен өңірлерді дамыту арқылы урбанизация үдерісін белгілі бір мөлшерде ыңғайға көндіруге болатынын айтатын сарапшылар да бар.
Әлеуметтанушы Шыңғыс Торездің айтуынша, басқарылатын урбанизация ІЖӨ-нің шикізаттық емес бөлігін арттыруға ықпалын тигізетін маңызды процесс. Тауар өндіру мен қызметтің белгілі бір бағыттарына маманданған аймақтарды экономикалық драйверге айналдыру республиканың әр макроөңірінде хаб орталықтар құру арқылы ғана жүзеге асады. Олар капиталды, ресурстарды, алдыңғы қатарлы технологияларды, көші-қон ағындары мен табиғи урбанизацияны бір жерге шоғырландыра алатын орталық қызметін атқаруы керек. Сонда ғана урбанизацияны басқарудың белгілі бір мүмкіндіктері туады. Еліміздің кейбір өңірлерінде осы процестің дамуы олардың экономикалық өсудің постиндустриялды сервистік орталықтарына айналдыруға бағытталғандығымен түсіндіріледі.
– Алға қойған мақсатқа жету үшін сауатты стратегиялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Онсыз өңірлер арасындағы айырмашылықты жою, көші-қон үдерісінің бір бағытта жүруін тежеу мүмкін емес. Мегаполистерге ағылған жұртты облыс орталықтары мен шағын қалаларда шоғырландыру да неғайбыл. Өйткені өңірлердің экономикалық мүмкіндігі мен сол аймақтарға тән әлеуметтік жағдайдың ала-құла болуы өз әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан урбанизацияны басқару тым қиын іс екенін мойындай отырып, оны басқару мүмкіндігінің де бар екенін жоққа шығармаймыз, – дейді әлеуметтанушы.
Қалалықтардың өмір жасы ұзақ болады
Урбанизация үдерісінің жағымды тұстары мол екенін сарапшылар жиі айтады. Әсіресе экономикалық тиімділігі жоғары болса керек. Дегенмен урбанизацияның әлеумет үшін де мол пайдасы болатынын жоққа шығармаймыз. Ең алдымен урбанизация халықтың денсаулығын жақсартуға, өмір жасын ұзартуға айтарлықтай септігін тигізеді. Өйткені қалалықтардың денсаулық сақтау мен білімге айрықша көңіл бөлетіні байқалады. 2018 жылғы мәліметтерге қарағанда, біздің елде мегаполис тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы елдегі жалпы көрсеткіштен 3-3,2 жылға ұзақ екені байқалады. Мәселен, Қазақстанда 2018 жылы өмір сүру ұзақтығы шамамен 73 жас болса, Алматыда бұл көрсеткіш 76, Нұр-Сұлтанда 76,2 жасқа жеткен. Экологиялық ахуалы жақсы кейбір аймақтарда айырмашылық 6 жылға дейін барады. Демек қалада өмір сүру адамдарға бірнеше жыл ұзақ өмір сүру мүмкіндігін сыйлайды деген сөз. Жағдайдың бұлай қалыптасуына медицина мекемелерінің қолжетімділігі мен сапасы да әсер ететін болса керек. Одан бөлек қалалықтар тұтынатын азық-түліктің де әр алуан болатынын назарда ұстау керек. Тіпті қорасында малы бар ауыл тұрғындарына қарағанда қалалықтар етті көбірек жейтіні анықталған. 2017 жылы қала тұрғындары жан басына шаққанда 76 кило ет жесе, ауылдықтар 69 кило ет тұтынған. Ал етті ең көп жейтін тұрғындары бар өңір Атырау облысы. Онда әр тұрғын жылына 89 кило ет жейтіні белгілі болған. Алматы қаласының тұрғындары 85 кило тұтынады екен. Мұның өзі кейбір стереотиптерді өзгертуге жететін дерек. Яғни, «қалада ет аз» дейтін түсінік шындыққа жанаспайды. Әрине «азық-түлік себетіне» кіретін өнімдерді қалаға ертерек орныққан тұрғындар көбірек пайдаланатынын ескеру керек. Одан бөлек қалалықтардың бос уақыты мен демалысын өткізетін орындары да мол болады. Қала у-шуға толып тұр дегенмен адам өмірі үшін қолайлы орта көбірек. Бірақ қалаға кейінгі жылдары көшіп келгендердің барлығының дастарқаны «майлы» бола қоймауы мүмкін екенін де жоққа шығармаған дұрыс. Қаладағы әлеуметтік мәселелердің көбі де урбанизация үдерісіне кейінгі жылдары қосылғандардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты болатыны содан.
Одан бөлек ауылдан қалаға ағылғандардың жаңа ортаға бейімделуі, қалалық мәдениетке үйренісуі тәрізді «қызықтары» болатыны да белгілі. Пәтер жалдаушылар, көтерме жұмыс істейтіндер, тіпті жеңіл жүріске салынатындар мен қылмыс жасайтындардың да басым бөлігі байырғы қала тұрғындары емес, қалаға кейінірек келгендердің арасында жиірек кездеседі. Оған Бас прокуратураның құқықтық статистика комитеті сайтындағы мультимедиялық картаны бақылап отырған кез келген адамның көзі жетеді. Қала тұрғындарының таным-түсінігі мен тұрмысын, урбанизацияның мәдени, әлеуметтік, рухани қырларын зерттеу бізде тым сирек. Мұндай зерттеулерсіз урбанизацияны басқару мен бақылау да қиынға соғатынын ұмытпаған абзал. Сондықтан мәдениеттанушылар мен әлеуметтанушылардың урбанизация үдерісіне айрықша назар аударғаны қажет болып тұр. Әзірге еліміздегі урбанизация ХХ ғасырдың басындағы Еуропадағыдай өтіп жатқан сияқты. Сырт көзге солай. Әйгілі «Титаник» фильмінде кеменің төменгі бөлігіндегі каюталарға асығатын жұрт болушы еді ғой, біздегі урбанизация тура сондай. Тәуекел ете алатын, бірақ жиған-тергені аз адамдар ғана урбанизация үдерісіне белсенді қатысып жатыр.
Урбанизация даму көрсеткіші бола алмайды
БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер департаменті жыл сайын әзірлейтін урбанизация көрсеткіштері рейтингінде Қазақстан 2018 жылы 103-орында тұр. Urban Population Index-2018 зерттеуіне 195 мемлекет қатысыпты. Мамандар 1980 жылдан бергі деректерді салыстырады. Екі-үш жылда бір рет жарияланатын рейтингте урбанизация деңгейі 100 пайызға жеткен 5 мемлекет бар. Олар – Гонконг, Кувейт, Монако, Науру, Сингапур. Одан соң 99,1 пайыздық көрсеткішпен Қатар мемлекеті орналасыпты. Түркітілдес елдердің ішінде урбанизация көрсеткіші ең жоғары мемлекет – Түркия. Ондағы қала халқының саны – 74,6 пайыз. Рейтингте 58-орында тұр. Посткеңестік елдер ішінде Беларусь мемлекеті 78,1 пайыздық урбанизация көрсеткіші арқылы 48-орынға жайғасқан. Одан соң Ресей 74,3 пайызбен 60-орында болса, Украина 69,2 пайызбен 71-орында. Қазақстан 57,3 пайызбен 103-орында тұр. Дегенмен Статистика агенттігінің 2019 жылғы 16 қазандағы дерегіне қарағанда, біздің елде қала тұрғындарының үлесі 58,3 пайыз болыпты. Демек әлгі рейтингте орнымыз сәл жоғарылаған болуы мүмкін. Тек оны әзірге білмейміз. Өйткені рейтинг екі-үш жылда бір рет жасалады. Сөйте тұра халқының саны 3 млн-ға жаңадан жеткен Моңғолия қала тұрғындарының үлесі 68,4 пайызға жеткендіктен әлгі рейтингте 76-орынға шыққан. Бірақ аталған елдің даму деңгейі Қазақстанға жете қоймайтынын жұрт жақсы біледі. Демек урбанизация даму көрсеткіші емес, даму факторы болмақ. Экономика ғылымдарының докторы Қайырбек Арыстанбеков те бұл тұжырыммен келісіп отыр. «Урбанизация даму көрсеткіші бола алмайды. Керісінше, бұл экономикалық дамуға ықпал ететін фактор. Урбанизация өнеркәсіп, қызмет көрсету салаларының дамуына барынша ықпал етеді», дейді ғалым. Экономистің сөзіне еліміздегі қызмет көрсетудің 94 пайызы, өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызы қалалардың үлесіне тиетіні нақты дәлел. Оған қоса негізгі капиталға салынған инвестицияның 47 пайызы агломерациялар мен облыс орталықтарына шоғырланыпты. Көтерме және бөлшек сауда айналымының 96 пайызы қалалардың еншісінде. Ал әлемде бұл көрсеткіш тіптен жоғары. Мәселен, бір ғана Токионың ішкі жалпы өнімі Испанияның ІЖӨ-сінен асса, Лондонның ІЖӨ-сі Швецияның ішкі жалпы өнімі көлемінен артық. БҰҰ деректеріне қарағанда 2030 жылға қарай жаһандағы 600 қала ІЖӨ көлемінің 60 пайызын беруге қабілетті болады екен. Мұның өзі урбанизация рейтингі мен даму көрсеткіші бөлек екенін аңғартса керек. Әйтпесе Urban Population Index рейтингінде қалаға шоғырланған тұрғындарының саны бізден әлдеқайда мол елдер жетіп артылады. Тек олардың даму деңгейі бөлек.
Түйін
Қазақстандағы урбанизацияның қарқынды жүрген кезі 1960-1990 жылдарға сәйкес келеді. Сол кезде қала тұрғындарының саны 44-тен 56 пайызға дейін өсті. 1990-2019 жылдар аралығында қалалықтардың саны небәрі 2,3 пайызға өсіп, ел халқының 58,3 пайызын құраған. Оның өзінде урбанизация қарқынды жүріп жатқан төрт қала бар. Олар – Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары. Бәлкім бұдан былай бұл тізімге Түркістан қосылуы мүмкін. Бірақ әзірге ондағы өзгерістер жайлы дерек аз. Ал аталған төрт қаланы жеке-жеке талдасақ, Алматы тұрғындарының саны 1999-2017 жылдар аралығында 1,6 есе, Ақтөбе тұрғындары 1,9 есе, шымкенттіктер 2,6 есе өссе, астаналықтар саны 3,2 есеге өсіпті. Мұның өзі еліміздегі урбанизацияның осынау төрт бағытта ғана қарқынды екенін байқататын болса керек.
Жалпы, еліміздегі өңірлер арасындағы даму мен бәсекелестік деңгейі әлі де алшақ күйі қалып отырған жайы бар. Түстік пен теріскейдегі қос облыста биыл орташа жалақы 130 мың теңге шамасында болса, елордада 287 мың, Алматыда 227 мың теңгеден асыпты. Өзге де толып жатқан айырмашылықтарды ескерсек, бұқараның мегаполистерге қарай ағылмасына амал бар ма?! Ендеше, урбанизацияны басқарудың жалғыз тетігі – өңірлерді дамыту ғана.