• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2010

ҮНСІЗ ҰҒЫСУ

736 рет
көрсетілді

Есімі елдің есінде Ғажап!.. Қашан көрсең де то­ма­ға-тұйықтау мінезінен бір тан­байтын, бірақ сол бір мо­мақан кей­пімен-ақ адамды өзіне бау­рай­тын, онымен сөйлескің кеп, жа­қын­дасқың кеп тұратын тар­тымдылық бар-ды оның бойында. Сені іш тартатынын үндемей жү­ріп те сездіре білетін қасиетті содан көрдім. Көрдім де өзімде де оған деген бір ілтипаттың пай­да бол­ғанын байқадым. Басқаны қайдам, екеуміз осылай табыстық. Бір қызығы, осы үнсіз ұғысу өмір бойы жал­ғасты десем, ар­тық айт­қандық емес. Бір-бі-рі­міз­дің үйімізге қонаққа барсақ та, қызмет ба­бымен бірге жүр­сек те, ұзақ уа­қыт кө­ріспей, көшеде кез­дей­соқ кез­десіп қал­сақ та сол баяғы там-тұм, тақұл-тұ­қыл әңгі­ме, сараң сөз алмасу. Ағыл-тегіл сыр ақтарысу, шер тар­қатысу деген ұғым ойы­мызға кіріп те шыққан емес. Бірақ бә­рібір жылылық, бәрібір жа­қындық сезіліп тұратын арамызда. Енді қазір ойлаймын: шамасы бұл Сейітқұлдың адалдықты, адам­гер­­шілікті айқайламай-ақ жақсы көре бі­луі­нен шығар, сірә. Оның осы мінезі шы­ғармаларынан да байқалатын. Шы­ғармалары де­мекші, мен білетін Сейіт­құл шығар­ма­шы­лыққа студент кезінен бейім болды. Бұлай дейтінім, Сейітқұл қа­шан көрсең ой үстінде жүретін. Жас­тық­қа тән сауық-сайранға са­лынып, қыз-қырқынға қырын­дап қы­ды­рыс­тап кеткен кезін көрген емес­пін. Көбіне кітап­х­а­на­ны жа­ғалап, не бол­маса жа­тақ­ха­на­дағы бөлмесінде қағазға үңіліп, шұқ­шиып отырғаны. Кейде қай­сыбір курстастары ем­ти­хан ке­зін­де: “Күндіз-түні қағазға шұқшиған Сейітқұл да төрт алды, алты ай бойы кітап бетін ашпаған мен де төрт алдым”,­ деп қағытады. Мұндайда Сейітқұл аузын алақа­ны­мен басып күледі де қояды. Айта бер­сін дегені ғой. Кейін бай­қадық, Сейіт­құл көп уақытын шы­ғар­ма­шы­лық­қа арнайды екен. Онысын бірақ бәзбір желөкпе жолдастары сияқты жалғанға жария етуге асық­пайтыны өзіне талапшылдықтың белгісі болар. Арада шамалы жылдар өткен­нен кейін Сейітқұлдың “Бәйге”, “Ащы қауын, тәтті қауын”, “Күн көте­ріл­ген шақ” атты жинақтары баспадан бірі­нен кейін бірі шыға бастады. Сейіт­құл­дың “Уақытты дұрыс пай­далана білген жөн”, деп оты­ра­тын қағидасы осыдан байқалады. Ол өмір бойы осы қағи­да­ны ұстануға тырысты. Үнемі бір нәрсе же­тіспейтіндей болып, елегізіп жүретін. Енді ой жүгіртсек, Сейітқұл екі от­тың ортасында жүреді екен. Әл­гіндей ыр­ду-дырду тіршілікті онша жақ­тыр­майды. Бірақ өмір болған соң жора-жолдас бар, ағайын-туыс бар, қыз­мет­тестері бар, солармен бірге ке­зектесіп келетін түрлі ша­ра­лар бар, олардан бас тартса, ай­даладағы аралда жалғыз қалып күй кеше­тіндей, ың­ғайсыз­дық­қа тап болатындай көрініп, амалсыз жұрт­тың дегеніне құлайтын сияқт­ы. Сейітқұл оқуды бітіргеннен ке­йін бірталай мекемелерде өз маман­д­ығы бо­йынша абыройлы қыз­меттер атқарды. Алғашқыда өзі туып-өскен Қызылорда өңірінде журналистік мамандығы бойынша еңбек етті. Дегенмен шығармашыл жүрегі әде­би ортаны аңсап, Ал­ма­ты қол бұл­ғау­мен болды. Күнд­ердің күнінде ол арманына да қол жеткізді. “Жалын”, “Мектеп” бас­па­­ларында, “Пионер”, “Зерде”, “Па­расат” журналдарында, “Же­тісу” газетінде журналистік шебер­лігін одан әрі шыңдады. Ал Қазақстан тәуелсіз ел атан­ғаннан кейінгі жылдарда мем­лекеттік тілді іс қағаздарын жүр­гізуге кеңінен енгізу мә­се­ле­ле­рі­мен түбе­гейлі түрде шұғылданды. Әсіресе 1994-2000 жылдары Қа­зақ­стан Республикасы Үкіметінің аппара­тын­да аударма секторын басқарған және 2001 жылдан бас­тап өмірінің соңғы күндеріне де­йін “Қаз­мұ­най­газ” Ұлттық ком­па­ния­сында іс қағаз­дарын мем­лекет­тік тілде жүргізумен шұғылданған кезеңдегі қызметі жемісті болды. Соңғы жылдары өткен тари­хы­мыз­дағы көрнекті тұлға­лардың бірі – Жа­лаңтөс баһадүр жө­нінде роман жазу үшін материал жинап жүргенін жиі айтатын. Көп сөй­лемесе де кей-кейде сыр ша­шып қалатын әдетімен “Шіркін, жағ­дайым көтерсе, шығар­ма­шы­лық жұмысқа біржола кетер едім” деп көкейінде жүрген бір арманын қылтитып қоятыны діттеген мақсатына жетуді көксеген, жүрек түкпірінде жатқан бір үмітін аңсаған сәттегі лебізі екен-ау. Шүкір, бү­гін­гі заман­ның кө­кей­кесті мә­се­ле­лерін көркем тілмен кес­телеген, рес­пуб­ликалық бәй­ге­лер­де жүлделі ор­ындар алған “Ағаш ат”, “Бақытты үй”, “Құлдар көте­рілісі”, “Со­пы­ның ғұ­мыры” тәрізді біраз про­за­лық шығар-ма­лары кө­зінің тірісінде жарық көріп, оқыр­манның ризашылығына бөленді. Әсіресе жазушының 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына бейжай қарай алмай, осы оқиға желісін көркем шығармаға арқау етуі (“Құлдар кө­терілісі”) оның азаматтық бет-бейнесін танытып тұрған жоқ па?! Сейітқұл қоғам өміріне де бел­сене араласып, зәру про­блемаларға үн қосып, баспасөз бетінде қалам тербеп отырды. Бақиға аттанардан бұрынырақта туған жерін аралап келгеннен ке­йінгі әсерін ортаға салу үшін бүгінгі күні жандана бастаған ауыл өмірі жө­нінде тіз­бекті материалдар жария­лай бас­таған еді. Сейітқұл бұл өмірде қан­дай сырбаз, дегдар мінезді болса, шығармаларын да сондай нә-зіктікпен, мөлдір сезіммен, жү­рек­пен жазатын. Бұл да сөзі мен ісін бір жерден шығаруға ұмтылған адал азаматқа тән қасиет болса керек. Мағыналы ғұмыр кешкен Сейітқұл досымыздың отбасы да өзгелерге үлгі-өнеге. Аяулы жары Данагүл Сейітқұлдың алаңсыз жұмыс істеуіне қолынан келгенше жағдай жасап бақты. Көзінің тірісінде дастарқаны жиылмайтын Сейітқұлдың шаңырағында сол дәстүр арада жылдар өтсе де қай­мағы бұзылмаған күйі.  Осындай басқосулардың бәрінде де Данагүл және Сейітқұлдың аяулы қыздары Айнұр мен Айжан зыр жүгіріп, қонақтарға қызмет көрсетеді.  Соңында өзінің рухын аялайтын ұрпағы бар Сейітқұл да бақытты жандардың бірі болған шығар. Иә, оны бақытты деуімізге толық негіз бар. Өйткені оның артында аялаған жары Данагүл қалды, әлпештеген қос перзенті Айнұр мен Айжан қалды, бұдан бөлек елім деп соққан жүрегінің лүпіліндей шығармалары қалды. Оның өзі де қандай құрметке де лайықты, адамгершілігі мол азаматтың бірі еді. Осы арада есіме тағы бір нәрсе түседі. Астанаға көшіп келгеннен кейін араға бірер жыл салып Сейітқұл машина алды. Оған құтты болсын айта барып, тойладық. Сейітқұл мәз, мәре-сәре. Өзінің қуанғаны да қызық. Екі езуі екі құлағында, күле береді. Оның бала тәрізді кіршіксіз күлкісін сонда көрдім. Көп ұзамай машина айдап бара жатқан Сейітқұлды көретін болдық. Кездесе қалсақ, машина терезесінен қол көтеріп, амандасу ізетін білдіретін. Арада зымырап жылдар өтті. Әдеттегідей үйден шығып, жұмысқа бет алдым. Бір кезде жанымнан бір машина өтіп барып, кілт тоқтады. Қарасам, Сейітқұл. Машинадан түсіп, маған қарай келе жатыр. Сәлемдестік. “Жолыңнан неге қал­дың, жүре бермедің бе”, деп жа­тырмын. Ол болса: “Жоқ, бұдан былай кездескен жерде машинадан түсіп амандасып тұрамын”, дейді. Бетіне үңілдім. Таңырқап тұрмын. Сейітқұлдың бет-әлпетінен тұн­жы­раң­­қылықты байқадым. “Иә, солай, бұдан былай амандасып тұрамын” деп мәшинесіне беттеді. Мұнысы несі деген оймен жүріп кеттім. Үш күннен кейін Сейіт­құлдың бақи­лыққа аттан­ға­нын естідік. Сонда барып, алдыңғы оқиғаны есіме алдым. “Қайран азаматтың менімен қоштасқаны екен ғой, сезген екен ғой, Құдай-тағала сездірген екен ғой” деп, Тәңірге сиындым. Орынбек Жолдыбай, филология ғылымдарының кандидаты.