Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери медициналық орталығы бүгін мерейтойын атап өтті. Осыған байланысты мерекелік шара ұйымдастырылып, онда әскери медицинаның дамуына өлшеусіз үлес қосқан мамандар мен орталықтың жетістіктері айтылды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Орталықта өз ісінің шебері, білікті әскери дәрігерлер мен ғалымдар жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл жерде 50 қызметкер, 11 сарапшы, 9 оқытушы мен жоғары санатты 6 дәрігер қызмет етуде. Екі қызметкер медицина ғылымының кандидаты ғалым дәрежесін иеленсе, бір PhD дәрігер бар.
Орталық Азияда теңдесі жоқ әскери медицина орталығының тарихы 1969 жылдың 1 қарашасында Алматы қаласында Ортаазиялық әскери округінің округтік сот-медициналық зертханасы құрылғанда басталды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін оны ҚР ҚМ Орталық медициналық зертханасы деп атады. Ал 2010 жылы мекеме өзінің қазіргі атауын алды.
Мекеме әскери медицина саласында қосымша білім беруді қамтамасыз етеді, біліктілікті арттыру және курстық даярлау саласындағы ұйымдастыру және оқу-әдістемелік жұмыстарға жауап береді, Қарулы Күштердің медициналық құрамына әскери-медициналық даярлықта, сот-медициналық, патологоанатомиялық, химиялық-токсикологиялық және гистологиялық зерттеулер жүргізуде әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді. 2011 жылдан бастап оның құрамына Қазақстан Қарулы Күштері медицинасы құрамындағы интернатура қосылды.
Бұдан басқа, орталық ІІД, Ұлттық ұлан және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілеріне медециналық көмек көрсетуді үйретеді.