«Денсаулық» медициналық пойызы Қызылорда облысының 12 стансасы бойынша өз жұмысын аяқтады. Пойыз дәрігерлері жергілікті тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетіп, бірқатар күрделі ауруларды анықтап, одан әрі емделу мен тексерілуге жолдамалар берді.
Қазір медициналық пойыз Түркістан облысында жұмысын жалғастырып жатыр.
Дәрігерлер Қазақстанның әр аймағында экологияға және аймақтық ерекшеліктерге байланысты спецификалық проблемалы жағдайларды анықтауда. Балалар мен ересектердің арасында анықталған аурулар сан жағынан да ауру дәрежесінің күрделілік деңгейі жағынан да өскені байқалады. Жиі кездескен аурулар қатарында қант диабеті, гипертензия, ревматоидты артрит және онкологтың қабылдауында пациенттердің барлығында дерлік мастопатия белгілері анықталды.
Қызылорда облысындағы медициналық тексеру барысында дәрігерлер барлығы 10 393 науқасты қабылдаса, олардың ішінде 554 бала бар.
Медициналық пойыз кішігірім хирургиялық операциялар мен скринингтер жасау үшін қажетті құралдармен жабдықталған. Осылайша, пойызда 312 шағын хирургиялық ота жасалды, 610 ЭКГ процедурасы, 617 УДЗ және 199 флюрография жасалды.
Қызылорда облысында тұрғындар ең көп барған офтальмолог 805 адам қабылдаса, стоматолог 705 тұрғынды тексерді. Сондай-ақ 610 адам кардиологтың, 705 тұрғын ЛОР дәрігердің және 668 тұрғын уролог дәрігердің қабылдауында болған.
«Үздіксіз қайталанатын эпилепсия ауруы бар бір бала «Ақсай» Республикалық балалар ауруханасына жатқызылды. Ең көп таралған патология – темір тапшылығы анемиясы, балалардың 80%-ында тіс жегісі бар, балаларда ғана емес, ересектерде де кездеседі», дейді педиатр, медицина ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар аурулары кафедрасының профессоры Татьяна Имамбаева.
Медициналық пойыз мамандардың кең спектрімен жұмыс істейтін клиникалары жоқ елдің шалғай аудандарында тегін медициналық көмек көрсетеді. Тұрғындар пойыз дәрігерлеріне емделуге, тексеруден өтіп, денсаулықты сақтау бойынша кеңестері үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп жатыр. Көптеген пациенттер ақысыз және сапалы медициналық көмек алу үшін медициналық пойызды асыға күтетіндерін айтады.
«Денсаулық» пойызы біздің Бекбауыл бекетіне келді. Мен барлық дәрігерлердің қабылдауында болдым. Дәрігерлердің қабылдауы мен тексеруі өте жоғары деңгейде. Қысқаша айтқанда, дәрігерлердің көмегіне өте ризамын. Оларға алдағы жұмыстарына табыс тілегім келеді», деді Бекбауыл бекетінің тұрғыны Тоғжан Жүсіпова.
Естеріңізге сала кетсек, жоба 29 сәуірден бастап жүзеге асырылып келеді және оның басты мақсаты – еліміздің шалғай аудан тұрғындарын тегін медициналық қызметпен қамту. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігінің атсалысуымен жүзеге асырып жатыр.
2019 жылдың 20 тамызында «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылған болатын. Ол «Денсаулық» пойызы сияқты медициналық көмекке қолы жетпейтін шалғайдағы стансалар мен жақын орналасқан ауылдардың тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетеді. Екі пойыздың іске қосылу уақытынан бастап барлығы 50 мыңнан астам адам тексерістен өткен.
Пойыз вагондары неміс және жапон өндірісінің алдыңғы қатарлы фирмаларының заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар жасауға, рентгенография және флюорографиядан өтуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ-зерттеулер жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Пойыз кестесімен www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru ресми сайттарында таныса аласыздар.