«Қызғанбаңдар, ақындар, Мақтауға оны қақым бар. Мен туған жер кішкене, Торғай деген аты бар» деп Сырбай ақын жырлаған қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан қарт Торғайдың сырын ашу қай азаматтың болсын арманы.
Алайда оқытып, тәлім-тәрбие беріп жатқан алдыңдағы шәкіртке Торғай тарихы туралы мың рет айтқаннан гөрі, бір рет болса да көзбен көргенге ештеңе жетпейтіні шындық. Осыған орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» бағыты бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры С.Қуанышбаевтың қолдауымен «Тарихи Торғай – қарт Торғай», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Елімнің тарихы – ұлтымның тарихы» деген атаулармен Торғай жеріне танымдық мақсатта бірнеше мәрте экскурсия ұйымдастырылған болатын.
Арқалық қаласынан таң алдында шыққан құрамында институт профессор-оқытушылары мен студенттері бар автобус орта жолда Амангелді ауданына қарасты Тасты елді мекенінде орын тепкен киелі орынға тағзым етпей кете алмадық. Бұл – осыдан екі жыл бұрын салынған, биіктігі 15 метр болатын 1916 жылғы Торғай көтерілісі жетекшілерінің бірі Нұрмағамбет Көкембайұлының алыстан мен мұндалап көрінетін кесенесі болатын. Халық арасында Кейкі батыр атанып кеткен бабамыздың бас сүйегі араға 95 жыл салып барып, елге жеткізілді.
Көп ұзамай Торғайға да келіп жеттік. Негізінде Қазақстанның кез келген аудан орталықтарында болуға тиісті сол жердің тарихынан сыр шертетін жалғыз мұражай болуы барлығымызға таңсық емес. Ал Қазақстанда облыс орталығы емес, бір өзінде қатарынан бес мұражайы бар аудан орталығы барын естіп пе едіңіз?! Ал біз барған Жангелдин ауданының орталығы Торғай кентінде бір емес, қатарынан 5 мұражайдың жұмыс істеуін көпшілік біле бермейді. Біздің негізгі мақсатымыз да халқы аз болса да (аудан орталығында 5 мың ғана халық тұрады екен) мұражайы көп Торғай кентін аралап, оның тарихымен мұражай жәдігерлері арқылы танысуға болатын.
Бізді «Жангелдин мұражайлар кешенінің» директоры атақты қоғам қайраткері болған, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы негізін салған «Қазақ» газетін қайта жаңғыртқан марқұм Қоғабай Сәрсекеев ағамыздың туған қарындасы Сәрсекей Гүлбану Құлетқызы бастаған бір топ мұражай қызметкерлері қуанышпен қарсы алды.
«Алдымен Шақшақ Жәнібек тархан мұражайынан бастағанымыз жөн, себебі бар тарихтың бастауы осы жерде» – деп жол көрсеткен Гүлбану Құлетқызы танымдық сапарымызды кент орталығында орналасқан Тархан Жәнібек батыр мұражайынан бастады.
Мұражайды аралау барысында барлығымызды таңғалдырған бір жағдай, ол барлық мұражайлардың дерлік халықтың өз ықтиярлығымен, ерте замандардан келе жатқан дәстүрлі асарлату әдісімен салынуы болатын. Бұл Торғай жұртшылығының өз елінің тарихына, ата-бабалардың жүріп өткен жолына деген үлкен құрметі деп қарауымыз керек.
Мұражайда ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің тарихына байланысты мүліктік және құжаттық материалдар жинастырылған. Студенттер батыр бабалары Жәнібек тархан мен халқымыздың сол жылдардағы азаттық жолындағы күресін айқын көрсететін Орынбор қаласының мұрағаттары мен мұражайларында сақталған материалдармен таныса алды. Олардың арасында аса құнды болып табылатын Ресей патшасының 1743 жылғы 11 шілде күнгі жарлығына сәйкес Шақшақ Жәнібекке тархан атағы берілгені туралы, батырдың 1747 жылдың 24 шілдеде орыс патшайымы Екатеринаға жолданған хатының көшірмелері, өткен замандардың мүліктік мұралары, қару-жарақтары, Торғай қаласының елтаңбасы сияқты аса құнды материалдар қойылған.
Сонымен қатар мұражайда қазақ халқының ұлт ретінде аман қалуы екіталай болып таразы басына түскен ауыр ХVІІІ ғасырдың картасы, Жәнібек батырдың замандастары Бұқар жырау, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер, Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай батырлар өмірлерінен мол мағлұмат беретін жәдігерлер де баршылық.
Бұрын естімеген құлақты елең еткізген бір жаңалық, Жәнібек тархан қолға ұстаған тудың қиындысының сақталуы. Осы мұражай салынған кезде басынан аяғына дейін жанында болған Гүлбану Құлетқызының сөзіне қарағанда, мұрағатқа жәдігерлер елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Солардың бірі – Шақшақ Жәнібек батырдың туы. Мұрағатқа алып келген кезде ту бүтін болған. Қуаныштан болар, әлде тарихи жәдігерлердің құндылығын түсінуге құлдық санамыз ол жылдары кедергі келтірді ме, қайдам, қазақтың ырымымен жұғысты болсын деп ашылу салтанатына жиналған халыққа жыртыс ретінде таратылып жіберілген.
Ұлт тарихында терең өзгерістердің басталуына түрткі болған тарихи оқиғаларға арналған кең көлемдегі диарама салу қажырлы еңбекті, қаражатты, ұлтжандылықты талап етеді. Қазақстанда қазіргі таңда біз білетін тарихи оқиғаларға, ірі тұлғаларға арналған төрт диарама бар. Оның бірі Семей қаласындағы Абай Құнанбайұлына арналса, екіншісі Орал қаласындағы Жәңгір ханның диарамасы, үшіншісі Алматы қаласында болса, төртіншісі осы Торғайда орналасқан. Шындығына келгенде, Қазақстанда тұңғыш салынған да және уақыт жағынан тез арада біткен де осы Торғай диарамасы.
Торғайдағы диарама ХVІІІ ғасырдағы батырлар заманынан сыр шертетін Аңырақай шайқасына арналған. Республикадағы бұл тұңғыш диараманы Алматыдан арнайы түрде шақыртылған суретші С.Пожарский бар күшін сала отырып, айналдырған 10 күннің ішінде бітірген. Көрермен залына келген 50 адам еркін түрде көре алатын понораманы бейнелі түрде соғыс майданындағы көріністермен осындай аз уақыт аралығында толтыру, тіпті ақылға қонбайтындай кез келген адам мүмкін емес шаруа деп айтар еді, бірақ шындық осы.
Торғай халқы тектілердің мекені деп тегін айтылмаса керек. Ғалым әрі жазушы Зейнолла Қабдоллов «Торғай – ұлттың ұясы» дегенде осыны меңзесе керек деп ойлаймын. Оған біз Аманкелді батыр көшесінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын аралау барысында көз жеткізгендей болдық. Мұражай есімдері Алты алашқа танымал, бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналған, өмірлерінің соңына дейін бір-бірін ағалы-інілердей сыйлап өткен қос бірдей тұлғаның мұрасын зерттеп, насихаттау мақсатымен 1991 жылдың маусым айында ашылған. Мұражай алдында екі бірдей тұлғаға ескерткіш қойылған.
Мұражай кіреберісінің қара түнектеніп бейнеленуі Ахмет пен Міржақып өмір сүрген ауыр кезеңнің көрінісін көзіңізге елестетеді. Жәдігерлер қойылған қабырғаларға темір тормен 1929, 1932, 1937 сандарының сипатталуы келушілерге 1930-жылдардағы қазақ зиялы қауымының басына түскен небір сұрапыл оқиғалардың бет-пердесін түсінуге, «ұлт қаймақтарының» қасіретті де аянышты тағдырын бір сәтке болса да еске түсіру арқылы олардың есімдерін ұмыту мүмкін еместігін тағы бір ескерткендей болады.
Екі арысымыздың өмірі мен қоғамдық қызметіне байланысты мұражайға қойылған аса құнды құжаттар мен қолжазбаларының көшірмелері баға жетпес байлық, зерттеуші үшін таптырмас дүние деп те айтар едім. Ахаң мен Жақаңның Орынбор, Ташкент қалаларында баспадан жарық көрген кітаптарының алғашқы басылымдары, олар жайлы зерттеулер мен жинақтар, өмірлерінің қилы кезеңдеріндегі куәліктері мен фотосуреттері мол қамтылған.
Торғай тарихтың қай кезеңінде де таланттарға кенде болған емес. Қазақ әдебиеті мен өнеріне, білімі мен мәдениетіне қомақты үлес қосып, елдің абыройын Қазақстанда ғана емес, шетелге дейін танытып жүрген Торғай өңірінің талантты тумалары бүгінде баршылық. Мұны мұражайдың екінші бетіне орналастырылған Торғайдың атақты адамдарының өмірбаяндарына арналған жәдігерлерден байқадық. Олардың арасында академик-экономист Кенжеғали Сағадиев, төл теңгемізге тұңғыш қол қойған Ғалым Байназаров, Торғай облысының әкімі болып, елдің рухани мұрасының сақталуына елеулі үлес қосқан Жақан Қосабаев, бар өмірін су шаруашылығының дамуына арнаған, мелорация және су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев, халық ақыны Нұрхан Ахметбеков, қазақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі Ахмет Бірімжанов, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болған Асқар Закарин, қазақтың көрнекті ақыны Қайнекей Жармағамбетов, атақты композитор Бақытжан Байқадамов, қазақтан шыққан тұңғыш оқымысты ғалым апамыз Нәзипа Құлжанова, сырлы ақын Сырбай Мәуленов, лирик ақынымыз Ғафу Қайырбеков тағы да басқа қоғам және мемлекет қайраткекрлері мен ақын-жазушылардың өмірбаяндарына қатысты құнды жәдігерлер сақталған.
Торғайдағы біз барған үшінші мұражай халық ақыны Нұрхан Ахметбековке арналыпты. Сырт қарағанда шағын болып көрінгенімен мұражай іші ақынның сирек кездесетін қолжазбаларына, отбасынан қалған жәдігерлерге толы болып шықты. Нұрхан ақын туралы әңгімелеп берген Гүлбану Құлетқызы оның ақын ғана емес, сонымен қатар күйші, тамаша әнші болғандығын айтты. Оның дәлелі ақынның «1916 жыл», «Жеңіс» атты күйлерінің халық арасында қазір де орындалып жүргені. Көзімізге беті әбден сарғайған сол кездегі орталықтан шыққан газеттің бетіне суреті бейнеленген ақынның фотосы түсті. Қазақы шапанмен, қолына домбыра ұстап түскен ақынның бұл фотосы арқылы 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан өнер адамдарының құрамында біздің ақын ағамыздың болғандығын білдік.
Әліби Жангелдин тарихи-мемориалдық мұражайы – ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Мұражай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, атақты саяхатшы Ә.Жангелдиннің өмірі мен қоғамдық қызметін насихаттау мақсатында ашылған. Мұражайдың Бас қор сақтаушысы Ләззат Ертасованың сөзіне қарағанда, Әліби Жангелдин жастайынан оқуға құмар, алғыр, білуге, тануға, үйренуге талпынған жастардың алдыңғы қатарында болған. Осы талпынысы оны 1910-1912 жылдар аралығында әлемді аралауға, саяхатқа шығуына алып келген. Бұл саяхат қазақ ұлының көзінің ашылуына, көзқарасының қалыптасуына, ұлттық санасының оянуына әсер етпей қоймады.
Негізгі үлкен залға қайраткердің күреске толы өсу жолын көрсететін құжаттар мен фотосуреттер көшірмелері топтастырылған. Әсіресе оның Торғай, Орынбор, Қазан қалаларындағы оқу орындарындағы оқыған кезеңіндегі куәліктері, саяхатқа шығатыны туралы 1916 жылы Мәскеудің «Утро России» газетіне берген хабарландыру, Далалық өлке төтенше әскери комиссарының куәлігі сияқты құнды құжаттар сақталған.
Мұражайға сонымен қатар жалпы Жангелдин ауданының құрылу тарихына байланысты жәдігерлер қойылған. 1917-1920 жылдар аралығындағы алмағайып заманның көрінісін беретін жәдігерлердің арасында сол заманның қару-жарақтары, халық арасынан жинақталған құрал-саймандар мен тұрмыстық заттар студенттердің қызығушылығын туғызды. Атаман Анненковтың бұйрығымен 17 адам атылған халық арасында «партизандар сайы» аталып кеткен адамдардың тізімі берілгендердің тұсына түрмеде жатқан Хакімбек Токиннің өлең жолдары жазылған:
«Біз көрмедік бір сәулесін жарықтың,
Біз кетерміз құрбаны боп халықтың.
Халқым көрер бостандықтың шұғыласын,
Біз тұрармыз хақ төрінде тарихтың».
Иә, тарих беттерінде олардың есімдері мәңгі қалды, ұрпақ оларды ұмытқан жоқ.
Торғайдағы біз барған өзінің атындағы көшеде орналасқан Алтынсарин мұражайының залдарын аралау барысында бүкіл ұлтқа танымал, қазақ баласы үшін тұңғыш мектеп салған Ыбырай бабамыздың ағартушылық жолының ізін аңғаруға болады. Мұражай жәдігерлері ағартушының туған халқына жан аямай еңбек етіп, ұрпақтарына үлгі-өнеге боларлық, тәлім аларлық, рухани нәр боларлық бай мұра қалдырғандығын дәлелдегендей алдымызда сайрап тұрды. Бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жүйесін жақсартуға жұмсай келіп, «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, ол – мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.
Мұражайда Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметіне арналған кітаптар, заттар, Ы.Алтынсариннің кітаптары, мектебінің макеті, фотосуреттер, естеліктер сақталған. Мұражай қызметкері Альбина қарындасымыздың сөзіне қарағанда, Торғай облысының инспекторы болған кезде Ы.Алтынсариннің күшімен 80-нен аса мектеп ашылыпты. Таңғалмасқа шараң жоқ. Оқу құралдары жетіспеген, материалдық-техникалық жабдықталуы қиын патша өкіметінің қатаң бақылауында болған сол кезеңде қазақ жерінде соншама білім ошақтарының ашылуы үшін қаншама күш-жігер, өжеттілік, қайрат, қайтпас мінез керек. Бұл ерлікпен пара-пар, оған сөз жоқ. Мұражайда Ыбырай ашқан мектептердің тізімі карта арқылы сызба жолмен берілгендігін көрдік. Сөзімізді мұражайдағы мұрағаттық құжаттар, баға жетпес фотоматериалдар куәландырады. Мұражай Алтынсарин мектебінің түлектері, көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, ағартушылар туралы қызықты материалдармен толықтырылған.
Торғайлық ақын Шәміл Мұхамеджановтың «Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың, Бәрібір сен туған жерге баласың» деп жырлағанындай, қай жерде жүрсек те, қандай мамандық иесі болсақ та алдымен өз туған жерімізге тағзым етуіміз – басты міндетіміз екендігін ұмытпауымыз абзал.
Роман АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры