Дінің тұрсын дін аман
Ұлық мереке күні ауылда жаңа мешіт ашылды
Қыс салқыны әлі кете қоймағанымен, ақ қар, көк мұздың көбесін сөгіп, күн мен түнді теңестірген, барша тіршілік иелерін қуанышқа кенелдірген жыл басы 22 наурызда Нұра ауылының көгінде жарқырай нұр шашып тұрды. Жағалай үш-төрт киіз үй тігіліп тасталған. Көшеге сахна орнатылып, қазақы ән-күй әуені көңілді шалқытып асқақтата түскендей.
Мұндағы осы жолғы наурыздың бір ерекше қуанышты оқиғасы сол, осынау ұлыстың ұлы күні еңселі жаңа мешіт ашылып, ауылдағы ақ ниетті барлық мұсылман қауымның имандылық игілігіне айналды. Бұл ізгілікті ғамалдың жай-жапсарын ауылдық округтің әкімі Дәлібай Әбдіғұлов пен “Нұр Отан” партиясының осы округтегі бөлімше төрағасының орынбасары Әзімжан Нұрәбілов кеңірек баяндады. Бір айтарлығы, бұл Нұраның өзі әзелден-ақ құт қонып, береке дарыған байырғы да баянды ауылдардың қатарына жатады. Бұрындары колхоз да болған, совхоз да орнаған. Белгілі азаматтар шыққан. Дәулет-сәулетімен республикаға кеңінен танылған. Ана бір өтпелі кездегі нарық қиындығын да елден бұрын еңсеріп, өз беттерімен тірлік жасап, береке-бірлікпен, еселі еңбекпен адал несібесін айырып, ауыздан ақ май ағызар қазіргі шүкіршілік күндерге ертерек қол жеткізген де осы Нұраның атпал азаматтары десек, қателеспейміз.
Тегінен дарыған, уызынан жарыған бұл ауылда имандылық мәселесі де бұрыннан-ақ ілтипатты назарда болған екен. Осы сөзімізді тірілте кетсек, дәл бүгінге дейін, жиырма жылға жуық, жамағатты дін исламға ұйытып келген алғашқы мешіттің іргетасы сонау Кеңес өкіметі қайнап тұрған 1990 жылы қаланған көрінеді. Еңселі жаңа мешіттің қасындағы бұл ескі мешіт үйі ендігі жерде жастарды хақ дінге баулитын, жеткіншектерге дін сабағы жүргізілетін медресеге айналмақ. Сол мешітте 22 жыл наиб имам, ауыл молдасы болған Халық атаға мешіт ашылу салтанатының үстінде ауыл азаматтарының арғымақ ат мінгізіп, шапан жабуын да тамырын имандылықтан тартқан үлкен ұлағаттылық деп білдік.
Қызыл кірпіштен қаланып, күмбезі сонадайдан көз тартқан, мәзіншінің мұнарасы биікке бойлаған еңселі мешіт ғимаратын өз қаржысына салып, туған ауылына сыйға тартушы Серік Есдәулетовті де осы арадан көрдік. Шымыр денелі, байсалды жігіт. Өзі де құрылысшы. Осы ауылдың тумасы. Алматыда тұрады. Ізінен ерген Ерік деген інісі бар. Мінеки, осы кәсіпкер жігіттер Елбасы Жолдауындағы әр азаматты өзінің туған ауылына көмектесіп қолұшын беруге шақырған үндеуге жүрек қалауымен үн қатқан.
Жаңа мешітке ақсақалдардың ұйғаруымен колхоздың негізін қаласқан, Ұлы Отан соғысына қатысқан, ел мен жерге еңбегі сіңген Бұралқиев Әбілда атаның аты беріліпті. Ол кісінің кешегі ел басына күн туған, ер етікпен су кешкен алмағайып заманда табандылық танытқан қасиеті мол жан болғандығы бүгінгі ұрпақтың есінде қалыпты. Сондай-ақ, бұрынғы “Школьная” көшесі Әбілда атаның, Төле би шағын ауданындағы және бір көше Ұлы Отан соғысының шәһиті Құрманғали Бұралқиевтің атымен аталатын болды. Сөз ретімен осы арада айта кетсек, Әбілда ата атындағы мешіт ауласында 1941-1945 жылдарда осы Нұра ауылынан Отан қорғауға аттанып, қан кешуден қайтып оралмаған боздақтардың аттары тасқа қашалып жазылған сынтас түріндегі ескерткіш тақта қоса орнатылыпты. Ел анасы Маржанбала әженің мүбәрак қолымен ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінің куәсі болдық. Сол арада соғыс құрбандары мен кешегі Қызылағаш ауылындағы қайғылы нәубеттің шәһиттеріне Құран бағышталуы өткенге – салауат, ертеңге аманаттай болып көрінді. “Отанды сүю – иманнан” деген пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінің ізгілікті мәні де осы арада тереңдей ашыла түскендей.
Әбілда ата мешітін ашу рәсімін орайымен жүргізген Талғар аудандық мешіті имамының баспасөз хатшысы Кәмнұр Тәлімұлы: “Мешіт – Бәйтолла деген Қағбаның бір бөлімшесі. Ол адам пендесінің Алла тағалаға деген құлшылық тілегін қабылдап, жәннатқа жол ашатын, жүрегімізге иман нұрын шашатын ең қасиетті де қастерлі киелі орын” деп жұртты ұйыта сөйледі. Ең әуелі Талғар ауданы орталық мешітінің наиб имамы Нұржан Әбдікерімұлы пайғамбарымыз мұсылмандардың қалқанына теңеген мешіттің ашылу құрметіне Құран оқыды. Бұдан соң Алматы облысының өкіл имамы Мұхтар қажы Сардарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, бірсыпыра уағыз айта келе, жаңа мешітке Елбасы ықыласымен шыққан Құран Кәрім кітабын сыйға тартты. Келесі кезекте Талғар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Жұмағұлов, көрші Туғанбай ауылының ақсақалы Рақымжан қажы Мәлкеев, Өстемір ауылынан Ержан қажы Кәкімбайұлы, Нұра ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Кемал Баялбаев, 3 жыл бұрын Туғанбайда осындай мешіт салған кәсіпкер Мұрат Нұрғазиевтар құттықтау лебіздерін арнап, айтыскер ақын, Мәдениет үйінің директоры Әбдіғани Бәзілхан жырдан шашу шашса, әкім Дәлібай Әбдіғұлов пен атбегі кәсіпкер Айтбек Балабеков бастаған ауыл азаматтарының жаңа мешіттің имамы Әділхан Сатыбалдиевке жеңіл автокөлік, мешітті салушы Серік Советжанұлына ат мінгізіп, үстеріне шапан жауып, сый-құрмет көрсетуі де елдің береке-бірлігін паш етіп тұрғандай болды.
Сол арада ақсақалдар мен хақ діннің шырақшылары лентаны қиып, Әбілда ата мешітін салтанатпен ашты. Жиылған жамағат құдай үйіне кіріп, екі бас сәлем намазын оқыды. Мұсылмандық пен ізгіліктің қазақы жол-жоралары одан әрі жалғасты. Бұрыннан-ақ ұйтқылы имандылық өрісі кеңейе түскен, осы бір нұрлы күні ұлық наурыз бен жаңа мешіт ашылуын қатар тойлаған Нұра ауылынан біз де қуанып аттандық.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.