Оралдық Рахметовтер әулетінің ішкі істер органдарында қызмет етіп жүргеніне биыл 125 жылдан асты. Әулет басы Хасан Рахметов ішкі істер органдарындағы қадамын сонау сұрапыл 1944 жылы бастапты. Кейін қос ұлы, үш немересі де оқалы киім киіп, Отанға қызмет етуге кірісті...
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ мақалы. Саналы ғұмырын беймаза тірлікке, қиын да жауапты іске арнаған әулеттің өткен өмір жолында өнеге көп.
Ата
Хасан Хамитұлы 1927 жылы дүниеге келген. Кәмелетке толар-толмас 17 жасында ішкі істер қатарына қабылданған ол 1980 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін кіші сержанттан милиция подполковнигіне дейін өсіпті. Тәртіп күзетінде өткен 36 жыл ғұмырында небір қиын да қауіпті сәттер басынан өтті.
Соғыстан кейінгі қиын жылдарға қарамастан Хасан Рахметов кәсіби біліктілігін жетілдіруге күш салған. 1952 жылы отбасы жағдайы қиын бола тұра Харьков қаласындағы Ішкі істер халық комиссариаты жедел құрамын даярлайтын арнаулы мектепті іштей оқып бітірді. Кейін Мәскеу Жоғары милиция мектебін заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Тайпақ милиция бөлімінде жедел уәкіл лауазымынан басталған қызметі Зеленов, Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Тасқала, Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімі бастығы секілді аса жауапты міндеттермен жалғасты.
Әрине Хасан Хамитұлының ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Ол «Совет милициясының үздігі» төсбелгісімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен, жалпы 18 мәрте мемлекеттік және ведомстволық наградамен марапатталған. 1969 жылы Орал облыстық атқару комитеті төрағасының қолынан өз есімі жазылған «Полет» қолсағатын алды. Бір қызығы, осынау сыйлықтар, атадан қалған асыл жәдігерлер – офицер планшеті, құбылнама, ысқырық т.с.с. бүгінде Хасан Хамитұлының ұрпақтарының қолында, отбасылық музейде мұқият сақтаулы тұр.
Ұлы Отан соғысының тыл майдангері, ішкі істер органдарының ардагері, милиция подполковнигі Рахметов Хасан Хамитұлы 2003 жылы өмірден өтті. Бүгінде ақсақалдың ұзақ жыл қызмет еткен Теректі аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. Жұбайы Мәдина Хабиқызы екеуі өсіріп-өндірген қос ұлы – Болат пен Талғат әке жолын жалғастырып, тәртіп пен тыныштық күзетінде еңбек етті...
Ұлдар
«Ата көрген оқ жонар» дегендей, Хасан Хамитұлының ізін үлкен ұлы Болат Рахметов басты. 1981 жылы әскер қатарынан оралған соң-ақ ішкі істер қатарына кірген Болат Хасанұлы еңбек жолын жол-патрульдік қызметінің инспекторы болып бастапты. 1989 жылы Қарағандыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебін бітіріп, қылмыстық іздестіру саласында қызмет етті. Қатардағы жедел уәкіл, милиция сержанты болып басталған қызмет баспалдағы Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, РУ-170/2 еңбекпен түзеу мекемесі бастығының орынбасары лауазымына, әділет подполковнигі шеніне жетті. Еңбек еткен жылдары талай-талай қиын да күрделі қылмыстарды әшкерелеп, кәсіби біліктілігін көрсетіпті. Бүгінде ішкі істер саласында жүрген талай маман Болат Хасанұлын өзіне ұстаз тұтады. «Совет милициясының үздігі» төсбелгісімен наградталған Б.Рахметов 1986 жылы Мәскеуде өткен «Ізгі ниет ойындары» кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Әзербайжан-армян елдері арасында болған Таулы Қарабақ қақтығысында бейбіт халықты қорғауға қатысты. Асыл азамат, кәсіби маман 2018 жылы 56 жасында кенеттен қайтыс болды.
Хасан Хамитұлының тағы бір ұлы Талғат Рахметов те 1985 жылы Қарағандыдағы КСРО ІІМ Жоғары мектебін үздік бітіріп, еңбек жолын Теректі аудандық ішкі істер бөлімінде бастаған екен. Кейін тағдыр жолы Талғат Хасанұлын әкесінің ізімен Жәнібек ауданына апарды. Осы жерде аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, бөлім бастығы болды. Кейін Бөрлі, Зеленов аудандық, Орал қалалық ішкі істер бөлімдерін басқарды. Облыстық басқармада штаб бастығының орынбасары, криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының бастығы болды. Соңғы он жыл қатарынан БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болып абыройлы қызмет етті.
Талғат Рахметов жас кезінен-ақ ғылымға ынтық болған екен. 1984 жылы жоғары мектеп курсанты кезінде «Студент және ғылыми-техникалық прогресс» бүкілодақтық олимпиадасына қатысып, қазақ командасының намысын қорғады. Свердлов қаласында өткен сол сайыста Талғат Хасанұлының командасы криминалистика бойынша жүлделі орынға ие болған еді. Теория мен практиканы, ғылым мен қызметті қатар алып жүрген Талғат Рахметов 2004 жылы Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының магистратурасын үздік тәмамдап, 2010 жылы заң ғылымдарының кандидаты атанды.
Талғат Хасанұлы ішкі істер саласында 36 жыл қызмет етіп, 2017 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Еңбек жолында 16 мемлекеттік медальмен марапатталған азамат «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» атанды. Бүгінде Талғат Хасанұлы өмірлік тәжірибесін, білімі мен білігін кейінгі толқынға, жас буын мамандарға таратып жүр. Орал қаласындағы ҚазИИТУ жоғары оқу орнының магистратура бөлімін басқаратын ғалым болашақ заңгерлердің ұлағатты ұстазы.
Бір қызығы, Хасан Хамитұлының екі ұлы Болат пен Талғат қызмет бабында өз әкесі атқарған лауазымда болып, «Ат тұяғын тай басар» деген мәтелді ақиқатқа айналдырды. Мәселен, Хасан Хамитұлы 1967-1980 жылдары Теректі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары болса, Болат Хасанұлы дәл осы қызметті 1995-1997 жылдары атқарды. Хасан Хамитұлы 1963-1967 жылдары Жәнібек аудандық ішкі істер бөліміне басшылық етсе, 1993-1995 жылдары дәл осы орында Талғат Хасанұлы еңбек етті. Әрине, бұл үлкен мәртебе!
Немерелер
Әлқисса, бүгінде Рахметовтер әулетінің үшінші буыны – Хасан Хамитұлының үш немересі Қазақстан полициясы қатарында еңбек етіп жүр. Полиция майоры Қайрат Талғатұлы, полиция аға лейтенанттары Ержан Талғатұлы мен Қанат Болатұлы – үшеуі де Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясын бітіріп, БҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының түрлі бөлімдерінде қызмет етеді.
– Жас Рахметовтердің полиция қатарындағы жалпы еңбек өтілі 30 жылға жақын. Ал жалпы Рахметовтер әулетінің үш буынындағы еңбек стажын қоссақ, 125 жылдан асады, – дейді Батыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметкері Асылай Ғұбашева.
Әрине, үшінші буын Рахметовтердің үлгілі істері туралы айтатын әңгіме алда деп ойлаймыз. Ата өсиетін, әке өнегесін көкірегіне түйіп өскен, «полиция қызметкері» деген қиын да жауапты қызметті саналы түрде таңдап алған немерелер Қазақстандағы тәртіп пен тыныштықтың, құқық пен бостандықтың күзетінде күн-түн демей еңбек етіп жүр.
Батыс Қазақстан облысы