Ел ерлерін ескеретін тәуелсіздік заманы туғалы қазақ елінің жер-жерінде, ел-елінде небір ескерткіштер соғылып, тұрғызылды. Қазақтың ұлы ханы Абылайдан бастап, өзге де хандар мен би-сұлтандарға, батырларға тұрғызылған ескерткіштерді көргеніңізде, көңіліңіздің өсіп сала берері бар. Бұған қоса Алаш қайраткерлері және қазақ әдебиеті мен өнерінің тұлғаларына, жиырмасыншы ғасырдың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының батырларының бәріне бірдей болмаса да, кейбіреулерінің де ескерткіштері әр аймақта бой көтерді. Бәрекелді дейміз! Кезінде өзіміз де Сенат депутаты болып жүрген жылдары Үкіметке сауал сала жүріп, Көкшетау қаласында Мәлік Ғабдуллинге ескерткіш тұрғызылуы сияқты абыройлы істің басы-қасында жүрдік.
Қазір де Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның бір мүшесі ретінде осы реттегі жұмыс аясында өз ойымызды айтып, пікірімізді білдіріп келеміз. Осы күндері қазақтың белгілі тұлғаларына ескерткіш қоюдан Атырау, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының белсенділігі анық байқалады.Осы өңірлерден комиссияға бәрінен көп ұсыныс түсіп жатады. Сүйсінерлік және құптарлық жайт бұл!
Міне, осы бір сүйсінерлік игі істің тасасында тұрған кейбір жайларды да ортаға салсақ деп отырмыз. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта қазаққа ежелден ортақ болып келген тұлғаларға тек қана өз туған өңірлерінде ғана ескерткіштер қою етек алып барады. Осы орайда комиссияның кезекті бір отырысында мына бір мәселені ортаға салуға мәжбүр болдық. Біз, солтүстіктің қазағы, бала күнімізде батысты ең әуелі Құрманғазының күйімен, Ғарифолла Құрманғалиевтің үнімен танып өсіп едік. Қазаққа Абай да, Шоқан да, Ақан сері де, Исатай мен Махамбет те, Сәкен, Ілияс, Бейімбет те, Мұхтар да, Жамбыл да, Қаныш та, Бауыржан да, Мәншүк те, Әлия да, Мәлік те ортақ тұлғалар болатын. Ал енді ежелден халқымыз үшін ортақ болып келген тұлғаларға қазіргі жағдайда ескерткіштер тек қана туған өңірлерінде ғана тұрғызылуының жайы ортақ ел мүддесі тұрғысынан ойландыра түседі. Әрине ерлер мен тұлғаларға құрмет көрсету ең әуелі олардың өз туған жерлерінде басталғаны да абзал. Бұған қарсылық жоқ. Дегенмен бұл біздің қанымызға сіңген жершілдік ғадетінің тұсауынан әлі де босай алмай келе жатқанымызды көрсетпей ме деген ойдың да мазалап жүргендігі жасырын емес. Міне, осы ойымды айттым!
Қазақстанның солтүстік өңірлерінде Ұлы даланың және қазақтың ұлы тұлғаларына қойылған ескерткіштер саусақпен санарлық қана екендігі анық жай. Бұл осы өңірлерде ниеттің жоқтығынан емес, сол ескерткіштерді қоюға қажетті қаржының да қол байлап отырғандығы бар. Қаржы болса да кей жағдайда құлықтың жоқтығы да байқалады. Сонымен бірге әлі де «өзгелер не дер екен, өзгелерді ренжітіп алмаймыз ба?» деген жалтақтық, тіпті әлдебір жасқаншақтық та жоқ емес. Қазақ елінің мұнайлы аймақтарында ниетпен бірге, қаржы да бар екендігі басы ашық мәселе.
Қазір осы ескерткіш қоюды да науқаншылдық пен бәсекелестікке айналдырып бара жатқандай ахуал қалыптасып бара ма деп те алаңдаймыз. Тіпті Социалистік Еңбек Ерлеріне, еңбек ардагерлеріне, соғысқа қатысып, сол майданнан аман келіп, туған елінде өмір сүріп жатқандарға да, әлдебір ауданның құрметті азаматы атағы барға да, партия комитеттерінің хатшылары, совхоз директорлары болғандарға да бюст қою етек ала бастады. Әсіресе бұл орайда қолында билігі мен қаржысы барлар өздерінің әкелері мен аталарына бюст қоюды да жандандыра түскендей болып отыр.
Кезінде, жер-су атауларын қалпына келтіру кезінде тағы да сол ықпалы мен қаржысы барлар өз дегендерін жасаған да болатын. Бұл жайлы «Егемен Қазақстан» газетінде дер уағында «Атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» атты мақала жарияланып, бұл жағдайда бір тәртіп орнаған да болғандай еді. Біз бұл арада өткенге және сол өткен кезеңнің адамдарына топырақ шашудан аулақпыз. Тереңінен ойлар болсақ, кез келген ауылда еңбектің де, соғыстың да ардагерлері көп болды ғой! Қазақстанда қазіргі есеп бойынша екі миллионға жуық зейнеткер бар болса, солардың бәрі де еңбектің ардагерлері емес пе? Қайсысының елге еңбегі сіңбепті? Солардың барлығына бірдей әр ауылға, әр қалаға бюст қойып шықсақ, елді мекендеріміз молаға айналып кетпес пе екен? Және де сол бюст сол ардагерлерге түгел қойыла ма? Біреудің бюст қойғызуға жағдайы бар да, біреуде мүмкіндік жоқ дегендей.
Осы арада кімге ескерткіш, кімге бюст қою мәселесін ендігі арада Үкіметтік деңгейде шешу керек және мұның нақтылы бір ережесі мен тәртібі болғаны да жөн. Кімге және қай жерге ескерткіш қою керектігіне де Үкімет жанындағы арнайы комиссия ұсынысы болғаны абзал. Бізде қазір ескерткіш қою мәселесі жергілікті жерлердің иелігінде қалған сыңайлы. Әрине әр өңірдің басшылары ең әуелі өзі басшылық етіп отырған елдің халқына жағу үшін де сол өңірдің қайраткерлеріне ескерткіш соғуға мүдделі. Мәселен, Кеңес Одағы кезінде Социалистік Еңбек Ері атағын екі мәрте алғандарға ғана өз туған жеріне бюстін қою арнайы қаулымен шешілетін еді. Біз осындай мәселені қазір қаулымен емес, қаржымен шешуге кірісіп кеткендейміз. Осы орайда жеке бір әулеттің, болмаса жеке бір рудың қорын құрып алып, сол қорға түскен қаржы есебінен өз руластарын түгендеп, ескерткіштер мен бюстер қою дерті де жоқ емес, бар.
Қазіргі жағдайда осы ең әуелі ескерткіштерді түгендеу, солардың есебін жүргізу қажет. Мысалы, Абылай хан мен Абайдың, тағы да өзге тұлғалардың Қазақстанда қанша ескерткіші бар, олар қай жерлерде орнатылған? Сонымен бірге астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында, республикалық маңызы бар ірі қалаларда, облыс орталықтарында, аудандар мен елді мекендерде ескерткіштер кімдерге қойылу керектігін де айқындап алған абзал болар еді. Біздіңше, Нұр-Сұлтан қаласында ең әуелі біреуі атылып, біреуі айдалып кеткен және де қазақ жерінен бір уыс топырақ та бұйырмаған Алаш қайраткерлеріне ескерткіш қоюдың реті бар ғой деп ойлаймыз.
Ескерткіш – елдіктің белгісі. Олай болса, талғамсыз және де бір стильде соғылған ескерткіштерді көбейте бергенше, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі биік абыройы мен елдігіне сай және де әлемдік деңгейдегі монументалды өнер туындысы боларлықтай дүниелер жасаған абзал.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі
КӨКШЕТАУ