Елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 30 тамыздан бастап «Музейлер шеруі» атты жалпыреспубликалық акция бастау алған еді. Жуырда осы ауқымды шара Қызылжардағы «Абылай хан резиденциясы» музей-кешенінде жалғасын тапты.
Бұл акцияның мақсаты ұлттық мәдени мұралардың жалпы халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, ол жастар санасына ұлттық тарихтан терең хабар береді. Сонымен бірге ол мәдениет пен өнер саласында мемлекет тарапынан болып жатқан іс-шараларға қазақстандықтардың назарын, азаматтарға «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары туралы біршама ақпарат беруді мақсат еткен. Экспонаттармен танысудың өзі тарихтың қызықты сюжеттері, квест, викториналар, мастер-кластар, экскурсиялар арқылы өтіп, жастарды жалықтырмайтын, керісінше қызығушылығын тудыратын іс-шаралар арқылы жүргізіледі.
«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде шеру алдымен экскурсиямен басталып, одан әрі қаладағы С.Мұқанов атындағы музыкалық драма театры өнерпаздарының қойылымымен жалғасты. «Абылай ханның Ресей елшісімен кездесуі» атты бұл қойылым ханның өмірі мен қайраткерлік, дипломаттық қырларынан сыр шертті. Қазақ даласына ентелеп еніп келе жатқан патшаның экспансиясын тоқтатуды ойлаған ханның әдіс-айласы, амал-тәсілдері біршама көрініс тапты. Ал «Ғасырлардан жеткен тарих» квест ойыны бойынша жиналған жастар Абылай ханға тікелей «сұрақтар қою» мүмкіндігіне ие болды. М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университеттің студенттері бұл ойында әсіресе үлкен белсенділік көрсетті. «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан жастар арасынан Райымбек Бабаш, Нұрдәулет Тастан және т.б. ханға «тікелей сұрақтар» қойып, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды. Ойындардың бәрі музей экспонаттарын қолдану, дулығаны басқа киіп, қылышты белге ілуімен қызықты болды. Сонымен бірге ойындарға белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді. Одан әрі кеш «Караока» кафесінде жалғасып, жастардың бүгінгі талғамына жауап берді. Музей кеші 21.00-де басталып, таңғы 03. 00-ге дейін жалғасты.
Музей директорының орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова халықтың көп жиналғанына, әсіресе жастардың үлкен қызығушылық танытқанына риза болғанын жеткізді. «Шараның осынша ауқымды, қызғылықты болғанына өзіміз де таңғалдық. Әуелі оның сәтті болатынына күдікпен қараған едік, бірақ бәрі де өте көңілді шықты. Жастардың қазақтың тарихына деген қызығушылығы бізді тәнті етті», деді ол.
Сөйтіп «айлы түннің аясында» деген жалпы атау алған мәдени шара сәттілікпен аяқталды.
ПЕТРОПАВЛ