Республикалық «Ел тірегі-2019» акциясының аясында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының Атырау гарнизонында Қорғаныс істері жөніндегі Деартаментімен бірлескен «Қазақстан әскеріндегі бір күн» форматындағы ашық есік күні өтті. Бұл туралы аталмыш Қолбасшылықтың баспасөз қызметінен капитан Р.Игисинов хабарлады.
Іс-шарада 500-ге жуық жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері, сонымен қоса Х.Досмұханбетов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің әскери кафедра тыңдаушылары қатысты. Құрметті қонақ ретінде Қарулы Күштердің ардегерлері шақырылды.
Әскери-патриоттық тәрбие беру – жастарға өз елі мен Отанын сүюге үйрететін, оларды адалдыққа тәрбиелеудегі басым бағыттардың бірі болып табылады.
Гарнизонда ұйымдастырылған шара аясында балалар әскери өмірді көріп, әскери киім үлгілерімен, әскери техника және қару-жарақ түрлерімен танысты. Әскери бөлімнің офицер-тәрбиешілері әскери өмір мен тәртіп туралы, сондай-ақ әскери қызметтің, жауынгерлік және оқу-жауынгерлік тапсырмалардың өту тәртібі туралы айтып түсіндірді.
Оқушылар қолма-қол ұрыс көріністерін тамашалап, қызығушылық танытқандар әскериленген эстафетаға қатысуға мүмкіндік алды. Эстафета жеңімпаздары «Батыс» өңірлік қолбасшылығы атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Маңғыстау облысы