Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет – тұрақты мемлекет» атты семинар-кеңес өтті.
Халық пен билік арасында диалог орнату мәселелері талқыланған іс-шараны Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі және Еуразиялық интеграция институты ұйымдастырды. Жиынға Президент көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Ерлан Саиров пен Мұрат Әбенов, сондай-ақ облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктері аппарат басшыларының орынбасарлары, Бас прокуратура өкілдері, белгілі саясаттанушылар мен блогерлер қатысты.
Басқосуда Президент көмекшісі Аида Балаева сөз алып, Мемлекет басшысының Жолдауда көрсеткен мемлекеттік тұрақтылықты сақтау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік пен қоғам арасында тұрақты диалог құруға баса мән беріп отыр. Жолдаудағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды, азаматтардың талап-тілегін назарға алып, шешімін табуды көздейді. Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі осы мақсатта құрылды. Бүгінде бұл бөлім өтініштерді сапалы қарау жұмысын жүйелеуді қолға алды. Үш айда еліміздің үш өңіріне барып, аймақтардағы азаматтарды қабылдау шараларындағы ілгерілеушілікті байқадым. Бірақ осы бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіре түсу керек. Өйткені бізге түскен өтініштердің ауқымды бөлігі – өңірлерге тиесілі. Біраз мәселенің назардан тыс қалуы халық пен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың арасында тиісті деңгейде байланыс жоқтығын аңғартады. Қазір азаматтар жергілікті орындарда қаралатын мәселелерімен Президентке жүгініп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласына алыстағы ауыл-аймақтардан өз жақтарында да қарастыруға болатын арыз-шағымдарын айтып, әбігер болып арнайы келетіндер де бар, – деді А.Балаева.
Осы ретте Президент көмекшісі мәселелерді жүйелі шешу үшін азаматтардың үніне ғана құлақ аспай, мемлекеттік органдар да бір-бірін тыңдай білуі керек екенін айтты. Себебі мемлекеттік органдардың бір-біріне сілтеуімен халықтың талап-тілегіне дер кезінде мән берілмей, мәселелер қордаланып қалады. Осындай олқылықтарды ретке келтіру үшін Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі арнайы жобалық кеңсе ашқан екен.
– Мемлекеттік органдардың жұмысының сапасын арттыру үшін біз өтініштердің 90 пайызын Президент Әкімшілігінің бақылауына алдық. Бұл жұмысты ұйымдастыру аясында бөлім мемлекеттік органдардың жауаптары мен өтініш берушілердің пікірлерін талдау мен сапасына ерекше назар аударады. Тіпті теріс жауаптың өзі, менің ойымша, азаматтың күмәнін сейілту үшін негізді түрде жеткізілуі керек. Бөлімде құрылған жобалық кеңсе аясында мемлекеттік органдар деңгейіндегі жүйелік проблемаларды анықтау мақсатында өтініштерге талдау жүргізіліп жатыр. Біз негізсіз немесе орынсыз берілген жауаптардың барлығын орталық және жергілікті атқарушы органдардың өздеріне қайтарып жатырмыз. Осылайша әртүрлі мемлекеттік орган қызметкерлерінің біліктілік деңгейі де анықталады. Егер бір сұрақ келсе, жауап лайықты болуы керек. Алдымен мемлекеттік органдар бір-бірін тыңдай білуі тиіс. Бір-бірімізді естіген бойда адамдардың үні де құлағымызға жетеді. Өтініштерді қарау кезінде артық бюрократиялық кедергілер мен рәсімдерді жою, ведомствоаралық ынтымақтастықтың тікелей арналарын құру және атқарушы тәртіптің сапасын қамтамасыз етудің маңызы зор. Қазір Үкімет, министрліктер, барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде ауылдық, аудандық деңгейлерге дейін азаматтардың сұрағына тікелей жауап беретін адамдар анықталды. Біз өзара тығыз қарым-қатынаста болуымыз керек. Әрбір үндеу тиімді қаралуы тиіс, – деді Президент көмекшісі.
Жиында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының азаматтық қоғамды қалыптастырудағы рөлі туралы айтып берді. Ерлан Саиров бұл тұжырымдаманы жаңа дәуірдің бастауында тұрған басым бағыт ретінде атап, елдің тұрақтылығы саяси және экономикалық дамумен ғана емес, осындай азаматтық жауапкершілікті күшейту факторларымен нығаятынын алға тартты.
Ал Мұрат Әбенов шенеуніктер шын мәнінде жалдамалы менеджерлер екенін, халыққа қызмет ететінін ұмытпауы керек екенін еске салды. Ол ашықтық мәселесіне тоқталып, азаматтар қай салаға қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын айқын әрі түсінікті түрде көре алуы керек екенін айтты.
Сонымен қатар отырыста Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өкілі Асхат Ибраев баяндама жасады. Оның айтуынша, мемлекеттік органдарға 1,7 млн өтініш түскен. Оның ішінде 236,2 мың өтініш жер мәселелеріне қатысты болған. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөнінде 120,5 мың өтініш, еңбек және әлеуметтік қорғау бойынша 129,7 мың талап-тілек түскен.