Беларусьтің Гродно қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Alexander Cup халықаралық турнирі қазақстандық спортшылар үшін сәтті өтуде. Жарыстың үшінші күнінде ерлер арасындағы бәсекеде Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ниджат Рахимовке тең келер қарсылас табылмады.
Келесі жылы Токиода өтетін Олимпия ойындарына жолдама беретін негізгі турнирдің бірі саналатын додада жарыс жолына 81 кило салмақта шыққан отандасымыз қос сайыс нәтижесі бойынша 344 кило (151+193) зілтемірді бағындырып, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ осы салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық спортшы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Уланов өзіне берілген үш мүмкіндікті пайдалана алмай, жарысты сәтсіз аяқтады.
Айта кетейік, бұған дейін Alexander Cup турнирінде қыздар арасындағы бәсекеде сынға түскен 71 салмақтағы Екатерина Быкова бас жүлдені жеңіп алған болса, турнирдің бірінші күнінде 55 килодағы тағы бір жерлесіміз Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленген-ді.