Халқымыз руханиятында қобыздың алар орны ерекше. Осы мифтік музыка құралының шанағынан халықтың мұң-зары төгілгендей, тіпті қазақ даласының музыка тіліндегі ғажайып көрінісіндей әсер береді. Қобызшылар тек күй тартып қана қойған жоқ, олар қобыз әуенімен емшілік жасады.
Торғайда ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген қобызшылардың бірі Тілеп Аспантайұлы болатын. Қобызшының шығармалары бүгінге дейін ойналады. Өзі тылсым күшке ие қобыз арқылы адам емдеп, халқына көмегін берген. Ел жадында сақталған Тілеп пен Сарықыздың махаббат-тағдыры да оның биік адамгершілік, таза жүрек иесі екенін көрсетеді. 1820 жылы пайғамбар жасында дүниеден өткен Тілеп қобызшының сүйегі қазіргі Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынов ауылынан 60 шақырымдай жерге қойылған екен. Белгілі меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, қобызшының ұрпағы Сапар Ысқақов бабасының басына кесене тұрғызды.
Кесененің ұзындығы 12 метр, ені 4 метр, биіктігі 2,5 метр, екі жағында биіктігі 5 метр мұнарасы бар. Кесененің қос көк күмбезі алыстан көз тартады. Құрылысты салушылардың айтуына қарағанда, кесене жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы жылдары кесененің қасынан адамдар түнейтін қосымша үй салынатын болады. Торғай өңірінен ғана емес, басқа жақтан да науқас, перзент тілеп жүрген жандар әлі күнге дейін қобызшы зиратының басына келіп қонып, дұға етеді. Зират елді мекендерден шалғай болғандықтан, ол жерге жету, түнеу қиындық туғызатын. Меценат адамдар сеніміне құрметпен қарау, жағдай жасау үшін де кесене жанынан шағын үй салуды ойластырып отырғанын айтты.
Қостанай облысы,
Жангелдин ауданы