Кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы талқыланып, оның ішінде 250 адамнан тұратын елді мекендердің интернетке қолжетімділігі тұрғысында кеңінен сөз болды.
Жылдамдығы жоғары интернет орнатылмақ
Алдымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Божко еліміздегі әлеуметтік салалар, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы саласының дамуына цифрлы технологияларды енгізудегі бірқатар келеңсіздіктердің кедергі келтіріп отырғанына тоқталды.
–Еліміздегі ауылдарда кең жолақты интернет желісінің толық қамтамасыз етілмеуі салдарынан өсімдік шаруашылығына арналған ілкімді жобалар орта тұста тұралап қалды. Тіпті кәсіпкерлердің қажетті геоақпараттық және өзге де ақпараттық ресурстарға қол жеткізуі мүмкін емес. Бұған қоса, ауылды елді мекендерде интернетке қол жеткізу бойынша да шешілмеген мәселелер жетерлік. Бүгінде республика бойынша интернетке қосылмаған мектептер саны – 93-ке жеткен, − деді В.Божко. Оның айтуынша, шалғайдағы ауылдарда ақпараттық технологиялардың көмегімен халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға басымдық берілуі керек. Цифрлы салаға қыруар қаражат бөлінгенімен, электронды форматқа көшудің машақатынан арылмай келеміз.
Бұл салада мемлекет тарапынан атқарылап жатқан жұмыстарды баяндаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев 2022 жылдың соңына дейін халықтың 97 пайызы кең жолақты интернет желісімен қамтылатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қол жетімді болып отыр.
–Интернетке қолжетімділік түрлі технологиялармен қамтамасыз етілген. Солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілерін атап өтуге болады. Былтыр Қазақстан ұялы байланыс абоненттері бойынша әлемдік рейтингте 21-орынға ие болса, интернетті жиі қолданатын мемлекеттердің ішінде 45-ші орында. Жалпы былтыр интернет пайдаланушылар саны 81,3 пайызды құрады. Ауылды жерлерді кең жолақты интернетпен толықтай қамтуды жалғастыру үшін 2018-2022 жылдары талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу жоспарлануда, – деді А.Жұмағалиев.
Атап айтқанда, бірінші кезең талшықты-оптикалық желілерді салуға негізделген. Жобаны іске асыру 1250 ауылдық елді мекенде жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы жағдай бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елді мекенде (оның ішінде 85 денсаулық сақтау және 76 білім беру нысаны) іске қосылды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылса, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар екінші кезең барысында, яғни 2020-2022 жылдары LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді және өзге де технологияларды дамыту арқылы 3 143 ауылды интернетпен қамту жоспарлануда.
5G желісі коммерциялық негізде іске аспақ
Жиында белгілі болғандай, аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындардың саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты интернет желісімен қамтылмақ.
–Тұрғындар саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарлануда. 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекен интернет желісіне қосылады. Ал қалған ауылдарға спутниктік байланыс арқылы интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Бұл орайда ауылдық елді мекендерді интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігімен жасалған перспективті ауылдар тізіміне сәйкес орындалатын болады, – деді министр.
Цифрлы саланың жаңа технологиялармен толығуы назардан тыс қалмайды. Нұр-Сұлтан қаласының Astana Hub аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары аяқталуда. Президент тапсырмасына сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда 5G желісін енгізу бойынша арнайы жол картасын бекітті. Қазіргі кезде 5G жаңа мобильді байланыс технологиясын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 5G мобильді байланысының тесттік сынағы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында өткізілді. Сынақ нәтижесінде телемедицина, өнеркәсіп, тау-кен өндірісін цифрландыру және «ақылды» қалаларды дамыту мүмкіндіктері жан-жақты сараланған. 5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестициялар көлемі қомақты болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны енгізу республикалық маңыздағы қалаларда ұйымдастыру жоспарлануда.
–Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Hub аумағында 5G желісін коммерциялық негізде іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ол 2020 жылы толықтай іске қосылады. Осылайша, 2021 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университеті мен ЭКСПО қалашығында, ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясын енгізу жоспарлануда. Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталықтарында енгізу жұмыстары жүргізіледі, – деді А.Жұмағалиев.
2021-2022 жылдары барлық ауылда интернет болуы керек
Елдегі әлеуметтік маңызы бар саланың қай-қайсына болсын толықтай электронды жүйе енгізілген жоқ. Әсіресе білім беру саласында цифрлы үдеріске көшудің пайдасынан зияны, түйіткілді мәселесі көп болып тұр. Өңірлерді жиі аралайтын халық қалаулылары педагогтарға сапалы, тұрақты және жоғары жылдамдықтағы интернетті ұсыну бойынша атқарылған жұмыстардың жүйелі жүргізілмей отырғанын сынға алды.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов үш мыңнан аса ауылда жоғары жылдамдықты интернет орнатылғандығы туралы ақпаратқа күмәнмен қарайтынын айтты.
–Қазір халық саны 250 адамнан асатын ауылдардың саны – 4204. Енді министрлік 2018-2020 жылдар аралығында талшықты-оптикалық байланыс желілері бойынша кең жолақты интернетті 1250 ауылға тартып отыр. 2017 жылға дейін елімізде интернетпен қамтылған 1228 ауыл болды. Екеуін қоссақ, 2020 жылға дейін 2478 ауылдық елді мекенге интернет тартылады екен. Сонда айтайын дегенім, интернетке қосылмаған 1726 елді мекен қайда кетті? – деді Н.Сабильянов. Оның айтуынша, халық саны 250 адамнан асатын ауылдарды айтпағанда, бір мың адам тұратын елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернет жоқтың қасы.
–2018-2019 жылдары Beeline, Кселл, Теле2 операторлары Қазақстандағы 1600 ауылды 3G интернетпен қамтамасыз етті деген ақпарат бар. Ал мен ондай ақпаратты Beeline мен Кселл-ден ала алмадым. Сонда бұл қалай? Бізге жалған ақпараттан гөрі әр ауылда жоғары жылдамдықты интернет болғаны керек. Мүмкін ол 2020 жылдың соңына дейін аяқтала қоймас, дегенмен 2021-2022 жылдары да іске асыруға болады деп ойлаймын. Бірақ ауылдарға барғанда, біз интернет жоқ дегенде халықтың алдында ұятқа қаламыз. Сіздер, мына жақта қағаз жүзінде бәрін қатырып қоясыздар, ал ауылға барғанда, жоғары жылдамдықты интернет жоқ, − деді депутат. Оның пікірінше, интернеттің жылдамдығы жағынан Қазақстан әлемдік рейтингте былтыр 2018 жылы 57-орында болса, ал биыл 64-орынға сырғыған.
Отырысты қорытындылау барысында, вице-спикер В.Божко «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға, жан-жақты көмек көрсетуге Мәжіліс депутаттары дайын екенін жеткізді.