Әйгілі италиялық музыка маманы, белгілі аспапшы Марио Стефано Пьетродарки бандонеонының сиқырлы да тылсым үні жаһан тыңдармандарына кеңінен мәшһүр. Есімі әлемді мойындатқан айтулы аккордеоншы 30 қазанда танымал қазақстандық музыканттармен бірге «Астана Опера» театры сахнасында өтетін «Музыкалық қиылыс: бәрімізді тоғыстырған әуен» концертінде өнер көрсетеді.
«Астана Опера» театрының «Музыкалық қиылыс» циклды жобасы өзінің бірегей концерттік бағдарламасынан бөлек, оған әлемнің білікті музыка мамандарының тартылуымен де тыңдармандар арасында зор қошеметке ие. Классикалық музыка кешіне Италиядан арнайы шақырылған бандонеоншы Марио Стефано Пьетродаркидің қатысуы айтулы өнер кешінің көрігін қыздырады деп күтілуде. Отанынан бөлек Англия, Франция, Бельгия, Хорватия, Сербия, Германия, АҚШ, Польша, Португалия, Финляндия, Швейцария, Венгрия, Канада, Армения, Ресей, Босния және Герцеговина, Болгария, Түркия, Ливан, Беларусь, Қытай сынды өнері өрістеп тұрған елдерде абыройға бөленіп жүрген музыка майталманының бұл – «Астана Операдағы» алғашқы кеші.
VII театр маусымының үлкен жаңалығына айналады деп күтіліп отырған концертте Марио Стефано Пьетродаркимен бірге сахнада «Астана Опера» симфониялық оркестрінің солисі әрі концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, оркестр солисі Айсұлу Байкенова, виолончельші Құрбанжан Ахатов, сондай-ақ қазақстандық жас пианист Ерлан Серкебаев өнер көрсетеді. Кеш бағдарламасына танымал қазақстандық композитор Артық Тоқсанбаевтың фортепиано, скрипка және виолончельге арналған «Дала нақыштары» триосы мен әйгілі аргентиналық композитор Астор Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жылдың төрт мезгілі» және «Танго тарихы» туындылары еніп отыр. «Астана Опера» театрының Камералық залында өтетін классикалық музыка кешінің дирижер тұғырында белгілі дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов өнер көрсетеді.