• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Футбол 05 Қараша, 2019

«Астана» алты дүркін чемпион

212 рет
көрсетілді

Жексенбі күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 32-тур ойындары өтті. Бұған дейінгі ел біріншілігінде чемпион команданың аты Премьер-лиганың аяқталуына 3-4 тур қалғанда белгілі болып қоятын еді. Тартысқа толы болған биылғы маусымда жеңімпаз команда біріншілік аяқталуына бір тур қалғанда анықталды.

 

Соңғы турға дейін чемпион­дық­қа таласқан елорданың «Аста­на­сы» сырт алаңда «Тобыл­ды» жеңіп, алты дүркін ел чемпионы атанса, қатарлас өткен кездесуде елордалықтарды өкшелеп келе жатқан Алматының «Қайраты» Пав­лодарға қонаққа барып, «Ер­тіс» клубынан оңбай ұтылды. Сөйтіп маусым аяқталуға бір тур қалғанда «Қайрат» чемпиондық атақтан үмітін үзіп, қатарынан бесінші рет күміс жүлде иеленді. Премьер-лига ережесі бойынша чемпион команда анықталатын турларда барлық ойын бір уақытта бас­талады. Өйткені матчтар әртүр­лі уақытта басталып, ерте аяқ­­та­лып қойған ойынның есебі, ке­йін өтетін матчтың тағдырына әс­ер етпеуі керек. Мысалы, «Қай­рат» «Астанадан» бір сағат ер­те ойнап, «Ертістен» жеңіліп қалған болса, бір сағат кейін басталған «Тобыл» – «Астана» арасындағы кездесу тең есеппен аяқталуы да мүмкін еді.

Жалпы чемпионаттағы әр тур үш ұпай үшін болған соң матчтар тартысты өтеді. Бірақ чемпионаттағы ең тартысты тур осы – 32-тур болды деп айта аламыз. Өйткені бұл турдағы «Тобыл» – «Астана» матчы екі команда үшін де маңызды болды. «Тобыл» жеңіске жетсе, келесі жылы Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне жолдама беруші үшінші орынды иеленетін еді. Ал «Шахтер» мен «Қайрат» матчы айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ «Атырау» мен «Ордабасы», «Тараз» бен «Қайсар» арасындағы матч та бұл турдың маңызды ойын­­дары болып есептелді. «Аты­­рау» мен «Тараз» Премьер-ли­га­­да жан сақтап қалуды ойласа, «Ор­дабасы» үшінші орын үшін кү­ре­суде. Ал ұпай таратып жүрген «Қайсарға» бәрібір. Бірінші лигаға түсіп қалған «Ақтөбе» өз жанкүйерлерінің алдында жеңіл­мей, тек жеңіс үшін ойнайтыны белгілі. «Оқжетпес» пен «Жетісу» өздерінің жеке нәти­же­сін жақсарту үшін барын салары анық еді.

Сонымен ойындарға жеке-жеке тоқталып өтсек. «Тобыл» мен «Астана» арасындағы ойын­да қайсы бір команда басым бол­ды деп айта алмаймыз. Екі командада да гол соғатын бірне­ше мүмкіндік болды. Тек «Астана» ойыншылары өздеріне беріл­ген бір ғана мүмкіндікті тиім­ді пайдаланып, алаң иеле­рі­нен жеңісті жұлып алды. Жал­ғыз голдың авторы Юрий Логвиненко биыл «Астанаға» алтыншы чемпиондықты алып берді. Сондай-ақ ол өткен турда ағылшындық футболшы Уэйин Руни секілді қайшы әдісімен «Оқжетпес» қақпасына тамаша гол соғып, сол турда да командасына маңызды үш ұпай сыйлаған болатын.

Павлодарда өткен ойында шынын айту керек, «Қайраттың» жолы болмады. «Ертіс» қақпасына қанша шабуылдағанымен, доп қақпаға кірмей қойды. Жал­пы Алматының командасы «Ертіс­тен» соңғы рет 2002 жылғы чемпионаттың бірінші турында ірі есеппен жеңілген екен. Сол ойында «Ертіс» ойыншылары «Қайрат» қақпасына жауапсыз 4 гол соққан болатын. Міне, араға 17 жыл салып «Ертіс» 2002 жылғы рекордын жаңалап, 5:0 есебімен «Қайратты» ойсырата жеңді. Бір қызығы, бұл матчтағы бірінші голды «Астананың» «Ертісте» жалда жүрген ойыншысы Сұлтан Сағынаев соғып, есепті ашып берді. Екінші таймда Жереми Манзорро, Милош Стаменкович, Арман Кеңесов және Карлос Фонсека бір-бір голдан соқты.

32-тур ойындары басталмай тұрып, бейресми дереккөздердің мәліметі бойынша, егер «Ертіс» командасы «Қайратты» жеңетін болса «Астана» басшылығы Павлодар командасының ойын­шы­ларына 150 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беруге уәде етіпті-мыс. Ал «Қайрат» басшылығы «Тобыл» футболшыларына «Астананы» жеңетін болса дәл жоғарыдағыдай көлемде қаржылай сыйақы беретінін айтқан көрінеді. Онсыз да үшінші орын үшін таласқан «Тобылға» мұндай сыйақы қосымша күш бере алмады, ал Бі­рін­ші лигаға түсіп қалу қаупі бар «Ертіс» үшін «Ас­та­наның» ұсынысы павло­дарлық футболшыларды қамшы­лай түскен сияқты.

Үшінші орынға таласып жатқан Шымкенттің «Ордабасы» командасы сырт алаңда «Аты­рау» командасын 3:1 есебімен жеңіп, чемпионаттың қола жүл­десі үшін «Тобылмен» ара­дағы мәселені шешіп қой­ған­­дай. Өйткені келесі турда «Ор­да­ба­сы» тағы бір Премьер-лигадан шығып қалу қаупі бар «Тараз» командасымен ойнайды. Екі Оңтүстік командасына бір ұпай жеткілікті, екеуіне жеңіс те, жеңіліс те керек емес. Сондықтан «Ордабасы» биылғы үздік үштікті қорытындылады деп айта беруге болатын шығар.

Ал «Тараз» бұл турда Қызылорданың «Қайсар» коман­да­сымен ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Талдықорғанның «Жетісу» клубы Көкшетауда «Оқжетпес» командасымен 1:1 нәтижесімен тең түсті. Бұл кездесу осы турда ұпай үшін емес, өздерінің жеке кездесудегі көрсеткіштері үшін ғана ойнаған жалғыз матч болды. Сондай-ақ әлдеқашан Бірінші лигаға түсіп қалған «Ақтөбе» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, жанкүйерлеріне тамаша жеңіс сыйлады. Өйткені бұл «Ақтөбенің» өз алаңында ойнаған Премьер-лигадағы соңғы ойыны болатын. Тартысқа толы өткен матчта алаң иелері 3:2 есебімен қарсыластарынан басым түсті.

Сондай-ақ Бірінші лигада жеңімпаз атанған Петропавлдың «Қызылжар» командасы мен екінші орын иеленген Ақтаудың «Каспий» командасы келесі жылы Премьер-лигада ойнауға мүмкіндік алды.

Алдағы жексенбі күні чемпионат­тың соңғы 33-тур ойын­дары өтеді. Бұл турда «Астана» – «Ертіс», «Жетісу» – «Шахтер», «Қайрат» – «Атырау», «Қайсар» – «Оқжетпес», «Ордабасы» – «Тараз» және Тобыл» – «Ақтөбе» командалары кездеседі.