Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) ұлттық-мәдени орталықтарының «АӨСШК кеңістігіндегі азаматтық қоғам: жағдайы және даму перспективалары» атты азаматтық форумы өтті.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, АӨСШК Хатшылығы атқарушы директорының өкілі Дармендра Сингх, Парламент депутаттары, АӨСШК-ге мүше елдер, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, танымал қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Форум аясында «Қоғамдық келісімді нығайтудағы азаматтық қоғамның рөлі. АӨСШК елдерінің тәжірибесі» пленарлық отырысы, «Азаматтық қоғамды дамытудың келешегі» және «Жастар және азаматтық қоғамдағы байланыс механизмдері» панельді секциялары, Азаматтық қоғам дамуының концепциясы жобасының таныстырылымы, АӨСШК-ге мүше елдердің «Азиядағы сенім мен ынтымақтастықтың ұлттық көрінісі» атты фотожұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.
Бұрынғы Парламент ғимаратында өткен шараны ашқан Жансейіт Түймебаев бір кездері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында негізін қалауды ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің құрылғанына биыл 27 жыл толғанын хабарлады.
«Бүгінде АӨСШК құрамына 27 мемлекет, 8 бақылаушы ел және 5 халықаралық ұйым кіреді. Кеңес жұмыс істеген жылдары Азия құрлығында сенім мен ынтымақтастықты ілгерілетудің маңызды тетіктерінің бірі екенін толық дәлелдеді.
АӨСШК алаңы – мүше мемлекеттер үшін әлемдік саясаттың өзекті мәселелерінің барлық спектрі бойынша бірыңғай тәсілдерді дер кезінде әзірлеу мүмкіндігі. Халықаралық құқық принциптері бүкіл әлем бойынша айтарлықтай эрозияға ұшыраса да, Азия тәртіпке, заңдылық пен сенімге ұмтылудың айрықша үлгісін көрсетеді.
АӨСШК жұмысының практикалық нәтижелері 2002 жылғы маусымда Алматы қаласында өткен Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде көрініс тапты. Сол кезде Үндістан мен Пәкістан АӨСШК алаңдарында бейбітшілікті сақтау жөніндегі күрделі диалогқа қайта орала алды. Сирия мәселелері бойынша өткен Астана процесі, Иранның ядролық бағдарламасын талқылау, Ресей-Түркия қатынастарын қалыпқа келтіруге үлес қосу – барлығы АӨСШК-нің маңыздылығы мен бірегейлігін көрсетеді», деді Жансейіт Түймебаев.
Одан кейін аталған кеңестің халықаралық мәселелерді шешуге, көпвекторлы саясатты насихаттауға қосқан үлесі туралы Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Имтиаз Ахмад Кази, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшісі Жээнбек Кулубаев, Тәжікстанның Қазақстандағы елшісі Хайрулло Ибодзода баяндама жасады. Ал пленарлық отырыстан кейін қатысушылар «Азаматтық қоғамды дамыту мүмкіндіктері», «Азаматтық қоғам жастары мен байланыс механизмдері» тақырыбында ой қозғап, пікірлерімен бөлісті.