• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Технология 07 Қараша, 2019

Құм қойнауындағы қазына

355 рет
көрсетілді

«Амангелді» газ кенішінің іске қосылғанына биыл 16 жыл толады. Талас пен Мойынқұм аудандарының ортасында, облыс орталығынан 190 шақырым қашықта орналасқан бұл өндірістің аумағы бүгінде шағын қалашыққа да айналып үлгерді.

Кеніш жұмысшылары вахта­лық әдіспен жұмыс істейді. Олар­дың жұмыс істеуіне, демалуына, спортпен шұғылдануына барлық қолайлы жағдай жасалынған.

Жал­пы «Амангелді газ» ЖШС – «Қаз­ТрансГаз» оператор.

Бү­гінде оның құрамында Та­лас ауданына қарасты «Аман­гел­ді», «Жарқұм», «Айрақты» аталатын үш бірдей кен орны бар. Барлығы 47 ұңғының 37-сі жұмыс істеп тұр, 3-еуі бұрғыланған, 2-еуі бұрғылану сатысында, 3-еуіне гео­логиялық зерттеу жүр­гі­зіліп жа­тыр.

Биыл қаңтар-маусым айла­рын­да Талас ауданындағы өнер­кәсіп өндірісі өнімдерінің қаржы­лай көлемі 12101, 8 миллион теңгені құраса, оның 36 пайызы аталған газ кенішінің үлесіне тие­сілі. Нақтылай айтқанда, есеп­ті кезеңде мұнда 118,2 миллион текше метр табиғи газ бен 5,6 мың тонна газ конденсаты өндірілді. Бұл ақшаға шаққанда – 4404,05 миллион теңге.

Айта кетейік, 2006 және 2010 жылдардағы қайта есептеуден кейін кеніш аумағы 2025,53 шаршы километрді құраған еді. Кен орындарының ішінде «Амангелді» – 56,85, «Жарқұм» – 26,78, «Айрақты» – 169,89, «Анабай-Малдыбай» – 274,41, «Құмырлы-Қосқұдық» – 241,85, «Бархан-Сұлтанқұдық» – 642,54, «Кемпіртөбе» – 228,94, «Үшарал-Солтүстік Үшарал» – 384,17 шаршы километр аумақты қам­ти­ды. Аймақтағы жалпы бекі­тілген геологиялық газ қорының көле­мі 47575,0 миллион текше метр­ді құрайды. Оның ішінде көмір­сутек газы – 31706,3, азот – 15457 гелий – 55,085 миллион текше метр көлемінде. Ең ірі әрі жан-жақты зерттелген «Амангелді» кен орнында 2006 жылы жүргізілген қайта есептеу­ден кейін көмірсутек газының жалпы геологиялық қоры 25021,0 миллион текше метрге ұлғайды.

Осы ретте «Амангелдіден» өн­ді­рілген газ төртінші «мил­лиард­­­тық межеге» (4,8 миллиард текше метр табиғи газ) жетке­нін айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда мұндағы тәуліктік орташа газ өнімділігі 820,5 мың текше метр, газ конденсатының өнімділігі 50,4 тонна көлемінде.

1979 жылы ашылған «Ай­рақ­­ты» кен орнының газ қоры 9-10 миллиард текше метрді құрайды деп болжанған. Үшінші ке­зекте пайдаланылуға берілген «Жар­құм­да» да көгілдір отын өндіру ісі қызу жүріп жатыр.

Кеніш аудан ғана емес, бү­кіл аймақ тұрғындарын көгіл­дір отынмен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде мұнда 140 адам жұмыс істеуде. Вахталық кентте тұр­ғын жайлар, асхана, меди­ци­нал­ық пункт, кір жуатын бөл­ме, қоймалар, мәдениет-спорт ке­шені, арнайы техникалардың жылы жайлары, қазандық және басқа да нысандар орналасқан. Электрмен жабдықтау ЖЭС тарапынан қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар автономды қуат көзі де бар. Жылу табиғи газбен жұмыс істейтін қазандық арқылы беріледі.

– «Амангелді газ» ЖШС-нің бір өзі 2016 жылы – 278, 3, 2017 жылы – 143, 4, 2018 жылы – 160, 5 миллион теңге салық төлеп, аудан қазынасының қоржынын едәуір байытуға септескен. Ал биылғы қаңтар-маусым айлары аралығында бюджетке 194, 6 миллион теңге салық аударды, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.

«Амангелді» кен орны – Үкі­мет­тің тапсырмасымен іске асы­рылған әлеуметтік маңызы зор жобалардың бірі. Ол өңірі­міз­дің газ үшін Өзбекстанға тәуел­ді болмауына да септесті. Бүгін­де өңірде қаншама елді мекен осы көгілдір отынның игілігін көріп отыр десеңізші! Құмдағы айтулы кеніштің бір буыны – «Амангелді» газ өңдеу зауыты» жобасы еліміздің индустриялық-инно­вациялық дамуының алғаш­қы бесжылдығы кезеңінде жүзеге асырылғаны да белгілі. Аймақты индустрияландырудың алғашқы қарлығаштарының бірі де осы.

Қысқасы, құм қойнындағы қазы­намыздың қоры мол-ақ. Жаңа кен орындары кезең-кезеңі­мен игеріліп, өндірілген өнімі ел игілі­гі­не ұсыныла да беретін болады.

 

Баймаханбет АХМЕТ,

журналист

 

Жамбыл облысы,

Талас ауданы