Қос тарап екі қала арасындағы сауда саттық, білім және мәдениет жайында сөз қозғады, деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз бөлімі.
Келген қонақтар 28 панфиловшы батырлар саябағындағы «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, қаһармандар рухына тағзым етті. Одан соң Әулие-Вознесенский кафедралдық шіркеуіне барды. Ізін ала делегация өкілдері Алматыдағы индустриалды аймаққа аттанды. Онда картридж шығаратын отандық зауыттың жұмысымен танысты. Ал түстен кейін шетелдік меймандар Алматыдағы ұлттық кітапханаға 10-нан астам соғыс жылдарындағы, қазақстандықтардың ерең еңбегін сипаттайтын туындыларды табыстады.
«Делегация құрамында іскерлік қауымдастық өкілдері, қаланың басшылық құрамы, мәдениет өкілдері бар. Біз іссапар аясында қала басшысымен кездесіп, болашаққа жоспар құрып, кейбір мәселелерді талқылауға келдік. Ертең де білім беру саласы, мәдениет, құрылыс, өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту секілді мәселелерді қарау күндік жоспарда тұр. Бірқатар келіссөздерге де қол қоямыз», деді Санкт-Петербург қаласы Сыртқы байланыс комитеті төрағасының орынбасары Андрей Хлутков.
Айта кетейік, қонақтар ертең де білім ошақтарына, Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайы мен Ықылас атындағы халық аспаптар музейіне барады.