• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қараша, 2019

Күрең күздегі қызықты лагерь

464 рет
көрсетілді

Бурабай баурайындағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында күзгі маусымда алғаш рет «қиын» балалармен тәрбие жұмысы жүргізілуде.

Күзгі лагерьге облыстағы білім ошақ­та­­рынан 50 бала іріктеліп алынған екен. Барлығы бірдей қиын балалар емес, арасында белсенді әрі үздік оқушылар да бар. Мамандар арнайы жоспарлы жұмыстарын жүргізіп, балалардың уақытын пайдалы әрі қызықты өткізуде.

– Күзгі маусымда түрлі құқық бұзу­шы­лық­тар жасаған жасөс­пі­рім­дер­мен жұмыс жүргізу үшін балаларды жинадық. Менің ойымша, жұмыстың мұндай бағыты, яғни жаңа форматы тиімді болмақ. Тәрбиенің нәтижелі болуы, олардың тілінде сөйлеп, қызығу­шы­лықтарын білу, – дейді облыс­тық кәмелетке толмағандардың ісі жө­ніндегі маман­дандырылған ауданара­лық соты­ның төрайымы Айсұлу Жұматова.

Жастардың барлық санатын қол­дау­ға арналған шараларды толық қам­ти­тын әлеуметтік сатының ауқымды плат­форма­сын қалыптастыру қажет екені белгілі. Биыл – Жастар жылы. Осы жыл­дың шарапаты да аз емес. Облыста атқа­рылып жатқан жұмыстардың негіз­гі бағыт­тарының бірі балалардың құқық­тары мен заңды мүд­де­лерін қор­ғау және олардың өмір сүру сапасын жақ­­сарту.

– Кәмелеттік жасқа жетпеген жасөс­пірімдер арасындағы құқық бұзушы­лық­тың алдын алу мақсатында күзгі демалыс кезінде алғаш рет лагерь ұйымдастыруды ұйғардық. «Балалық шақтың планетасы» деп аталады. Мақсатымыз демалыс уақытында ба­ла­лармен көбірек жұмыс істеу, – дей­ді облыстық білім басқар­ма­сы бас­­шысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова.

Балалармен арнайы мамандар түрлі тренингтер өткізуде. Сонымен қатар ба­ла­ларға арналған жобалар, форумдар және іс-шаралар арқылы оқушылар өз пікірлерін ортаға салып, жан-жақты дамуға мүмкіндік алып отыр.

– Маған күзгі лагерьге барасың де­­генде қатты қуандым. Бұл жерде уа­­қытты өте көңілді өткізудеміз, – дей­ді Көкшетау қа­­­­­­­ла­сындағы №16 ор­та мек­теп­тің оқушысы Александр Стра­бы­кин.

Қиын балалармен жұмыс істеу де оңай емес. Әйтсе де бұрынғы жаттанды жұмысқа қарағанда, тыңға салған соқпақ тиімді бола ма деген үміт мол.

 

Ақмола облысы