• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Қараша, 2019

Жастарды қолдау – тұрақтылық пен орнықты дамудың негізі

3741 рет
көрсетілді

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз жастарды қолдауға басымдық беріп, осы бағытта көптеген шараны жүзеге асырды. Әсіресе, соңғы уақытта ел жастарына көңіл бөлу, оларды барынша жан-жақты қолдау ісі ерекше қарқын алды. Мұның басты айғағы ретінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылдың Жастар жылы деп жариялануын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағытта берген тапсырмалары шеңберінде нақты, жүйелі шаралар қабылданып, жүзеге асырылуын айтуға болады.

 

Өрісі кеңейе түскен бағдарлама

Міне, елімізде Жастар жылы аяқ­талып келеді... Осы орайда бүгін біз Жастар жылында жас ұрпақты көтермелеу, ел ісіне тарту, заман талабына сай бейім­деу бағытында атқарылған шаруа­лар­дың бірқатарына тоқта­лып өтуді жөн көріп отырмыз.

Әрине жастарға жан-жақты қолдау көрсету шаралары бір жылмен ғана шектеліп қалмайды. Бұл үздіксіз жүргізілетін, күн тәртібінен ешқашан түспейтін өте өзекті мәселе ретінде қала береді...

Жастар жылы аясында түр­лі ауқымды жобалар қолға алынды, сон­дай-ақ бұған дейін қабыл­дан­ған осы бағыттағы мемле­кет­­тік бағдарламалар қайта қа­­ра­лып, оларды ілгерілетуге қа­жет­ті қар­­жы көлемі едәуір ұлғай­тыл­ды. Мәселен, ауылдық жер­лерді қажетті еңбек ресурс­та­ры­мен, яғни әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешен маман­дарымен қамтамасыз етуге бағыт­талған, дәлірегі білім беру, әлеу­меттік қамсыздандыру, денсау­лық сақтау, ветеринарлық меди­цина, мәдениет және спорт, агро­өнеркәсіптік кешен салалары бойынша мамандығы бар жас­тар қатыса алатын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көптеген игі іс атқарылды. Жоба шеңберінде бірінші кезекте мемлекет тарапынан 100 АЕК немесе 252,500 теңге мөл­ше­рінде көтерме жәрдемақы төлеу түрінде және тұрғын үй үшін 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңге­ден аспайтын мөлшерде бюд­жеттік несие беру бойынша жастарға ауылдық жерлерде ти­істі әлеуметтік қолдауды ұсын­ғанын атап көрсеткеніміз ор­ын­ды.

Ұлттық экономика министр­лі­гінің мәліметі бойынша, «Дип­лом­мен ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан 2018 жылға дейін) 60 мыңнан астам маманға 15,3 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген, ал 27,5 мыңнан астам маман көмек алған. Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 70,6 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие берілген.

Ауылдық жерлерге бағыт­тал­ған мамандардың жалпы саны­ның ішінде білім беру саласына – 42745 (71,2%), денсаулық сақтау – 12 705 (21,2%), мәдениет – 1 604 (2,7%), спорт – 863 (1,4%), әлеуметтік қамсыздандыру – 483 (0,8%) және аграрлық секторға 1 665 (2,8%) адам барған. Соңғы 3 жыл ішінде (2016-2018 жж.) 17,3 мың маманға 7,4 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленсе, 10 330 маман 33,3 млрд теңге сомасында бюджеттік несие алған.

Ал 2019 жылы республикалық бюд­жет­тен 3 908 маманға бюд­жет­­тік несие беру үшін 14,8 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 3 754 адам 13 497 764,8 теңге мөл­ше­рінде несие алды (оның ішінде білім беру саласына – 8 620 897,8 теңге, денсаулық сақтау саласына – 3 172 159,2 теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға – 141 257,9 теңге, мәдениет 446 578,4 теңге, спорт 360 875,4 теңге, АӨК 646 158,1 теңге).

Жастар жылы аясында Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақ­ты­­лау кезінде, көтермелеу жәр­дем­ақысының мөлшері 70 АЕК-тен (176,7 мың теңге) 100 АЕК-ке (252,5 мың теңге) дейін ұлғай­тыл­ды.

 «...Жас келсе іске!»

Қазіргі таңда елімізде 14 пен 29 жас аралығында 4 мил­лион­ға жуық жас бар. 2019 жыл­дың екінші тоқсанында жас­тар ара­сын­дағы жұмыссыздық дең­гейі 3,7% немесе 81,1 мың адамды құрады. Олардың арасын­да экономикалық белсенді саналатын 2 180,4 мың жастың 96,3%-ы 2 099,2 мыңы жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылған жастардың ішінде 1613 мыңы, яғни 76,8%-ы жұмыскерлер, ал 486,2 мыңы (23,2%) өзін өзі жұмыспен қамтығандар. Эко­но­мика салаларында жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі – 388,8 мың адам (18,5%) көтер­ме және бөлшек саудамен, техника жөндеумен айналысса, 253,1 мың адам (12%) ауыл шаруа­шылығында, 239,7 мың адам (11,4%) білім саласында, өнер­кә­сіпте 218 мың адам (10,4%) жұ­мыс істейді. 2019 жылдың екін­ші тоқсанындағы жағдай бо­йын­ша жұмыспен қамту органдарында тіркелген (176,7 мың адам) жастардың жалпы санының 35%-ы немесе 62,4 мың адам жұмыс­сыз­дар қатарында.

Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішін­де жастардың өмір сүру дең­гейін жақсарту бо­йынша қо­сым­ша шаралар қабыл­дау мақ­са­тында нәтижелі жұ­мыс­пен қам­туды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша осы бағдарламаға қатысушылар арасында жастардың үлесі 35,7%-ды құрап отыр. Бағдарламаның бірінші бағыты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен біліктіліктер алудың тиімді жүйесін құруға арналған. Сон­дай-ақ «Тегін техникалық және кәсіптік білім» жобасы іске асырылуда, соның арқасында 9 немесе 11-сыныптан кейін оқуын жал­ғас­тыра алмаған мектеп түлектері алғашқы жұмысшы мамандығы бойынша ақысыз оқуға мүмкіндік алды.Сонымен қатар халықты қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бо­йынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары (6 айға дейін) ұйымдастырылды. 2019 жылдың 1 қыркүйегіндегі есеп бойынша 11,7 мың адам колледждер мен «Атамекен» ҰКП-ның оқу орта­лық­тарында қосымша дағды­лар мен біліктіліктер алу үшін қысқа мерзімді курстарға жіберілді.

Бағдарламаның екінші арнасы «Атамекен» ҰКП-ның «Бастау-Бизнес» жобасы мен микрокредит бойынша кәсіпкерлікке оқыту арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамы­туға бағытталған. 2018 жылдан бастап жаңа бизнес идеяларды ілгері­летуді көздейтін жаңа құрал 100 АЕК-ке дейін мемлекеттік грант түрінде ұсынылды. Биыл бұл сома аз қамтылған көп балалы отбасылардан, мүгедектер мен жас­тардан тұратын бағдарлама қатысушылары үшін 200 АЕК-ке дейін көбейтілді.

Бағдарламаның үшінші ба­ғыты ішкі қозғалысты және жұ­мыс­қа орналасуды қолдауды көз­дей­ді. Ел аймақтарында кадр тапшылығын азайту мақ­са­тын­да 2019 жылдың 8 айында еңбек күші артық аймақтардан 181 жас көші­рілді, олардың 144-і жұмысқа орна­ластырылды. Сонымен қатар Бағ­дарлама еңбек күші артық өңір­лерден келген жастарға жо­ға­­­ры және техникалық және кә­сіп­тік білім беруге және жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға жұ­мысқа орналастыруға бағыт­тал­ған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасымен толықтырылды. Бұл еңбек күші жетіспейтін аудандар мен ауылдық елдімекендерді жас білікті мамандармен қамтамасыз етуге, келушілердің жаңа жерде орналасуына, соның ішінде оқыту, жұмыспен қамту, баспана және балабақшалар мен келген балалардың мектептерге орналасуына көмектеседі.

Жалпы алғанда, 2019 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде 144 мыңнан астам жас өз деңгейінде мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды, олардың ішінде 86,5%-ы, яғни 124,6 мыңы жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ Бағдарлама аясында, әсіресе халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы және қоғамдық қызмет ұйымдастырылды, оларға 2019 жылдың 8 айында шамамен 54,8 мың адам жіберілді.

Жастар жылы аясында «Жас­тар – ел тірегі» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаға 3 жыл ішінде 1 млн жасты тарту көзделіп отыр. Осы жоба аясында жұмыспен қамту мәселелерін шешу, білім беру сапасын арттыру және жастар кәсіпкерлігін дамы­ту мақсатында екі жоба жос­пар­ланған: «Жас маман» және «Жас кәсіпкер».

Бүгінгі күні «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуға 18,9 мың адам жіберілді, 17,9 мың жас оқуын аяқтады, 14,5 мың адам бизнес-жобаларын қорғады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек.

 Тиімді жоба. Нақты қадам

«Жас маман» жобасы Қа­зақ­­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.На­зарбаевтың 2019 жылғы 23 қаң­тарда Жастар жылының ашы­лу салтанатында берген бұй­рығына сәйкес әзірленді. Үкі­мет­тің қаулысымен «Еңбек» бағ­­­дарламасы аясындағы «Жас ма­­ман» жобасының операторы болып «Кәсіпқор» Холдинг» КеАҚ бекітілді. «Жас маман» жо­ба­сының мақсаты – 180 танымал колледж бен 20 университетті 100 қажетті мамандық бойынша модернизациялау және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу.

Жобаның нәтижелері бо­йын­ша білім беру ұйымдары ұлт­­тық және халықаралық дең­гей­де талап етілетін маман­дар­ды даярлауға қажетті зама­на­уи қондырғылармен жа­рақ­тан­­дырылады, олар ма­ман­дықтар бойынша аймақ­тар­да құзыретті орта­лық­та­рына ай­налмақ. Сонымен қатар жо­ба шеңберінде WorldSkills (жұ­мыс­шы мамандықтарының мәр­те­бесін арттыру және шебер­лік дағ­дыларын дамытуды діт­тей­тін ха­лықаралық ком­мер­ция­лық емес қозғалыс) чемпио­наттарына қаты­сушылар үшін тренингтер өткізіледі.

Бүгінгі таңда мүдделі мемле­кет­тік органдардың, «Атамекен» ҰКП және жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарының қатысуымен Білім және ғылым министрлігі жанынан комиссия құрылған, Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау минис­тр­лі­гінің қатысуымен сұранысқа ие 100 қызмет көрсету және өн­дірістік мамандықтар/кәсіп­тер анықталған. Бұған қоса, «Кәс­іп­қор» КеАҚ негізінде «Жас маман» жобасына қатысатын колледждер мен университеттерді таңдаудың ашық­тығын қамтамасыз ету үшін ақ­параттық жүйе жасалды. «Атамекен» ғылыми-өндірістік кәсіпор­нымен бірлесе отырып, жаб­дықтардың тізімі түзілді. Жо­ба шеңберінде еңбек ресурс­тарын және қысқартылған кадр­ларды қайта даярлау, еңбек на­рығында танымал маман­дық­тар бойынша білікті кадр­лар­ды даярлау «100/200» қағи­да­ты негізінде жүзеге асырылады. «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру, қыс­қа мер­зім­ді кәсіптік оқыту бағы­тында ұйымдастыру және қаржы­лан­дыру ережесі бекітілді.

Осы арада айта кетейік, Ел­басы 2019 жылдың 23 қаң­та­рында Үкіметке 100/200 қа­ғи­даты бойынша «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді тап­сыр­ған-ды. Соның аясында 200 жаңғыртылған оқу орны базасында ең қажет индустриялды-сервистік 100 мамандық бойынша мама­ндар даярлау көзделеді. Үш жылға жоспарланған бағдарлама аясын­да индустриялдық әрі қыз­мет көрсету саласына қажетті 200 мың жасты оқытып шығу қарас­ты­рылып отыр. Айналып кел­генде бұл ел экономикасын шикізатқа тәуелді болудан арыл­туға әрі жас буынды заман көшінің алдыңғы шебіне шы­ға­руға мүмкіндік бермек.

«Жас маман» жобасы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ла­рының әкім­дік­те­рі арасында ынты­мақтастық ту­ралы меморандум жобасы жа­сал­ды.

Қағидалардың 99-тармағына сәйкес облыстық, қалалық тех­ни­ка­лық және кәсіби білім (ТжКБ) ұйымдары мен жабдықтарын таңдау бойынша өңірлік комиссиялар жұмыс істейді. Өтінім­дер мен құжаттарды ТжКБ ұйым­да­рынан білім саласындағы жергі­лік­ті атқарушы органдар, ал жоға­ры оқу орындарынан оператор қабылдайды. Осы жылдың 1-17 қазан аралығында өңірлік комиссиялар ТжКБ ұйымдарының өтініштерін жинады. Колледждер қазіргі таңда іріктеуден өтуде. Ал 25 қазанға дейін университеттерден өтініштер қабылданды. Осы жылдың соңына дейін таңдалған мамандықтар бойынша мамандар даярлайтын колледждер мен университеттерді іріктеуді аяқ­тау және сатып алынған жабдық­тар­дың тізімін жасау жоспарлануда. Колледждер мен университеттерге жабдықтар сатып алу 2020 жылы басталады.

 Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басымдыққа ие

Тағы бір айта кетер жайт, жас­тар­дың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арт­тыру мақсатында тиісті ми­нис­тр­лік «Жас жұмысшылар қауымдастығы» ҚБ-мен бірлесіп, жергілікті ортаны және жергілікті қауымдастықтарды (қалалар мен ауылдар деңгейінде) дамытуға бағытталған жергілікті жастар бастамаларын қолдау жобасын бастады. Жоба жастардың өмір­лік, әлеуметтік дағдыларын дамы­ту­ға, оларды әлеуметтік процестерге, әлеуметтік топтарға интеграциялауға, жастар мен жас­тар ұйымдарының жергілікті қауым­дастықтардың өміріне қатыс­уын арттыруға және т.б. бағыт­талған. Осы мақсатта әр облыста, қалада және ауылда жоба­ның әлеуетті қатысушылары ара­сында ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілді.

Jashome.org сайтында JasA! жобасы бойынша арнайы бейнеролик қазақ және орыс тілдерінде жасалып, БАҚ-та, теледидарда және әлеуметтік желілерде жарияланды. 2019 жылдың 10-20 шілдесі аралы­ғын­да бұқара­лық ақпарат құ­рал­дарында және әлеуметтік желі­лерде 20-дан астам жарияланымдар орналас­тырылды. Жоба бойынша 10 000 данаға арналған дизайнерлік брошюралар басылып шығарылды. Жоба туралы және аймақтағы жастарды конкурстық іріктеу бойынша кездесулер және «Жоба туралы ашық есік күндері» өткізілді. Кездесулер аймақтық жастар ресурстық орталықтары, колледждер, университеттер және т.б. базасында өтті.

Jashome.org сайтындағы ақпа­раттық-насихаттау жұ­мыс­тарының нәтижелері бойын­ша жобаға қатысу үшін жастар мен жұмысшылардың өтініш­терін онлайн қабылдау ұйым­дас­тырылды. Оған қатысуға волонтерлер, жастар ұйымдары, шығармашылық топтар мен жас­тар, әсіресе ауылдық жерлерден қыз-жігіттер шақырылады. Нәтижесінде конкурстық комиссия барлық аймақтардан әлеуетті қатысушыларды іріктеді. Рес­ми емес білім саласындағы ха­лықаралық және ұлттық сарапшылар 3 тренингтен тұра­тын оқу бағдарламаларын (жас жұмысшыларға арналған нұс­қау­лық) әзірледі және таратты. Мұндағы мақсат – жастардың дамуына ықпал ету; жастар бас­тамаларын ілгерілету. Оқыту бағдарламалары британдық және Беларусь жастарының жобасына негізделген. Осы білім беру іс-шараларының нәтижесінде қатысушылар шағын топтар құрды, қалалық және шығар­ма­шы­лық әлеуметтік жобаларды дайындады және оларды жүзеге асыруды бастады. Білім гранттары аясында жастардың бастамаларына тәлімгерлік қолдау көрсе­ті­леді. Нәтижесінде 5-7 адам­нан тұратын шағын топтар құрылды, олар грант ала алады.

Қорыта айтқанда, Жастар жы­лында атқарылған жұмыстар өте ауқымды. Дегенмен, олар арқы­лы қоғамдағы жастар мәсе­ле­сі түбегейлі шешімін табады деп айтпаймыз, бірақ бұл жүзеге асы­рылған шаралар жас буынды қолдау ісін ілгерілетіп қана қой­май, алдағы уақытта жас ұрпақ­ты қолдау, көтермелеу тұр­ғы­­сындағы игі қадамдарға кеңі­нен жол ашатынына сеніміміз мол.