Биылғы орақ науқаны өте ауыр болды. Бұл туралы біз «Ауа райы қолбайлау болып тұр» деген Еgemen Qazaqstan-ға шыққан мақаламызда (01.10.19) жазғанбыз. Сол қиындықты еңсеріп, астығын қырман мен элеваторға жиып алған облыстағы белгілі диқаншылардың бірі «Тоқушы-Грейн» ЖШС төрағасы Жомарт Омаровпен әңгімелескен едік.
–Биыл күздегі ауа райы 2014 жылды еске салды, – деп бастады диқан әңгімесін. – Cол жылы біз астық ала алмай қалған едік. Жердің бәрі езіліп, жауын төпеледі де тұрды. Бір-екі күн ашық болса, жер толық кеппей жатып үшінші күні тағы да құяды. Комбайн егіске кіре алмай, көз алдымызда аққан тер, төккен еңбекпен келген халықтың ырыздығын ала алмай қор болған едік. Құдайға шүкір, биыл жауын көп болғанымен ашық күндер де жеткілікті болып, жеті мың гектар жерге еккен астығымызды әйтеуір жинап алдық.
Бұрын Ж.Омаров отыз бір мың гектар алқапқа астық егеді екен. Солтүстік Қазақстанға инвестор ретінде келіп, ауқымды жер алып, астық еккен ресейлік «Транс-Авто» деген кәсіпорын кейін ол жерді тастап кеткенде жергілікті азаматтар оны қолға алып, «Шағала-Агро» атты кәсіпорын құрып, өздері астық егуді бастаған. Ж.Омаров сол астық кәсіпорны басшыларының бірі болған. Ал былтырдан бері он бес жылдай бірге істеген кәсіпорынынан «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қазақ даналығымен өз алдына жеке отау тіккен екен.
Жомарттың әкесі Жақсылық өмір бойы диқаншылықпен айналысқан, екі бірдей Еңбек Қызыл Туы орденін алған еңбекқор жан. Үнемі жанында жүретін ұлына ол жасынан диқаншылықтың қыр-сырын, комбайнның ұңғыл-шұңғылын әбден сіңірген. Сөйтіп ата кәсіп болып қалыптасқан диқаншылықпен Жомарт та алысқа кете алмады. Есеп-қисапқа жүйрік болып, қаржыгер мамандығын игерсе де, экономист, ревизор сияқты қызметтерді абыроймен атқарса да жердің құдіреті оны өзіне тарта берді. Әрине, өзі ештеңе өндірмейтін, ештеңеге жауап бермейтін, жүйкесі тозбайтын, тек біреудің істегенін тексеретін ревизор қызметі адамға өте жайлы. Бірақ «Қаруыңның барында қайрат қылмай, қаңғып өткен өмірдің бәрі де жел», демей ме Абай данышпан. Ал Жомарт Абай мен Мағжан өлеңдерін, Сәбит, Ғабит шығармаларын жатқа білетін, түйсігі мол, танымы терең жігіт. «Өзім өндірмесем, қайнаған еңбектің қақ ортасында жүрмесем, артымда із қалдырдым – деп айта аламын ба?» деп өзін өзі қайраған жігіт қиындығы мен қызығы мол жер тырнауға осылай кірісіп кетіпті. Сөйтіп қазір облыстағы атақты диқаншылардың біріне айналып отыр.
2016 жылы оның кәсіпорны облыстағы үздіктердің қатарынан саналғандықтан Қызылжар мен Аққайың аудандарының аумағындағы «Шағала-Агро» кәсіпорны облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да таныстырылған. Жомарттың өзі сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлымен еркін сөйлесіп, барлық жағдайды жеріне жеткізіп әңгімелеп бергенде Елбасы солтүстік қазағының шапқан аттай заулаған қазақшасына да тәнті болған екен.
Жерді сүйген, кең даланың тынысын бойына сіңірген жігіт астық алқабын аралап, «бастары салбырап, маужырап тұрған бидай сабағына еңкейіп, тұшынып иіскегенде, даланың иісі мен трактордың майы бұрқырап тұрған комбайншылармен, тракторшылармен әңгімелескеннен күш-қуат алады. Маған ашық теңіздің гүрілі мен жылы жағажайдың шуылынан гөрі осы араның салқын ауасы әлдеқайда асыл сияқты көрінеді. Ерінбей еткен еңбекке, махаббатпен сүйіп істеген жұмысқа орай, қара жер де беріп, Жөкеңнің табысы биыл да қомақты болыпты. Үш мың тонна астығын элеваторға өткізіп қойған. Гектар берекесі орта есеппен 25 центнерден айналған. Алайда бұған диқан қанағаттанып тұрған жоқ, кем дегенде отыздан алу керек дейді.
Алдыңғы қатарлы комбайншылардың табысы миллион теңгеден айналған. Қазір жұмысшылары қоймада қалған астықты құрғатып, сапасын көтеру жұмыстарын жүргізуде.
Жоғарыда айтылған «Транс-Авто» кәсіпорны өзінің уақытша келгенін шу дегеннен білдіріп, жерге тыңайтқыш себу, топырақ құнарын жақсарту сияқты жұмыстарға көңіл бөлмеген екен. Бірнеше жыл бойы тек сеуіп тастап, бидайды жинап алуды ғана білген ғой. Сол жерлерді алғашқы жылы-ақ сапалы тыңайтқышпен асылдандыру арқылы «Тоқушы-Грейн» кейбір учаскелерден гектарына қырық центнерге дейін астық алыпты. «Осы жұмысты талмай жалғастыратын боламыз, жерден тілесең оған беру де керек» дейді диқан. Сонымен бірге ол топырақты асылдандыру жөніндегі түрлі ғалымдардың еңбектерін салыстырып оқитынын жеткізді. Дәнді дақыл мен зығыр сияқты майлы дақылды да ауыстырып егу топырақ құнарын арттыратынын, сондай-ақ жасымықтың да қасиетін білетінін айтты. «Тұзы жоғары көтеріліп, ақ сортаң болып жатқан жерге бұрын бір рет жасымық егіп көргенбіз. Сол жер кейін тыңайып, артынан жақсы өнім бере бастады. Сондықтан осы дақылды жиі қолдануды жоспарлап отырмыз. Өзі сұранысқа да ие, әттең тым аласа өседі», дейді Жөкең.
Машина-трактор паркін жаңартып, биыл Қостанайдан шығатын алты «Есіл» комбайнын алған екен. Бағасына, Үкіметтің берген субсидиясына қарағанда бұл комбайндар тиімді болып тұр. Беларусьтың «Гомсельмашының» негізінде жасалатын бұл комбайндар Ресейдікінен сапалы. Бағасы 52 миллион теңге болғанымен, жеті жылға берілген 25 пайыздық субсидиясы бар. Сөйтіп комбайн үшін мемлекет он алты миллиондай қаржыны қайтарып береді.
Бір сағаттай әңгімелескенімізде диқанның аузынан қиындық туралы, қолдамайды деп мемлекетке өкпелеу жөнінде бірде-бір сөз естімедік. Керісінше, мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмекті жоғары бағалап, тек соны қолдана білу керек деген сөздер ғана айтты. Соның ішінде биылғы астықтың сатып алу бағасының тоннасына 75 мың теңгеге жетіп, жоғары болғанына ризашылығын білдірді. Ұтымды пайдалана алсақ, биылғы баға шаруалардың жағдайын едәуір жақсартып тастайды дейді ол.
Алдағы уақытта мал шаруашылығымен де айналысу ойында бар екен. «Одан бас тартпаймыз, Үкіметтің қолдауы болып тұрса мал өсірмейтін несі бар. Атам қазақтың малмен көзі шыққан жоқ па еді», дейді Ж.Омаров.
Солтүстік Қазақстан облысы