Өткен демалыс күндері футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 31-тур ойындары өтті. Ел біріншілігінің аяқталуына небәрі екі тур қалса да, чемпиондыққа талас қыза түсуде. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Алматының «Қайраты» мен елорданың «Астана» командалары бас жүлде үшін таласуда.
Ел біріншілігінің 31-тур ойындарының шымылдығын Қызылорданың «Қайсары» мен Атыраудың «Атырау» командалары ашты. Қазақстан кубогында топ жарғаннан кейін «Қайсар» Еуропа лигасына жолдама алып, ішкі чемпионаттағы миссиясын мерзімінен бұрын орындаған соң қалған командаларға ұпай тарата бастады. Өткен турда «Ертіске» ұпай сыйлаған Қызылорданың командасы бұл жолы «Атырауға» үш ұпай ұстатты. «Қайсар» өз алаңында өткізген кездесуде қонақтарға 0:1 есебімен есе жіберді. Матчтағы жалғыз голдың авторы – Гжельчак Петр. Премьер-лигада жан сақтап қалудың қамына кіріскен «Атырау» бұл жеңісінен кейін турнир кестесінде 23 ұпаймен 11-орында келеді.
Еуропа лигасына жолдама беретін үшінші орыннан үміті бар Шымкенттің «Ордабасы» командасы өз алаңында Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Өте тартысты өткен ойында «Ордабасы» соңғы минуттарда қарсыласынан басым түсті. Матчтың 78-минутында қорғаушы Сергей Малый есепті ашса, арада 6 минут өткенде шабуылшы Май Махлангу кездесудің нүктесін қойды. Өз алаңында маңызды үш ұпайға қол жеткізген «Ордабасы» қола жүлде үшін күресті жалғастыруда. Ал «Ертістің» басты мақсаты үздік ондықтың қатарынан түсіп қалмау болып тұр.
Чемпиондықтан негізгі үміткерлердің бірі – Алматының «Қайраты» өз алаңында осы матчқа дейін бас жүлдеден үмітті болған Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. Жалпы, бұл матчты турдың орталық ойыны деп айтуға толық негіз бар. Өйткені екі командаға да үш ұпай ауадай қажет болатын. Сондай-ақ жеңіске жеткен команда чемпиондыққа таласты әрі қарай жалғастыра береді, ал жеңілген команда алтын жүлдеден үмітін үзіп, қола медаль үшін ойнайды. «Ордабасы» – «Ертіс» матчы сияқты бұл ойында да екі гол соғып, жеңімпаз команданың есімі соңғы минуттарда белгілі болды. Георгий Жуков 73-минутта «Қайратты» есепте алға шығарса, 93-минутта Артур Шушеначев алаң иелерінің жеңісін нақтылады. Енді «Қайрат» пен «Астана» арасындағы чемпиондыққа талас қыза түспек.
Соңғы жеті ойынның бесеуінде қарсыластарына есе жіберіп, турнир кестесінде төмен сырғып бара жатқан Қарағандының «Шахтері» соңғы екі турда екінші рет тең ойнады. Сәйкесінше, кеншілер командасы жеті турдан бері жеңіске жете алмай келеді. Өткен турда «Таразбен» 0:0 есебімен тең тарқасса, бұл жолы өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубымен тең ойнады. Ойындағы қорытынды есеп – 2:2. Бір-бір ұпайды қоржындарына салған екі команда турнир кестесінде 7-ші және 8-орындарды бөлісіп тұр.
Талдықорғанның «Жетісуы» мен Тараздың «Тараз» клубының арасындағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды. «Жетісу» бұл ойында жеңілсе де, жеңіске жетсе де турнир кестесіндегі 5-орында қала береді. Сондықтан бұл ойын жетісулықтар үшін аса маңызды болған жоқ. Ал қонақ команданың мақсаты қалай да ұпай олжалау болатын. Сырт алаңда бір ұпайға қол жеткізген «Тараз» 26 ұпаймен турнир кестесінде 10-орынға тұрақтады.
31-турдың шымылдығы елордада жабылды. «Астана» – «Ақтөбе» арасындағы матч турдың ең көп гол соғылған ойыны болды. Чемпиондықтан негізгі үміткер «Астана» Еуропа лигасының 3-турында сырт алаңда Нидерландтың АЗ командасынан оңбай жеңілген соң, айыбын жуып-шаю үшін өз жанкүйерлері алдында ірі есеппен жеңіске жетуі керек еді. Және солай болды да. Бұл кездесуде «Астана» 5:0 есебімен жеңіске жетсе, Марин Томасовтың бір өзі 4 гол соқты. Футбол тілімен айтқанда, покер авторы атанды. Бір қызығы, ел чемпионатында соңғы рет төрт голды 2003 жылы түрікмен шабуылшысы Мүслім Агаев салған екен. Осылайша 16 жылдан бері мұрты бұзылмай келе жатқан статистиканы хорватиялық саңлақ жаңартты. «Астана» сапындағы бесінші голды Серікжан Мұжықов салғанын да айта кетейік.
Алдағы жексенбі күні 32-тур ойындары өтеді. Бұл турда «Ақтөбе» – «Шахтер», «Атырау» – «Ордабасы», «Ертіс» – «Қайрат», «Оқжетпес» – «Жетісу», «Тараз» – «Қайсар» және «Тобыл» – «Астана» командалары кездеседі.
31-турдан кейін сұрмергендер көшін 19 голмен «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасов бастады. Екінші орында 18 голмен «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеола тұрса, үшінші сатыда «Қайраттың» тағы бір ойыншысы Мартон Эппель орналасқан. Оның еншісінде 16 гол бар.