• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Қазан, 2019

Ақтаулық ұстаздар «білімдегі көшбасшылық» магистрі атанды

381 рет
көрсетілді

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі мұғалімі Назарбаев Университетінің «білімдегі көшбасшылық» бағдарламасы аясында магистратураны тәмамдады. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінен Ы.Рамазан хабарлады.

Каспий өңіріндегі зияткерлер ордасының ағылшын тілі пәні мұғалімі Лаура Байтоқаева және жаһандық мүмкіндіктер және жобалық жұмыс пәні мұғалімі Гүлден Суюндікова Назарбаев Университетінің магистратурасын аяқтап, дипломдарын алды.

- Еліміздің көшбасшыларына сапалы білім беру үшін, ақылдылар озған заманда оқушыларымызға үлгі болу үшін зияткерлік мектеп мұғалімдеріне артылар жүк көп. Үнемі білім шыңдау, іздену, жаңа әдіс-тәсілдерді байқап көру жаңа заман мұғалімі үшін өте маңызды. Сол себепті де осыдан екі жыл бұрын университетке құжаттарымды тапсырып бағымды сынап көрген едім. Сәті түсіп, оқуға түстім. Модульді оқу қызметтегі ұстаздарға өте тиімді болды. Сабақтан жиған білімімді бірден тәжірибеде қолдандым, дейді Лаура Байтоқаева.

Жас педагогтар алдағы уақытта жоғары білім мектебінде үйренген біліммен әріптестеріммен бөлісуді, мұғалім бойындағы зерттеушілік дағдыларды қалыптастыруды және сол арқылы білім беру саласындағы өзекті мәселелердің шешу жолдарын әріптестеріммен бірге табуды жоспарлап отыр.

- Назарбаев Университетінде оқып жүрген кезімде алған негізгі дағдыларым - зерттеушілік және көшбасшылық. Бұлар оқытудың заманауи әдістері мен технологияларын қолдана отырып жасақталған курстар арқылы дамытылды. Сабақ барысында біз әртүрлі сараптамалық мақалалар жазып, шағын зерттеулер жүргіздік. Олардың көпшілігі тек біздің профессорларымызға ғана емес, сонымен қатар әртүрлі білім саласындағы конференцияларының комитеттеріне де ұсынылып жоғары бағаланған еді, дейді Гүлден Суюндикова.

Ұстаздардың ағылшын тілінде білімін шыңдап, кәсіби тұрғыдан өсуде зияткерлік мектептердегі үштілділік саясаты тиімді болғанын айта кету керек. Пән мұғалімдерінің ағылшын тілін жоғары деңгейде меңгеруі қызметте көмек болып қана қоймай, еліміздің жетекші университеттерінде тегін оқуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зияткерлік мектептің екі ұстазы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда білім арттырса, екі мұғалімі Yessenov University докторантурасында оқып жүр.