Өткен ғасырдың соңғы жылдарында Қаратаудың беткейінде сағымға айналған ақбөкендер жортып жүретін. Қазір олар көзден ғайып болған. Шынымен сағымға айналып барады.
Мен жақында Жабайы табиғатты қорғау әлемдік қорының «Ресейдегі WWF жақтаушылары» жобасының үйлестірушісі Марина Серяковадан ақбөкенді қорғауға қатысты хат алдым. Ол «Сахараның ботакөзін қорғауға қатысуыңызды сұраймын!» деп жазыпты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған. Бұл басты тұрмыс қағидаты Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымы мен құндылықтарын қалыптастырды. Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды», деп жазды. Қоршаған ортаға көзіміздің қарашығындай қарайтын озық мәдениетімізді ашкөздік атты дүниеқоңыздықтың шелі басып кетті ме?
«Ақбөкен Еуропадағы ең жүйрік антилопа. Ол сағатына 80 шақырымға дейін жылдамдықпен жүгіре алады. Қазір жүйрік шетелдік мотоцикл мен джип машиналарын мінген браконьерлерге ол оңай олжа. Сондықтан жануарларды қорғаушы инспекторларға жүйрік көлік пен сенімді ғарыштық байланыс желісі қажет. «Далалық» қорыққа жетіспейтіні осы», деп жазады Марина Серякова.
Ресей табиғат қорғаушылары жануарларды қорғаушылар үшін ел аумағы ғана емес, әлемдік қауымдастықтардан, жекелеген демеушілерден қаржы жинап жатыр.
Марина Серякованың айтуынша, осыдан 40 жыл бұрын Каспидің Солтүстік- Батыс жағалауында жарты миллионнан астам ақбөкен болған. Қазір бес мыңға да жетпейді. Қырық жылда 100 есеге азайған!
Аса сүйкімді бөкеннің қас жауы браконьерлер. Олар бөкенді аталығының мүйізі үшін қырып салады. Мәселен, қазір Қытайдың және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің қара базарында бес жұпқа дейінгі киік аталығының бір кило мүйізі мыңдаған долларға сатылады. Себебі ол шығыс медицинасында дәрілік шикізат ретінде пайдаланылады. Ақбөкен Еуразия алқабындағы бақылаусыз кең далада шексіз көлемде ауланады. Эколог ғалымдардың пайымдауынша, бүгінде табындағы аталық саны шамамен нормаға сәйкес 18-20% болуы тиіс болса, қазір 10 пайызға да жетпейді. Мұндай жағдайда киік табындары тұқымсыз қалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұйымдасқан қылмыстың ішіндегі қоғамның жауы ретінде браконьерлікке ерекше тоқталды. «Қазіргі кездегі аң аулаушылар барынша жабдықталған, қарулы, өздерінің жазасы берілмейтіндігіне сенімді. Браконьерлер еліміздің ұлттық байлығы – табиғатымызды аяусыз құртуда», дей келіп, оған қарсы халықтық күреске шақырды.
Киік – киелі жануарлардың бірі. Оны ел арасында ақбөкен деп те атайды. Киіктер мамыр айында төлдей бастайды. Сол кезде ауа райы бұзылып, суық жел тұрып, жауын-шашын болады. Мұны қазақтар табиғаттың болмысына сүйсініп «Құралайдың салқыны» дейді.
Киіктің адам үлгі алуға болатын ең бір ерекшелігі – олар ешқашан жетім лағын тастамайды. Кез келген киік маңырап шыққан жетім құралайды кездестірсе, қасына барып емізіп, өзімен ілестіріп алып кетеді. Киіктің жүйріктігі сондай, туғанына екі күн болған құралайды машинамен қуып жету оңайға түспейді.
Қазақстанда киіктің саны күрт азайып бара жатқандықтан 2006 жылы Қызыл кітапқа енгізілді. ХХ ғасырдың 90-жылдары Бетпақдала, Үстірт, Орал аймақтарын бір миллионнан астам ақбөкен мекен еткен. 2003 жылы 21 мың басқа дейін төмендеп, бұл жануарларды сақтап қалу үлкен проблемаға айналды.
Киіктердің санын арттыруға кедергі келтіретін өзекті мәселенің бірі – жануарлардың жұқпалы ауруларға сезімталдығы. 2010-2013 жылдары БҚО, Қостанай, Ақмола облыстарында пастереллезден бөкендер жаппай қырылып қалды. 14 мыңнан астам жануар қырылды. Тиісті министрліктің мәліметінше, киіктердің дерті жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Сондықтан бұл жағдай олардың көбеюіне қатер тудырып отыр. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Білім және ғылым министрлігі 2012 жылдан бастап киіктердің инфекциялық індеттерін зерттеу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар инфекциялық дерттердің алдын алуға негізделген.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда 2015 жылы Қазақстандағы киіктердің үштен екіге жуығы қырылып қалды. Жыл басында 275 мыңға жеткен киік саны жыл аяғында 108 мыңға дейін кеміп кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігі жылда 10 сәуір мен 30 сәуір аралығында киік санағын жүргізеді. Оның нақты саны төлдері қарақұлақ болған соң шілде айында нақтыланады.
2015 жылы Орал, Бетпақдала, Үстірт өңірінде 150 мыңға жуық киік қырылғанда ресми мәлімет киік өліміне пастереллез ауруы себеп екенін айтқан. Кей ғалымдар киік қырғынына басқа да аурулардың қатысы болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. «Шындық» экспедициясын құрып, киік қырылған Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарын аралап шыққан астаналық белсенділер Қызыл кітапқа енген жануарлардың өліміне ресейлік «Протон» зымырандарынан бөлінген улы гептил отынының әсері бар» деген тұжырым жасаған.
Мамандар соңғы жылдары киік санының артып келе жатқандығын айтады. Үстірттің өзін үш мыңға жуығы мекендейді. Жануарлардың бейқам жайылып, еркін төлдеуіне Жезқазған – Бейнеу темір жолының салынуы да кедергі келтіреді. Себебі, ақбөкендердің жылдағы төлдеу орындары Арқаға асып Торғай ойпатына Қорғалжын қорығына өтетін темір жолдың арнайы өткелдері орналасқан тұстары әлі де талапқа сай емес.
«Киіктің киелі жануар екенін көрсететін бір жағдай бар. Мамырдың 22-28 күндері Ұлы даладан қазақтар «түйетабан» деп атап кеткен өсімдікті көруге болады. Кереметтігі сонда, оның аса үлкен жасылдау-қызғылт түсті жапырақтары киіктің жаңа туған құралайын жасырып тұрады. Солайша қырағы бүркіттің өзі табиғаттың өзі жасырған құралайды байқамайтын көрінеді. Ең қызығы сол, құралайлар аяғына мінісімен-ақ әлгі түйетабан өсімдігі келесі көктемге дейін жоғалып кетеді екен.
Ресей жеріндегі сахараның ботакөзін сақтап қалуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей жанұшырған Марина Серяковаға не жауап қайтарарымды білмей тығырыққа тіреліп отырмын. Осы ғасырда қазаққа тән бейқамдығымызбен, дүниеге қызыққан ашкөздігімізбен талай ән мен күйге арқау болған, ежелгі заманнан тұяғы кетілмей келе жатқан тұмса табиғаттың төлі құралайымыздан көз жазып қалмасақ болғаны.
Ескендір ЕРТАЙ