• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қараша, 2019

Әлеуеті артқан Атырау

237 рет
көрсетілді

Тұтас елдің дамуы өңірлердің өркендеуінен көрінеді деген қағидаға сүйенер болсақ, Атырау аймағының алған асуы да, абыройы да биік. Биылғы тоғыз айдың өзінде облыстағы жалпы өңірлік өнім көлемі 106, 3 пайызға жетті. Өнеркәсіптік өнім көлемінде де өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біраз алға ілгерілеушілік байқалады. Мұнай-газ өндіруде, негізгі капиталға салынған инвестицияларда, құрылыс жұмыстарында, жалпы қай саланы алып қарасақ та, жақсы жетістіктердің бары – Елбасы мен Президент жүктеген тапсырмалардың аясында өңірде өрісті істердің жүзеге асып жатқанының көрінісі. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты мәлімет берді.

Ел игілігін еселейтін шағын және орта бизнесті қолдауға ба­ғыт­талған шаралардың нәти­же­сінде Атырауда кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді. Бүгінде осы салада еңбек ететін субъектілер саны 50 мыңға жақындады. Өткен тоғыз айда 1 трлн 362 млрд теңгенің өнімі шығарылды. «Кә­сіп­керлікті қолдау аясында 35 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл бас­тамалар іске қосылғанда 3 889 жаңа жұмыс орны ашылады. Индустрияландыру картасы бо­йынша Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру, интеграцияланған газ-хи­мия кешенінің екі кезеңінің құ­ры­лыс жұмыстары жоспарға сай атқарылуда», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Аймақта ауыл шаруашылығы саласы жыл са­йын жаңа жобалармен толығады. Бұл өз кезегінде төрт түлік мал басының өсіміне оң ықпалын ти­гі­зіп отыр. Биыл 8 933 га алқапқа егін егілді. Оның 31 па­йызына тамшылатып суару әдісі қол­данылады.

Президент халыққа Жол­дау­ын­да: «Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек», деді. Мемлекет бас­шысының осы тапсырмасы аясында мұнайлы аймақта қолға алынған бастамалар туралы айтқан Нұрлан Ноғаев «Іскер ана» жобасына айрықша тоқталды. Сәуір айында бастау алған жобаға облыстың 900-ден астам тұрғыны қатысқан. «Аты­рау облысында халықтың әлеу­меттік тұрғыдан әлсіз тобын қолдауға ерекше назар ауда­рылып отыр. «Іскер ана» экс­клюзивті жобасы көп балалы аналарды, жалғызбасты, мүге­дек бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасындағы ана­ларды бейінді оқытуға, өз істе­рін ашуға, істерін кеңейтуге бағытталған. Қатысушылар он маман­дық негізінде білім алды, сонымен қатар ағылшын тілі, компью­терлік сауаттылық, интернет-сауда бойынша да арнайы сабақтар өткізілді», деді аймақ басшысы. Бейінді курстардың 319 үздік түлегі заттай грант иеленген. «Жоба аясында алыстағы ауыл­дарда тұратын әйелдер, «Жу­сан» арнайы операциясы ая­сында елге депортацияланған көп балалы жалғызбасты 5 ана да білім алды. Қазір жобаның көп­те­ген қатысушылары жаңа кәсіп меңгеріп, өз бизнестерін ашып отыр», деп атап өтті облыс әкімі.

Әлеуметтік жаңғырудың жа­ңа кезеңі Атырау өңірінде де бірқатар мәселелердің оң ше­шім табуына мүмкіндік берді. Қа­зір аймақта 6 729 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Жұ­мыс­сыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Биыл 15 420 жұмыс орнын құру жос­парланған, бүгінге дейін 17 201 жұмыс орны құрылып, меже артығымен орындалды. 749 отбасы тұрғын үй көмегін алып отыр.

Білім беру, денсаулық сақтау салаларында да жоғары көрсет­кіш­тер бар. Әкімдік тарапынан жүр­гізіліп келе жатқан жүйе жұ­мыс­тардың нәтижесінде қазір облыста маман тапшылығы азайды. Мысалы, 2016 жылы 160 медицина маманы керек болса, қазір бұл көрсеткіш 30 ғана. Жыл сайын облыс әкімдігі тарапынан өңірге қажет мамандықтар бойынша мектеп түлектеріне оқу гранттары беріледі. Биыл бөлінген 231 гранттың 53-і медицина саласына арналды. Қазір атыраулық 56 жас медицина мамандығында бакалаврда, 48 жас резидентурада облыстық бюджет есебінен білім алуда. «Алдағы уақытта маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешеміз», – деп сеніммен айтты Нұрлан Ноғаев.

 Жайық пен балық жайында...

Өт­кен жылдың соңында Аты­­рау­дағы Жайық өзенінде жа­п­пай балық қырылды. Су мар­жандарының ендігі халіне алаңдаған көпшіліктің көкейін­де­гі сауалға жауап берген аймақ басшысы: «Соған қарамастан, жақсы нәтижелер бар», деді. 2017 жылы Жайық, Қиғаш өзендеріндегі балық өтетін арналардың түп­те­рін тереңдету жұмыстары бас­тал­ған болатын. «Су көлемін және гидрогеологиялық режімді арт­тыру жобалары балықтардың кедергісіз өтуіне, балық қорын сақ­тауға, мекендеуіне және та­би­­ғи өсіміне қолайлы жағдай жасау­ға бағытталған, деп атап өтті аймақ басшысы. – Жайық өзенінің түбін тереңдету жұ­мыс­тарына республикалық бюд­жеттен 2 151 млн теңге бө­лін­ген. Қиғаш өзенінің де түбі терең­детілді. Балық аулайтын өнді­рістік кооперативтер жыл ба­сынан бері белгіленген лимит аясында 6 555 тонна балық аулады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4038 тонна болған еді. Бұл жүргізілген түп тереңдету жұмыстарының оң нәтиже көрсеткенін аңғартады, соның арқасында балықтардың өзенге уылдырық шашуға өтуі жақсарды, су қоймасында балық қоры сақталды», деді әкім.

Тағы бір жайт – экология төңі­регінде. Облыс орта­лы­ғын­да­ғы кәріз суын тазарту кешені 1978 жылы пайдалануға берілген және сол уақыттан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Бұл өз кезегінде қоршаған орта­ға ғана емес, тұрғындардың ден­сау­лығына да кері әсерін тигізіп отыр. Осы олқылықты жою мақса­тында Атыраудың оң жақ жаға­лауында кәріз суын тазарту кеше­ні құрылысының ЖСҚ дайын­да­луда. Сол жақ жағалаудағы кәріз суын тазарту ғимаратының құры­лы­сы 2020 жылы аяқталады. «Кә­різ сулары булану алаңына ешқандай тазартудан өтпестен құйылды, экологияға өлшеусіз залал келтірді. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін қазіргі қолда­ныс­тағы «Сасықсай» жабылады, бұл алаң бірнеше жылдардан бері тұрғындар тарапынан шағым туғызып келген еді. Кәріз суын тазар­ту кешені пайдалануға бе­ріл­­геннен кейін ақпасу ағыны булану алаңына келгенше тазар­ту­дың толық сатысынан өтеді. Сол арқылы жерасты суы, топырақ, атмосфералық ауа да тазарады. Бізде Атыраудың экологиясын жақсартуға арналған нақты жос­пар бар. Алдыңғы кезекте – бұған дейін Атырауда болмаған кәріз суын тазарту кешенін іске қосу», деді Нұрлан Ноғаев.

Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту – жергілікті атқа­ру­шы органдардың міндеті. Осы­ған байланысты зиянды зат­тар­дың атмосфераға түсуіне мониторинг жүргізу назарға алынып отыр. Жергілікті бюджеттен өлшеу құралдарын, автозертхана алуға 172 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыс аумағында ауа райына бақылау жүргізетін 45 стан­са жұмыс істейді. Облыс әкімдігі «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы аясында алматылық «Экосервис-С» ком­паниясымен бірлесіп ауа сапа­сына онлайн мониторинг жүр­гізу жүйесін іске қосуды қарас­тырып жатыр. Мәліметтер геоақпараттық порталда және қала көшелеріндегі LED-экран­дар­да көрсетіліп тұратын болады.

 Жолдың «жыры» жақында аяқталады

Елбасы 2018 жылы Атырауға келген сапарында өткізген жиналыста «Ақтөбе – Атырау – Астра­хань» тас жолының құры­лы­сын бастау жөнінде тапсырма берген еді. «Оған дейін қаржыландыруға байланысты проблемалар болып, құрылыстың басталуына кедергі келтірді. Нұрсұлтан Әбішұлының аймақ тұрғындарының тілегін тыңдағанының арқасында, Елба­сы­ның тікелей тапсырмасынан кейін барлық рәсімдік шаралар жолға қойылып, жұмыс бас­талды. Бұл жолдың жағдайы ешқандай сын көтермейді, жол-көлік оқиғалары жиі болады», деді аймақ басшысы. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жоба жалпы ұзындығы 432 шақырым болатын «Ақтөбе – Атырау – Астра­хань, РФ шекарасы» жолын қалпына келтіруге арналған. Қазір Атырау – Астрахань бағы­тын­да 60 шақырымға жөндеу жұ­мысы жүруде.

Жол демекші, Атырау – елімізде Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан кейін қоғамдық көлік­те жолақы төлеуді диффе­рен­цияланған тарифке және электрондық билеттеу жүйесіне көшірген үшінші қала. «Өткен жылдың қазан айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында Атырауда электрондық билеттеу жүйесі қанатқақты жобасы енгізілді. 11 қазанда жол ақысын төлеу жүйе­сін электронды түрге ауыстыру үшін дифференцияланған тариф іске қосылды. Қазір қоғамдық көліктегі жол ақысын төлеу 85% электронды түрде жүргізіледі деп сеніммен айтуға болады», деді әкім. Аймақта қоғамдық көлік қатынасын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асып жатыр. Бағдарлама ая­сын­да 160 жаңа автобус алынды, бұл жұмыс келер жылы да жалғасады.

 Тілекті «telegram» жеткізеді

Президент халыққа Жол­да­у­ын­да заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнауы керек екенін айтты. Атырау аймағында бұл бағытта да қолға алынған игі істер бар. Мемлекеттік органдардың ашық­ты­ғын айқындау үшін әлеуметтік желілер қолданылады. Облыс әкімдігінің Tеlegram желісінде арнайы парақшасы ашылып, оған 13 мыңнан астам облыс тұрғыны тіркелді. Жыл басынан бері азаматтардан 9 мыңнан астам сауал түсті. «Атырау цифр­лық қабылдау» мобильді қо­сым­­шасында 5 мыңға жуық тұр­ғын тіркеліп, 2 мыңнан ас­там сауал түскен. Әкімдік Мем­­­лекет басшысының тапсыр­ма­ларын орындай отырып, кері байланыстың жаңа әдіс-тә­сіл­де­рін енгізуде. «2019 жылдың ақпанынан бас­тап мемлекеттік органдардың бірін­ші басшылары әлеуметтік желі­лерде, Facebook, Instagram желілеріндегі әкімдік аккаунттарында тікелей бай­ла­ныс­қа шығып, онлайн режімде сауалдарға жауап береді. Биыл­­ғы ақпан айынан бері 70 тіке­лей эфир өтіп, 77 мың аймақ тұрғынын қамтыды, 6700 сауал қойылды. Біз бұл идеяны Канада Премьер-министрі Джастин Трюдодан алдық, ол әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер арқы­лы тұрғындардың сауалдарына жауап береді, біз осы тиімді әдісті өзімізге енгізгіміз келді», деді Нұрлан Ноғаев.

Бүгінгі Атырау – дәулеті мен сәулеті қатар көркейіп келе жатқан, өмір сүруге қолайлы аймақ. Елбасы мен Президент тапсырмаларының табысты іске асуына қажетті мүмкіндіктің бәрі бар мекенде бақыт тұрақтары кәміл. Оны алысқа бармай-ақ, жүзі жарқын халқының ашық қабағынан да аңғаруға болады. Ал халқы бақытты елдің болашағы да баянды.