Хакім Абай қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсемен озады», дегендей, тарих төрінде тұрған жаңа ғасыр ақыл-ойдың дәуірі. Ал бүгінгідей өскелең заманда білім мен ғылым, технологиясыз мемлекеттің, ұлттың және жеке тұлғаның алға жылжуы мүмкін емес. Бүгінде отандық білім саласының алдында биік мұраттар мен үлкен мақсаттар тұр.
Абай еліндегі білім, ғылымның, мәдениеттің орталығы Шәкәрім университетіне биыл 85 жыл толып отыр. 1934 жылы іргетасы қаланған білім ордасы бүгінде еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Семейдегі жергілікті мәдени инфрақұрылым негізі болған белгілі төрт оқу орнының бірігуімен Шәкәрім университеті құрылды. Өзіндік мол шежіресі, қалыптасқан бай дәстүрі бар.
Шәкәрім университеті Абайдың «толық адам» фәлсапасының негізінде өңірдегі білім, ғылым, мәдениет экожүйесін тұрақтандырып отырған білім ордасы. «Білім экожүйесі» – ұждан тазалығы мен жалпы адамзат үшін жақсы ой ойлауынан басталады.
Жаңа заманда өңірлік жоғары оқу орнының миссиясы қандай? Біздің ойымызша, университеттің басты үш миссиясы бар:
Біріншіден, университеттің басты миссиясы – ағартушылық. Жаһандық даму конвейеріне кіру кезінде адамның өзін өзі бағалау индексі төмендейді. Индекстің төмендеуі адамның қандай да бір қиындықтарды шешу жолын іздемей, біреуге кінә артып, мәселені шешуді ойлай алмауынан көрінеді. Өзін өзі бағалау индексі – мәдениет, білім мен өмір сүру дағдылары арқылы көрінетін халықтың күнделікті өмірге және болашаққа деген көзқарасы. Бағалау индексін ағартушылық арқылы ғана көтеруге болады.
Университет – салмақты қоғамның ойын жинайтын «интеллект субстансасы» қызметін атқаруы керек. Ал оның жолдары қандай? Жастарға жол бере отырып, үлкендердің өмірлік тәжірибелері мен қоғам дамуын ілгерілететін «Үлкен буын университетін» құрудамыз. «Үлкен буын» үлкендерді оқытуы керек. Мұндай тәжірибе Еуропада бар. Сол тәжірибені қолданып отырмыз.
Университетіміздің өзекті мақсаттарының бірі – Шәкәрімнің «ұждан фәлсапасына» негізделген ар білімін жастар бойына сіңіру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Саясаттағы ұждан мен саяси ұждандылық арасындағы байқалмайтын шекара қайда болады?» деген риторикалық сауалы жастарымыздың қандай саланы игерсе де ұжданы биік болуы керек дегенді білдіреді. Бұл олардың шекараны байқауына, сезінуіне мүмкіндік береді.
Биыл университетімізде корпоративтік дәстүр кіргіздік. Студенттерге данышпан ақынның «Үш анық» фәлсапалық трактаты таратылып, 4 жыл ішінде олардың оқып-түсінулеріне барлық мүмкіншілікті жасап отырмыз. Егер жылына 2 мың түлек университеттен түлеп ұшады десек, онда жыл сайын ұждан ілімімен қаруланған өресі биік 2 мың маман қоғамға адамгершіліктің жоғары деңгейін сіңіру қызметіне кіріседі деп айта аламыз.
Екінші миссиямыз – білім жарығын шашу. Қоғамды биік парасаттылық пен мәдениетке тәрбиелеу білім арқылы келеді. Мамандарды дайындауда олардың алған білімдерін қолдана білуге үйрету маңызды. Өмірдегі әр жағдаятқа сай биік адами көзқарасты сіңірген жас қана өз мамандығының майталманы бола алады. Қолданбалы білім мен ғылым әр азаматтың өмір бойы оқу принципіне негізделетінін болашақ жас маман түсінуі керек. Өмір бойы оқу жүйесін түсінген мамандар өзін өзі жетілдіріп, заман көшімен бірге жүреді. Заман жаңалықтарын бойларына сіңіріп, қоғам дамуы үшін тиімді қолдана алатын болады.
Әлемге танымал Гарвард университеті басқа бір аймаққа көшсе өзінің осы күнгі әлеуетін жоғалтады. Ол қазіргі тұрған аумағында ғана Гарвард бола алады. Себебі бітірген түлекті қабылдайтын экономикалық инфрақұрылым қажет. Онсыз қандай оқу орнын бітірген маман болса да, өз білімін толық пайдалана алмайды. Университеттердің тұрған жерінің қоғамдық-әлеуметтік жағдайы мен экономикасы маңызды. Мұны «Гарвард заңы» деп атауға болады. Шәкәрім университеті де тұрған орнына байланысты шағын орта бизнеске маман дайындайтын «қарапайым заттар экономикасының университеті».
Үшінші – әлеуметтік миссия. Университет жергілікті қоғамдық-әлеуметтік ортаның жағдайымен етене өмір сүреді. Семей қаласының жағдайы қандай болса, университеттің жағдайы соған пара-пар болады. Қала халқының тұрмыс-тіршілігі жақсарса, университеттің де әлеуеті артады.
Шәкәрім университетінде 2019 жылдың наурыз айынан бастап «Әлеуметтік университет» жобасы қолға алынып отыр. Көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылардың әр баласына 20 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленіп келеді. Сонымен қатар өнерде, спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізген жастарға университет гранты тағайындалады. Бұл грант жыл сайын 40-50 студентке беріледі.
Тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерге 15 пәтер қолданысқа берілді. Егер де университет қызметкерлерінің балалары ақылы бөлімде оқыса, 1 балаға 50 пайыз жеңілдік жасалады, ал екі баласы оқыса, екіншісін тегін оқытуға мүмкіндік беріледі. Бұл әлеуметтік жоба алдағы уақыттарда да өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
Абай заманынан жалғасып келе жатқан халқымызда жақсы бір дәстүр бар. Ол – іскер, зиялы азаматтардың руханиятқа, талапты жастарға қолдау көрсетуі. Тарихқа қарап отырсақ, Абай заманында қазақ арасында ұлтқа жанашырлық танытқан меценаттар болған. Мәселен, 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналына Қаражан Үкібаев қаржылай көмек жасаған. Қазақ ортасына Мамания мектебімен танылған жетісулық Мамановтар әулеті білімге, мәдениетке ұдайы қолдау көрсетіп отырған екен. Ақсуат өңіріндегі Тана мырзаның ағартушылық жолындағы қызметі өз алдына үлкен бір әңгіме.
Міне, осы дәстүр бүгінде өз жалғасын табуда. Белгілі философ ғалым, академик Ғарифолла Есімнің бастамасымен ұлылар мекені атанған Жидебайға баратын күре жолдың бойындағы Күшікбай батыр бұлағының басында біршама игілікті іс атқарылуда. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Ғазизаның басына белгі тас қойып, Күшікбай бекетінің басында «Абайтану» залын ашты. Ұлылар мекеніне бара жатқан жолаушылар, шетелдік туристер бекет кітапханасындағы Абай, Шәкәрім еңбектерімен толығырақ танысып, өз сапарларын жалғастырады. «Менің жолым – Абай жолы» деп жүрген қоғам қайраткері осындай өзінің ғибратты ісімен көпке өнегелі жол көрсетіп отыр.
Әлемге танымал тұлға Дәулет Тұрлыханов пен кәсіпкер-меценат Қайрат Тұрлыхановтар студент-математиктер арасында аналары, ұлағатты ұстаз Мәрзия Айтбайқызының атындағы олимпиада ұйымдастырып, 15 студентке атаулы стипендияны тағайындады.
Танымал журналист, қоғам қайраткері Берік Уәли өзінің туған жері Ойшілік ауылындағы мектепке заманауи техникалармен жабдықталған екі сыныпты тарту етті. Бұл мемлекеттік қызметте жүрген ұлтжанды азаматтың жастарға жасаған қамқорлығы деп білеміз.
«Абай жолы» – үлкен фәлсапалық ұғым. Абайдың идеал болмысы бүкіл адамзатқа үлгі. Ал оның жолы – адамзаттың жолы болуы заңдылық. Абай тұлғасы – жол көрсетуші, мақсатыңды айқындаушы, қиын кезде дем беруші, сананы жаңғыртушы.
Абай дүниетанымын өзек еткен сана тазалығы мен тәңірінің берген ақыл сыйын дұрыс пайдалану білімді адамның «тән саулығын» қамтамасыз етеді. Сондықтан «тән саулығы» мықты қоғамгер тұлғалар тәрбиелеу басты ұстаным болуы керек.
«Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір» дейді Елбасы. Абай айтқандай «ақылға бірлік» қана адамзат қоғамын алдыға жетелейді.
Білім мен ғылымға қолдау көрсету арқылы қалыптасатын мәдени әлеует тұғыры берік болады. Себебі ол адамдардың ең алдымен ар білімін игеруі арқылы қалыптасады.
Шәкәрім университетінің негізгі миссиясы – өңірдегі «білім субстансасын» бір жерге шоғырландыру және жоғары интеллектілі мамандар дайындау.
Мейір ЕСКЕНДІРОВ,
Шәкәрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор
СЕМЕЙ